Астана қаласында Білім және ғылым министрінің қатысуымен 2018 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Жыл сайын өткізілетін конкурсқа республикамыздың 80 жоғары оқу орнынан 481 үміткер қатысты.
Еліміздің 43 жоғары оқу орнынан 200 адам «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері болды. Олардың қатарында 36 ғылым докторы, 133 ғылым кандидаты, 29 PhD докторы, 2 магистрант бар.
«Болашақ кілті өскелең ұрпақтың қолында. Олардың бойына білім нәрін сіңіріп, ізгілік нұрын таратушы – сіздер. Мұраты биік мұғалімдер қауымына қажырлы еңбегі үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Бәріңізге зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін», деді Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов.
Байқауға қатысқан оқытушылардың ғылыми-педагогикалық қызметі сапалық және сандық көрсеткіштері бойынша бағаланды. Оның ішінде, оқулықтарды, монографияларды, оқу құралдарын ағылшын тілінде әзірлеу, қатысу және басып шығару, кәсіби қызметі бойынша шет тіліндегі жаппай ашық онлайн курстардың платформасы базасында курстан табысты өткені туралы сертификаттың болуы ескерілді.
Аталған грант жоғары оқу орындарының оқытушыларына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін және біліктіліктерін арттыруға әлемнің жетекші университеттерінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.
Рауан ҚАЙДАР,
«Egemen Qazaqstan»