• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2010

КӨСЕГЕНІ КӨГЕРТЕР “КӨКТЕМ ШУАҒЫ”

1236 рет
көрсетілді

Сіз­дермен бүгінгі кездесуді “Көктем шуағы” деп атадым, деді Мемлекет басшысы өз сөзінің басында. Алдағы уақыттағы кездесулер осын­дай атаумен аталатын болсын. Біздің әсем Астананың төңірегінде ақ қар жатыр. Кең байтақ еліміздің солтүстігінде қар жатса, оңтүстігінде бәйшешек шығып, жер гүлдену үстінде. Сіздердің мерекелеріңіз осы­ған тұспа-тұс келеді. Халқымызда: “Күл­лі тіршілік, ізгілік атаулы күннің нұрымен, ананың ақ сүтімен келеді”, деген сөз бар. Ар­дақты ана, асыл жар, аяулы қарын­дас­тың ортақ мейрамы – 8 наурыз шынында да баршаның жанына жылу сыйлайды. Сондықтан да мен осы күнді көктемнің шынайы шуағына баладым. Осы жерде айта кетейік, қазақстандық кәсіпкерлер Нидерланды Корольдігінен Қазақстанға 160 миллион долларға гүл са­тып алмақшы екен. Сол гүлдерді өз же­рі­мізде өсірсек, осыншама қаржы өзімізде қа­лар еді. Бизнесмендер соны неге ойла­майды? Елбасы кездесу барысында осыны бизнесмендерге құлаққағыс ретінде атап өтті. Ал біздің бұған қосарымыз, Нидер­лан­ды экономикасына қыруар қаржы түсіріп отырған қызғалдақ гүлінің тұқымы кезінде Қазақстаннан апарылған болатын. Шығыста: “Әйел бір қолымен бесікті тер­бетсе, екінші қолымен әлемді тер­бе­те­ді”, деген мағыналы сөз бар, деп жал­ғас­тырды сөзін Президент. Сіздер отбасында, қоғам­да, саясатта, бизнесте – өмірдің әр сала­сын­да азаматтармен бірге жұмыс істеп ке­ле­сіздер. Осы орайлы сәтте сіздерге елі­міз­дің дамуының барлық саласында істеп жатқан жұмыстарыңызға ризашылығымды білдіремін. Тәуелсіз еліміздің ұл-қыздарын тәр­биелеп, азаматтарға сенімді тірек болу­мен қатар, қоғам ісіне білек сыбана кірісіп, қиын-қыстау кезде де бірге болдыңыздар. Сол үшін де әйел қауымына алғыс айтамын. Әйелдер қауымына шынайы алғысын осылайша білдірген Мемлекет басшысы бұ­дан соң еліміздің халықаралық беделіне тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаевтың атап өткеніндей, Қазақстан бүгінде халықаралық беделді Ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отыр. Бұл – Қазақстан тарихында бұрын-соң­ды болып көрмеген үлкен оқиға. Осы­ның арқасында Қазақстанды төрткүл дүние қазіргіден де жақсы танып білетін болады. Халқымызда ананың баласына деген мейірімін қапысыз аңғартатын: “Баланың білегі ауырса, ананың жүрегі ауырады”, де­ген сөз бар, деді Президент. Ана өз бала­сы­ның тағдырына, бүгіні мен болашағына ешқашан немқұрайды қарай алмайды. Мемлекет басшысы осыған байланысты ақыл-парасатымен, ақылгөйлігімен тарихта қалған Домалақ ана және қайраткерлігімен белгілі Айғаным аналардың есімдерін атап өтті. Біз “Бала – болашағымыз” дегенді жиі айтамыз, деді Елбасы әрі қарай. Ал О.Баль­зактың: “Ұлттың болашағы – ана­лар­дың қолында”, деген сөзі бар. Бұл сіз­дерге артылатын сенім жүгінің қаншалықты екенін білдіреді. Сондықтан бүгін сіздерді көктем мерекесімен құттықтауға және сіздермен әңгімелесіп, жағдайды білуге мүмкіншілік туып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кездесуде, сондай-ақ ана мен баланы қорғауда мем­лекет тарапынан жасалып жатқан қам­қор­лық жайынан да хабардар етті. Прези­дент­тің атап өткеніндей, ана мен бала үнемі мем­лекеттің назарында. Мемлекет тара­пы­нан ана мен балаға көрсетілетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері жылдан-жылға өсіп келеді. Бұрын он бала туған ана “Алтын алқа” алатын болса, енді жеті бала туған ана “Алтын алқа” иесі атанады. Ал алты бала туған анаға “Күміс алқа” берілетін бол­ды. Өткен жылы ғана 350 мыңнан астам анаға нәрестелі болғаны үшін бір жолғы жәрдемақы берілді. Сонымен қатар, Елбасы биылғы жылдан бастап балалар жәрдем­ақысының едәуір ұлғайтылғанын атап өтті. Мерекелік кездесуде бірқатар әйел-ана­лар да сөз алып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды, жасалып жатқан қолдау-көмекке ри­за­шылықтарын білдірді. Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасы­лық-демографиялық саясат жөніндегі ұлт­тық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында әр адам­ның, әр отбасының, бүкіл халықтың әл-ауқатын әрі қарай жақсарту жөнінде ізгі іс-шаралар нақты көрсетілген. “Кімнің ісі көп болса, соның күші көп болады”. Жолдауда бүкіл қазақстандықтарды еңбекке, отан­сүй­гіштікке шақыратын жерлері өте көп. Оған еліміздегі әйел-аналар да өз үлестерін қосатын болады. Жазушы, “Кәусар бұлақ” бағдарла­ма­сы­ның авторы Зейнеп Ахметова сөзін Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момыш­ұлы­ның кезінде жазған: “Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, Деп жылар қалың қазақ мен өл­ген­де, Сексен мен жүздігімді ұрпақ атар, Тарихтың түкпірінен сөз келгенде”, деген өлең жолдарын оқудан бастады. “Атаның 80 жылдығына санаулы күндер қалғанда, – деді әрі қарай Зейнеп Ахметова, – бүкіл елімізді дүр сілкіндіріп, қуанышқа бөлеген керемет жаңалық жария болды. Ол Мәс­кеу­дің темір құрсауында елу жыл жатқан Ата­ның “Алтын Жұлдызын” Елбасы алып шы­ғып, халықтың кеудесіне тақты. Баты­рымыз қашан жұлдызын алар екен, әділет­ті­лік қашан орнар екен деген тілек халық­тікі болса, ерлік пен еңбек Елбасынікі болды”. Кездесуге қазақ атын, Қазақстан атын шетелде танытып жүрген қандасымыз – Чех Республикасы Үкіметі жанындағы тең мүмкіндіктер мәселелері жөніндегі қо­ғам­дық кеңес төрайымы, СПИД-ке қарсы кү­рес туралы ұлттық бағдарлама директоры Жәмила Стегликова да арнайы шақы­рылған екен. Ол елге деген сағынышын, Қазақстанның әлем алдындағы беделін бы­лай жеткізді: “Жиырма жылдан астам уа­қыт­тан бері шетелде жүрмін, – деді Жә­мила Алмасқызы. – Тарихи Отаныма кел­ген сайын туған елімдегі тың өзгерістерді көріп, мені қуаныш сезімі билейді. Еуропа төрінде еңбек етіп, абыройға бөленіп жүргенім, маған ана сүтінен, ата-ана тәр­биесінен дарыды. Мәскеуде оқып жүргенде чех азаматына тұрмысқа шықтым, Чехия Үкіметінің мүшесі – министр болдым. Он­дағы мақсатым – қазақ халқын, Қазақ­стан­ды әлемге таныту, қазақ қызының да қо­лы­нан жауапты қызметтер атқару келетінін дәлелдеу болды. Сол мақсатыма жеттім деп ойлаймын”. Ал Адам ұрпағын өрбіту институтының директоры Салтанат Байқошқарова меди­цина саласына байланысты ойын ортаға салды. Оның айтуынша, соңғы жылдары медицина саласына ерекше назар аудары­лып келеді. Бұдан кейін ол өзі басқаратын институтта жүзеге асырылып жатқан жұ­мыс­тармен таныстырды. “Қазақстанда бе­деу­лік қасіретіне ұшыраған отбасылардың саны 350 мыңнан асады, – деді Салтанат Берденқызы. – Жаңа биотехнологияларды енгізуіміздің арқасында адам ағзасынан қоса ұрықтандырғаннан дүниеге келген бала биыл 14 жасқа толады. Қазіргі кезде Қазақстанда осы тәжірибені қолдану арқы­лы дүниеге келген балалардың қатары 5 мыңға жуықтады. Елімізде адам ұрпағын өр­біту саласын дамытуға барлық мүмкін­діктер бар. Бұған бүгінде осындай 8 орта­лық­тың жұмыс істеп жатқаны дәлел болады”. Салтанат Байқошқарова медицина саласын дамытуда кейбір қиындықтардың бар екендігін де жасырмады. Негізінен ол медицина саласын, оның ішінде меди­циналық білім беруді реформалауға бай­ланысты. Салтанат Берденқызының ай­туынша, еліміздегі медициналық мекемелер жаңа технологиялармен кеңінен жабдық­талуда. Өкінішке қарай, медицина маман­дары әлі күнге дейін кеңестік кезеңдегі оқу құралдарын пайдаланады. Соның салдары­нан, әсіресе, әйел дәрігерлер мен мамандар жаңа технологияны пайдалануда қиын­дықтарға кезігуде. Ал Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері Елена Хрусталева бұл күміс ме­даль бүкіл қазақстандықтарға ортақ екенін жеткізді. Сонымен қатар, ол спортқа барынша қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты. Кездесуде, сондай-ақ белгілі айтыс ақы­ны Айнұр Тұрсынбаева, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Азия және Африка елдері институты ди­ректорының орынбасары Жібек Сыздықова және “Зерде” ұлттық инфокомму­ни­ка­циялық холдингі” АҚ басқарма төрағасы­ның орынбасары Әзиза Шөжеева сөз алып, өз ойларымен бөлісті. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ. АРНАЙМЫН АЛҒЫСЫМДЫ ТЕК ӨЗІҢЕ Елордадағы Конгресс-Холда Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтті. “Арнаймын алғысымды тек өзіңе” атты мерекелік концертті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп, тамашалады. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. Концерт алдында қыз-келін­шек­терді құттықтаған Астана қа­ласының әкімі Иманғали Тас­ма­ғанбетов: “Бұл мейрам — ең қас­терлі сезімге толы мейрам , біз қашанда әйел-ананы қадірлеген елміз. Бүгінгі мерекелеріңіз сіздерге бар жақсылығын алып келсін ”деген игі тілегін білдіре келе барша нәзік жандыларға деген алғысын білдірді . Қыз-келіншектер мен ақ жау­лық­ты аналар алдына шыққан эс­тра­даның танымал орын­дау­шы­ла­ры: ҚР халық әртісі Әлі­бек Дінішев және Лаки Кес­ог­лу, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Медеу Арынбаев, “Ялла” ансамбілінің жетекшісі Фа­рух Закиров, халықаралық бай­қау­лар­дың лауреаты Игорь Благо­дар­ный және Азамат Жылтыркөзов, “ Super Star” жобасының жеңімпазы Алмас Кішкенбаев өнер көрсетті. Қазақстан Республикасының халық әртісі Нұржамал Үсенбаева Қа­зақ ұлттық өнер универ­си­тетінің ер балалар хорымен, ал жас орын­даушы Карина Кари­мо­ва “Тұмар” би ансамблімен бірге ана махаббаты туралы ән шыр­қады. Концерт ба­ры­сында Абай­дың “Айттым сәлем, Қа­ламқасы” мен “Көзімнің қара­сы”, Д.Тух­мановтың “Сибоней”, “Кла­вели­тос”, “Эти глаза на про­тив”, А.За­цепиннің “Ищу тебя”, Ш.Қалдаяқовтың “Бақыт құ­ша­ғында” және “Ана туралы жыр”, Қ.Шіл­­дебаевтың “Жан ана”, А.Ба­баджанянның және Р.Рож­дес­твенскийдің “Мама” атты әндері шырқалды. Кеш соңында Елбасы Н.Ә.На­зарбаевтың барша әйел қауымына құттықтауы ретінде арнайы гүл шоғы әкелінді. ТАЛБЕСІКТІ ТЕРБЕТКЕНДЕР БАҚЫТЫ Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы. Бүгіндері жабықтан көп күт­тірген көктем сұлу сығалады. Сі­ре­сіп жатқан салқын дүние бу­санды. Көктем сұлудың өмірпаз шуағы жамырап дала кезді. Ұлы дала исініп жатыр. Қар еріп, тоң жібіп жатыр. Сай-саланы қуалап аққан су жыры. Алты ай қыс қар астында тұншыққан тіршілік кір­пік қағып, дүрк көтерілгелі жа­тыр. Жер бетіне Ұлы Жаратушы тартқан теңдесі жоқ сый — өмір мерекесі дуылдап салтанат құра бастады. Әйел-ана мерекесі осы Жер-Ана мерекесімен қатар ке­ліпті. Қос мереке. Бастауында мейі­рім, шуақ, жылулық, нәзік­тік, сұлулық жатқан тіршілік атау­лының қос қайнары. Бүгін­дері жарық дүниеге қа­расаң көз тоймайды. Жаратушы ше­берлігінде мін жоқ. Жомарт­тығында да шек жоқ. Аспанға, қар­лы шыңдарға, жазира жазық­қа қараңыз! Тек таң қаласыз. Ақыл­ға сыймайтын әдемілік. Көктемде арулар қоса құлпы­ра­ды. Бізге оны көрсін деп көз, сүйсін деп жүрек беріпті. Құдай шебер осынша көл-көсір сұлу­лық­ты көз алдымызға үйіп-төккен. Осының бәрі Алла нұрының Жер бетіне түскен тек жүзден бір ғана нығметі дейді. Бір-ақ пайыз! Со­ның өзі-ақ Жер бетіндегі тіршілік отын жағуға жетіп жатыр. Сол бір пайыз нұр арқасында Жер бетінде өмір шеруі тоқтаусыз, толассыз салдыртып келеді. Сол шеру сәнді-салтанатты болсын деп, Алла тағала Хауа анамызды жаратқанда оның дидарына нәзік нұр сүйкепті. Содан Хауа ана сұ­лулығына Адам атамыздан бас­тап адам назары сұқтанумен ке­леді. Ақын біткен сол сұлулықты жырлап тауыса алмай келеді. Со­ның арқасында Жер бетінде өмір арқауы болған атам­заманнан тартылған махаббат жібі үзілмей келеді. Соның арқасында үздіксіз ұрпақ жалғасып келеді. Алла тағала сұлулықтан басқа тағы да әйел жүрегіне мол мейірім құйыпты. Соның арқасында әйел баласы Жер бетіндегі қатыгездік атаулыны мейір-шафғатымен емдеумен келеді. Нәтижесінде Адам Атада жоқты Хауа Ана толтырып, Хауа Анада жоқты Адам Ата толтырып, Жер бетінде ұлы үйлесім салтанат құрып келеді. Әлем­дегі әр отбасының сәнін келтіріп, шамын жаққан да сол үйлесім. Негізінде иман жатқан ол үйлесім авторы, әрине, Алланың өзі. Сондықтан ол үйлесімді бұзбақ болғандар қателеседі. Жаратушының кәріне ұшырайды. Күні кеше құдайсыз қоғамнан шықтық. Соның зар­дабын әлі тартып ке­ле­міз. Иманы кемшін ата-ана тәрбиелеген ұл-қыздар дүниеге некесіз бала әкеліп, оны айдың-күннің аманында далаға тастап кетіп жатыр. Он­дай ұл мен қыз одан кейінгі өмірінде қалай бақытты болады!? Шүкіршілік, иманды аналар арқасында қазақ саны бүгінде елімізде 10 миллионнан асты. Ұлтымыз ес жиып, иманға бет бұрды. Өз баласын ғана емес, панасыз қалған ел баласын да бауырына басатын аяулы аналар көбейді. Бір ғана Алматы облысы Талғар ауда­ны­ның өзінде сондай екі ұлы ана бар. Ал­ла­ның нұры жаусын оларға! Сол екі ұлы ананың бірі 110 жетім бала асырап отыр. Екіншісі 30 жетім бала асырап отыр. Әри­не, біріншіден Алланың жәрдемі, екін­шіден жергілікті билік жәрдемі. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған бұл үйлердегі балалар бір ата-ана баласындай намазға жығылады, қазақ тілінде тәрбие алады. Нағыз ертеңгі Қазақстан патриоттары! Мінеки, өнегенің көкесі! Бұдан асқан сауапты іс бар ма! Бұн­дай қадамға осынау аналар қалта байлы­ғы­нан барды ма? Жоқ. Жүрегіндегі иман байлығынан барды. Сіз олардың, 110, 30 бала асырап отырған аналардың дидарын көрдіңіз бе? Көп баладан қиналдық деп кү­ңіреніп отырған олар жоқ. Керісінше, ба­қы­тын айтады, сол балалардың пана тауып, жылу тауып, ана мейірімін тауып, қуанғандағы өздері бастан кешкен бақытты айтады. Олар өздерін шын мәніндегі бақытты жандар деп біледі. Өйткені, олар адамға қуаныш сыйлағанда ғана адам бақытты бола алатынын ұққан жандар. Осынау ұлы шындыққа жеткен жандар. Осы орайда түрік елінің: “Дүниедегі ең бақытты жандар — өзгеге бақыт сыйлай білген жандар” деген аталы сөзі еске тү­седі. Осы орайда Алла тағаланың аналарға берген бір тағы бір ғажайып қасиеті еске түседі. Ол – әйел адамның жақыны үшін құрбандыққа бара білетін қасиеті. Аюп пайғамбар терісі жидіп, жиырма жыл төсек тартып жатып қалғанда оның жанынан жақын-жуықтың бәрі қашты, тек жалғыз жары қалды. Жиырма жыл бойы жары Аюп­ты ауызына қолымен ас беріп асы­рады. Қаржысы біткен сәтте ұзын шашын кесіп сатып, пайғамбарға азық-түлік алды. Жиырма жыл өткенде Аюп жазылып, қалған өмірінде ерлі-зайыпты екеуін Алла жарылқады, бақ-берекеге кенелтті. Мінеки, осындай құрбандыққа бара білу әйел жү­регіне Алла құйған ұлы қасиет, ұлы мейі­рім. Сол ұлы мейірім арқасында миллион­да­ған аналар жары үшін, бала үшін күннің атысы, түннің батысы демей үйде де, түзде де бел жазбай еңбек етеді. Атын шы­ғарайын демейді. Жамағатыма, балаларыма болса екен дейді. Осы мақсатқа ғұмырын арнайды. Яғни, жақыным үшін жаным құрбан деп өмір сүреді. Солардың бақытын көріп бақытты болады. Ондай аналар шын­нан да бақытты. Олар эгоизм, индиви­дуа­лизм сияқты ғасыр індеттерінен ада. Олар өзгеге мейірім сыйлау арқылы өз бақытын табады. Бұл біздің жүрек тереңімізге Жаратқан ие жасырған ұлы жұмбақ. Ол жұмбақ сырын өзімшілдер өмір бойы аша алмай өтеді. Адамға бақыт сыйлағанда ғана бақыттың дәмі жәннат шәрбатындай болатынын білмей өтеді, оны тек татқандар біледі. Олар иманды жандар. Қазақ ана­ларының дені сондай. Олар өз бақытын жас нәрестенің жұпар иісінен табады. Ер адамның дені нәрестеден алыс жүреді, демек шын бақыт дәмін білмейді. Ал ана болса күніне нәрестесін жүз иіскейді. Күніне жән­нат шәрбатын жүз рет татады. Одан асқан бақыт бар ма?! Оның қадірін татқан білер. Жаңа туған нәресте иісі! Алла нұрының иісі. Ана содан тынымсыз тыныс алады. Содан жүрегі шаттыққа толады. Жүзі нұрланады. Содан жан дүниесі ләззат табады. Әр бала тапқан сайын нәрестемен қоса келетін Жаратқан иенің осы бір ғажайып нығметіне бөле­не­ді. Сөйтіп, көп балалы ана таң атқаннан кеш батқанға дейін есік пен бесік арасында ұлы аналық махаббатқа шо­мылады. Яғни, бақыт құшағында болады. Үзіліссіз бала тапқан әйел Алла ризығының үзіліссіз құшағында болады. Өзі бала туу жасынан өткенде есейген балаларынан үзіліссіз немере сүйеді, сөйтіп, өл-өлгенше бақыт құшағында болады. Бұдан өткен бақыт бар ма?! Бұ жол – Жаратқан ие­нің о бастан әйел бол­мысына жазған жолы. Бұл — кешегі дәстүрлі қа­зақ әйелінің жолы. Солардың арқасында мың өлсек те бәрібір мың тіріліппіз. Бүгінде не істеп жүрміз? Тік­ба­қайланып алып, тас кө­ше­ні тық-тық басып, бала туудан басқа жол­дың бәрін қуып жүрміз. Сол жолдар әйел бол­мысына жаз­ған әлгі дәстүрлі аналық жолдан ауыт­қытып алыстатып, әкетіп бара жатқан жоқ па?! Сол жолдардың бәрі кө­шені тық-тық басқан қа­зақ қыздарын бақытқа бастап бара жатыр ма?! Күмәніміз бар. Ал, елі­міздегі етек-жеңі шолақ демографиялық ахуал болса бүгінде ұлттың түн ұйқысын төрт бөлген ұлттық мұңға айналды. Пайғамбарымыз Мұ­хаммед ғ.с. “Үйленіңдер, көбейіңдер, мен үмбе­тім­нің көп болғанын қалаймын” деді. Демек, үйлену, үй болу, көбею – пайғамбар сүннеті. “Ал, тудық дейік шұ­быр­тып, оны кім асырайды? Ақша қайда?” деген та­қылдақ, тікбақай сұрақ тағы естіледі. Заңды сұ­рақ. Ойлансақ оның да шешімі бар. Тек сая­сат­керлеріміз сабылып із­десе екен дейміз. Соның бір жолы 5 бала тапқан аналарды айлыққа қою, не зейнетке шығару. Неге зейнетке шығар­мас­қа? Кейде әскер не­ме­се әскерилендірілген салада жұмыс істейтін жігіттердің 45-ке келмей зейнетке шығып жат­қа­нын көреміз. Көп бала тап­қан аналарды неге сол салаға теңес­тір­мес­ке?! Көп балалы үй бол­маса көк жағалы әскер қайдан шығады? Сөз жоқ, осылайша біз, көп балалы аналар үшін арнайы айлық немесе зейнетақы белгілеу арқылы адам са­ны жөнінен Елбасы қойған 20 миллиондық межені ертелете еңсерген болар едік. 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні. Әдемі мереке! Ханымдарға, қыздарға құ­шақ-құшақ гүл сыйлайық! Ханымдар мен қыздарымыздың құлағына алтын сырға деп осы күн біз бесік тербеткендер туралы айт­тық, түптеп келгенде Тәуелсіздік тағдыры бұл. Сондықтан бүгін... бесік тербеткендерге тағзым! ҚҰРМЕТТІ АРУЛАР! “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Саяси кеңесі Сіздерді көктемнің ең шуақты мерекесі 8 Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтайды! Сіздер бір отбасын емес, бүкіл әлемді аялы алақандарыңызбен тербете алатын, адамзат баласының ары, рухы, жігерісіздер. Тәуелсіз Қазақстанымыздағы бейбіт тірлік пен бірліктің, жарқын бо­ла­шаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы да өздеріңіз. Ел Президенті, “Нұр Отан” партиясының Төр­аға­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев іскер, талантты, дарынды жандарға барынша қолдау танытып, ұрпақ сабақтастығы саналатын ана мен бала мә­селесіне ерекше назар аударып келеді. Елбасының айрықша қамқорлығының арқасында сіздер отбасының, мемлекеттің, Отанымыздың игілігі жолында аянбай тер төгіп, елдің саяси, әлеуметтік, рухани өмірінде табысты еңбек етіп келесіздер. Сіздерді бүгінге мерейлі мерекелеріңізбен тағы бір мәрте құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, ырыс-құт тілейміз. Әр таңдарыңыз арайлап атып, күндеріңіз нұрға толсын! СЕЗІМ ТОЛҚЫНЫ Ертіске  қарай асығады Үлбі, Әлдебір сырды жасырады Үлбі, Қадым заманнан... бағзы уақыттан Ертіс-жігітке ғашық әлі Үлбі. Тентек Ертіске телміреді Үлбі, Толқын-орамал боп желбіреді Үлбі, Ешкім естімес тереңіне тұнған Үлбі жүрегіндегі жел біледі мұңды. Бұлтқа сыр шертіп, тұнжырады Үлбі, Ынтығы жанын ұқпай қынжылады Үлбі, Асау жігіт  арыны алқымына жетпей Күн шыққанда күліп, түн жылады Үлбі. Үнсіздікке шомып, үлбіреген кезін, Бағып тұрар тілсіз шын жүдеген сезім. Ертіс жайлы сырды айтып қайтем текке, Толқып аққан елтіп, Үлбі деген - өзім... Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ. МАЙДАНГЕР ӘЖЕ Ұлы Отан соғысына аттанғанда небәрі 18 жаста ғана еді Күмісжан БАЙЖАН. Жамандық атаулы адамға қасірет пен қайғы әкеледі. Құдай елімізді осындайдан сақтасын. Ал, “со­ғыс” деген суық сөзде не бір алапат жат­қа­нын басынан өткер­ген бүгінгі аға буын ар­дагерлер ғана біле­ді. Оқ пен оттың ор­та­сынан қырық жыл қырғын болса да  та­татын дәм-тұзы барлар ғана тірі қалып, бүгінде арамызда жүр. Ай емес, күн са­нап қатары сирегендер ара­сындағы Алтынай апаның өмір дерегі көңіл тереземізге сәуле түсіріп,  пікірлессем деген ниеті­ме жол ашты. Тоқсанға таяған кейуана өмірдің кермек дәмін ерте татыпты. Иә, шарананың маңдайына әке-шеше мейірімі мен сүйіспеншілігін көру бақыты жазылмапты. Жылдың төрт мез­гілінде теміржолдың тоңын жібі­тіп,  қолынан қайласы мен күрегі түспеген әкесі өмірден ерте өтсе,  анасы да бақилық болып, бір ша­ңырақта оңы мен солын та­ны­маған бейкүнә сәби тағдыры талқыға түседі. Қорғансыз қыз Матайдағы жақындарын пана­лайды. Мектептің жетінші сыны­бын бітірген жастың көрген қиын­дығы оның жігерін жанып, еңбекке бел шешіп кірісуіне жол сілтейді. Шойын жолдың бойын­да тұрып, осы кәсіптің бар түйт­кілін көріп есейгендіктен таң­дауы осы салаға ауады. Үмітін осы­лай нақтылаған қыз адам бо­ламын деген санадағы сәулесіне қол созып, станса бастығының алдына имене барғаны бүгінгідей есінде. Матайдағы теміржол – ауыл­дың күре тамырындай тұрғын­дардың күнкөріс көзі болған­дықтан, жұмыс күші қажеттігі анық. Жас қыз саяси бөлімнің ірік­теуінен өткеннен соң па­ро­возға от жағушы болып жұмысқа алынады. Қара жұмысты қайыс­пай көтеріп, төселген Алтынай кочегар бола жүріп, паровоз ма­шинасын меңгеруге ден қояды. Басшылар қағылез, ылдым-жылдым қимылдайтын оны жауапты кондукторлық жұмысқа да баулиды. Тәжірибесін біліммен толықтыруға ден қойған ол Аягөздегі бекет кезекшісінің оқу­ын да тәмамдайды. Өмір­дегі тұрмыстық қиындық пен кедер­гі­лерді жеңген Алтынай алда бұдан да  үлкен ала­­паттың күтіп тұр­ға­нын сезінб­ейді. “Жас­тық­тың әсерінен өз қолым өз ау­зы­ма жетеді-ау деп жүр­генде сұрапыл соғысқа дайын­далып­пын. Майданда үйренгенім мен оқы­ғанымның пайдасы тиді. Өйт­кені, әскери паровоздың ір­кіліссіз жүруіне мен де өз үле­сімді қостым”, дейді ол өткеніне баға беріп. Немістердің бейбіт елге ке­нет­тен соғыс ашуы талай отба­сының шаңырағын ортасына тү­сіріп, баланы жетім, әйелді жесір етіп, қайғы-мұң әкелгені анық. Қанды қырғын жалғасқан 1942 жылғы қаңтарда жас қыз соғыс кеңесінің бұйрығымен №34 паровоз колоннасы құрамында Сталинград бағытындағы ұрысқа аттанады. Сталинград қаласын қал­пына келтіруге Қазақстаннан аттанғандар қатарында болған 18 жастағы талдырмаш Алтынай бүгінде жауынгерлердің қала үшін бастарын өлімге тіккен сәттерін көзіне жас алмай айта алмайды. Отан деген ыстық се­зім­нің жауынгерлерге күш бергенін де ұмытпайды. Сұрапыл соғыс жылдарында теміржолшылардың жеңіске қосқан еңбектері орасан болса, жетісулық қазақ қызы Алтынай Есболатова да қолына автомат ұстап, резервтегі пойыздың ыр­ғақтан ауытқымай, майданға қару-жарақ, азық-түлік, киім-ке­шек­тің үздіксіз жеткізілуін қам­тамасыз еткенін біреу білсе, біреу білмейді. Жасы келгенімен өт­кенді жадында жаттаған жанның әңгімесін тыңдаудың өзі ғанибет. Өмірдің небір қиын өткелін көр­генін оның әңгімелерінен айқын ұғасыз. Сын сағаттарда бри­га­дадағы әр жауынгерді алмастыра алатын Алтынайға керек кезінде эшалон бастығының жұмысы да сеніп тапсырылыпты. Сталин­град­тағы шайқас оның мәңгі есін­де. Ол кезді есіне алса, арда­гер толқи түседі. Апайдың сол қолындағы жазулар сол сұрапыл соғыстың белгісіндей. – Сталинград қаласындағы жаумен шайқастың шегіне жеткен тұсы. Өліктер төбе болып үйіліп, біреудің ба­сы, біреудің аяғы, енді біреудің кеудесі жатады... Сондай жағ­дайда белгісіз қалмайын деп қо­лы­ма қазақша “Алты­най” орысша “Аня” деп жазып алдым. Кім біледі, сондай күн туғанда тым бол­маса ныспымды білуге мүмкіндік тусын дегенім болар. Өйткені, өмір мен өлім күнде қатар жүрді ғой. Қынадай қырылған адам. Оны көргенде үрей­ің ұшады. Бұл па­ровоз қозғалысына кедергі келтіргендік­тен Алтынай еңбек еткен бригадаға жол­ды ашу міндеті жүктеледі. Жүрек­тері шайлыққан өрім­дей жастарға ленинградтық те­міржол шебері Алек­сей Дорониннің “Балаларым, өлі денеден қорықпаңдар, тірі жау­дан сақтаныңдар” дегені ғана есінде. Бұл көрініске де еті өліп, дағдыланады. – 1942 жылы ақпан айында тұтқынға түскен неміс армиясын, оның фельдмаршалы Паулесті және оның әскерін Мәскеуге дейін эшалонмен алып жүрдік. 1942-1943 жылға дейін 4-Украин майданында Қырым бағытымен Днепрді азат ету үшін жауын­герлерді оқ-дәрімен, қару-жарақ­пен қамтамасыз етіп отырдық. Кейіннен әскери міндетті Бе­лорусь майданы арқылы Литва, Латвия, Польшаны азат ету ба­ғытында жалғастыруға тура келді деген майдангер Жеңісті Франк­фурдтегі Майне қаласында қарсы алғанын да мақтанышпен еске түсірді. Жеңіске қол жеткізгенше екі жарым жыл қанды қырғынның бел ортасында жүрген Алтынай Харьков қаласының түбіндегі шайқастың ауырлығын ұмыта алмайды. Осы бағытта шегінген немістер артына қопарғыш заттар көміп, көп қиындық туғызған. Саперлер іздеп тауып, көзін жойғанша, жау күш жинап, қарсылық ұйымдастырып оты­рады. Бас штабтың бұйрығымен оларға Днепрдің сол жағалауына өту жүктеліп, Корейка аралына көпір салу арғы жағаға шығу қа­жеттігі міндеттеледі. Егер кешік­сек, ондағы жауынгерлер қауіпті жағдайда қалатыны анық. Жұ­мыс күндіз-түні толассыз жүр­гізіліп, көпір құрылысы қысқа мерзімде аяқталды. Осы жеңіс­тегі еңбегі үшін Алтынай Ес­болатова болған бригада “Ста­линдік шақырудың екпіндісі” белгісімен марапатталып, ұй­қы­сыз күн мен түннің өтеуін көреді. – Жауынгерлерді Жеңіске жігерлендіріп, азық-түлік, қару-жарақ жеткізумен бірге, кері қайт­қанда Отанын сатқан опа­сыздарды да тасуға тура келді, дейді. Сталинград түбіндегі Жеңістен кейін Кеңес әскері қорғаныстан шабуылға көшіп, Гитлердің жоспары күл-талқан болып, кері шегінуге мәжбүр болды. Эшалон дұшпанның со­ңына түскен Кеңес әскерлерімен бірге жылжып, Астрахань ма­ңын­дағы аэродромдарды, Дон­дағы Ростовты, ІІІ Беларусь май­даны арқылы басқа да қалаларды жаудан тазартып, Ұлы Жеңіске үлесін қосады. Жастай жетім қалып, 18-ге тол­мастан толарсақтан қан кеш­кен қазақ қызы 1946 жылы Ма­тайға омырауын орден, медаль­дарға толтырып оралады. Батыр қыздың ерлігін ауылдастары жо­ғары бағалап, станса басшылы­ғына қайтадан кондукторлықты ұсынады. Содан бергі кезеңде бейбіт елдегі шойын жолдағы жұмыстың үздіксіз жалғасуына адал қызмет етіп, Данабекпен шаңырақ көтереді. Бақытты отбасында Жібек, Сұлтанғазы, Сұл­танбек, Зәмзәгүл тәрізді бүл­діршіндер өсіп, бүгінде олардан тараған немерелер әже бақытын толықтыра түскен. Қарапайым қазақ қызының еңбегінің белгісіндей өңірінде І дәрежелі Отан соғысы ордені, “Сталинградты қорғағаны үшін”, “Германияны жеңгені үшін”, “Украинаны азат еткені үшін”, “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін”, “Ерен еңбегі үшін” ме­дальдары жарқырайды. Қазіргі кезде Талдықорған қаласындағы Қаратал ықшам ауданындағы ардагерлерге арнал­ған үйде өзге де майдандас­тарымен бір шаңырақ астында ғұмыр кешкен кейуана күн сайын олармен кездесіп, өткен күндерден естелік айтып, шах­мат, дойбы ойнап, жиі бас қоса­ды. Соғыс ардагерлері Жанәділ Сахариев, Иманберді Дәндібаев, Жағыпар Кәрібаев және бас­қалар бас қосып, ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен кездерін жиі еске алатынын да майдангер сөз арасында айтып қалды. Төрдегі Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге түскен суретіне қараған сайын өздеріне жасалған қам­қорлыққа алғысын да жасыр­майды. – Бүгінгі жастар бақытты. Өйткені, олар егемен елдің ұр­пағы. Аналық тілегім, енді соғыс болмасын, аспанымызда көгіл­дір Туымыз бен Әнұранымыз биіктей берсін деп тілеймін, дейді майдангер ана. Алматы облысы. ҚАРЫНДАСТЫҢ СИПАҢДАР МАҢДАЙЫНАН Бір басылып, ілезде, бір түтігіп, Аға отыр көрсетіп түрпі қылық. Қаймыға ма, қайтеді... Қарындастың қабағында келеді мұң тұтылып. Қызығынсыз қыз-сынды олқы үй әні, Оның орнын кім қалай толтырады? Аға отыр айбарын Айға білеп, Қарындастың еріні томпияды... Кім болжаған күніңнің келте емесін, Теңелместі тірлікте ­ Жер теңесін. Еркелейтін кезі ғой елігіңнің, Еркелесін аз ғана... Еркелесін. Қызын сыйлар қырдағы ел, неткен ұғым! Өзгелердің алдында өктем үнің, Өңменінен өткір сөз барады өтіп, Өскені ме бақшаңда текке гүлің? “Қызы қонақ” ­ қазақтың ырымында, Бірі анда, сондықтан, бірі мұнда. Қос өмірі, ағасы, жатқан жоқ па ­­­– Қыз біткеннің қос өрім бұрымында!? Саясына жетелеп сан ғайыр ән, Сары орамал сыйлайды қандай ұлан? Сан тараулы тірлікте сүрінбесін Сипай қойшы одан да маңдайынан! Жанна ҒАЛАМ. АЯЛЫ АЛАҚАН Тастанды балаларды бауырына басқан жас отбасының тыныс-тіршілігі жан жадыратады Айқын НЕСІПБАЙ. Жүрегінен мейі­рімділік шуағы төгілген жандар арамызда аз емес. Бірін білесің, бірін біл­мейсің. Біздің кейіпке­рі­міз де былайша жұрт кө­зіне оншалықты түсе бер­­мейді. Ұяң, артық сөз­ге жоқ келіншек. Ке­ліншек болғанда жүзіне қарасаң, оқу орындары шәкір­ті­нен айырғысыз. Ал осы мөлдіреген жан бес баланың анасы дегенге сенер-сенбестей. Біз де бастапқыда та­ңырқап қалып, шағын пәтерде оны қау­ма­лаған өскіндерді көргенде барып көз сүйсіндіргеміз. Иық тірестіре, құлын-тайдай тебісіп өсіп келе жатқан өрендердің үлкені сегізде, кішісі үште. Аналық аялы алақан, ыстық пейілдің арқасында бүлдір­шіндердің көңілі шат, қай-қайсысы да аса сүй­кімді. Көп балалы үй әдетте у-шу, абыр-сабыр емес пе. Мұн­да басқаша тәртіп. 1-ші және 2-ші сы­нып­тағы қос Катя са­бақ дайындап от­ыр­са, 5 жастағы Ксе­ния мен Илья, 3 жас­тағы Дашаның ың-шыңсыз сурет салған, қуыршақ жасандырған, ұшақ құрастырған ойын қызықтары бөлек. Бесеуі үйіріліп, аймалаған шаңырақ ұйытқысы Владлена Най небәрі 29 жаста екен. Онымен сөйлесе келе бір сыр ашылды. Жеткіншектердің үшеуі өз кіндігінен өрбігендер болса, екеуін асырап алғанын білдік. 7 және 5 жасар Катя, Ксения Шпруттардың орталарына қосылғанына көп бола қоймапты. Осы уақытта Владленаға туған аналарындай бауыр басып кеткендері оған жаңа бауырларымен таласа-тармаса ұмтылуларынан, еркелей құшағына талпынуларынан аңғарылды. Бұған дейінгі үш балаға қоса бөтен екі қыз­ды тәрбиелеуге бел буған жас отбасының бұл шешімі әуелде тамыр-таныстары, көрші-колаң­дарын таңырқатқан. Қазір сүйсініс басым. Қа­ра­ғандының Майқұдық аталатын аймағының шеткі жағындағы үйде тұратын олардың пәтерін іздестіре, жолай жолыққандардан сұрау салып келгенімізде ризалық жылы лебіздер жиі естілді. Шаңырақ тірегі Владимир Най металл конструкциялары зауытының жұмысшысы. Ал Владлена балаларға бас-көз. Қаладағы балалар үйлері іс-қызметіне белсене араласатын ол “Махаббат” қоғамдық ұйымының мүшесі ретіндегі міндетті де ұмытпайды. Қолы қалт еткенде ниеттестерімен бірге әрдайым өздерін күтіп отыратын жаны жаралы өрендер жанынан табылып, көңілдерін жадыратып жүреді. Міне, бауырына басқан Катя, Ксения Шпруттармен сондай сәттердің бірінде кездескен болатын. Әке-шешесі тастап кетіп, қамқорлықтан айрылған апалы-сіңлілі кішкене қыздар тағдыры кезінде өзі де әке мейірімін көре алмаған оны бейжай қалдыра алмапты. – Ақыры нақты тоқтамға келіп, кеудемді мазалаған ойды күйеуіммен ақылдасқанымда, ол бірден қолдады. Қарсылық білдіре ме деп қай­мы­ғып жүруші едім, сондағы қуанышым жол­дасыма құрметімді арттыра түсті. Ойла­ры­мыздың бір жерден шығуы нық шешімге бел будырды. Ксе­ния мен Катяны заңды жолмен бауырға бастық. Екеуі кәмелеттік жасқа жеткенше біздің тәр­бие­мізде болады. Былтыр 1-шы сынып есігін ашқан Ка­тяның оқу үлгірімі жақсы. Жақында Ксе­ния­ның 5 жасқа толғанын атап өттік. Оны әжелері құттықтап, Катя, Илья, Дашалар тақпақ оқ­ып, өлең айтып, би билеп басқосуды жарастырды. Отбасы берекесі бала көңіліне ұмытыл­мас­тай болып қалар тәрбие үлгісі десек, біз соны сақтауға тырысамыз. Адамдардың бір-біріне деген мейірбандығы кез келген қиындықты жеңдіреді. Балалардың басына түскен ауырт­палықты сездірмей өсіріп, еліміздің үмітіне лайық аза­маттар болып қалыптастыру басты арман-мақ­сатымыз, – дейді Владлена Викторовна. Балалар жетіліп келеді. Осы орайда жеті жан сиысқан үйдің тарлығы еленбей қалмады. Бар болғаны 44 шаршы метрлік пәтер айналып жүргісіз болғанымен, ерлі-зайыптылардың еш реніші жоқ. “Көңіл сыйса бәрі сыядыға” сайған отбасы иелері бұл туралы ештеңе айтпаса да аталған жайды айналып өте алмадық. Айтпақшы, Владленаның тастанды бала­лар­ға бауырмалдығының бір себеп-сырын ма­ман­ды­ғымен байланыстыруға болады. Ол жоғары білімді педагог. Соның арқасында саналы тәр­бие берудің, өнегелі қылықтарға баулудың қыр-сырларына қанық. Бірақ біле түссем деген ой әрдайым көкейінде. Бұл ретте мынадай ұсыныс-пікірін ірікпей ортаға салып өткен ол қалада әке-шешелері тастап кеткен балаларға қам­қор­шы болушылардың қоғамдық ұйымы құрыл­ғанын жөн көреді. Сол арқылы тағдыры қиын балаларға шапағат нұрын шашқан отбасылар мәселесін бірлесіп шешуге, тәжірибе алмасуға, ізгілікті істі өрбітуге мүмкіндік кеңеюін қалай­ды. Осындай ұйымның құ­ры­луына өзі мұрындық танытуға талпынысы бар. Владлена мен Владимир Най, міне, бір-бірін жүрекпен түсініп, айналасына жақсылық сәу­лесін төгуді мұрат еткен жандар. Мына өмірде оған жол көп. Соның ең бір ізгі түрін қалаған жас отбасының өзге балаларды өз балаларындай көріп, мәпелеп өсіріп отыруы туысқандықты ту еткен еліміз елдігінің жарқын бір мысалы. Қарағанды.