Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көп-көрім шаруа атқарылып, ел еңсесі көтеріліп, өшкеніміз жанып, өткеніміз мәңгілік елдің мұратына сай оралуда. Осы жылы Астана – Көкшетау тас жолының бойында жаңа ескерткіштер бой көтеріп, өкпек жолаушыға қасиетті топырақта туған ардақты перзенттерін еске салып тұратын болады.
Мазмұндық тұрғыдан бір-біріне сабақтаса жалғасқан дүние. Бір жағынан өшкенің жанып, жоғалғаның табылғандығы болса, екінші жағынан көнеге құрмет әрі сол арқылы Ұлы даланың ұлық перзенттерінің тұла бойына шым-шымдап құйылған өлмес өнер рухын көрсету. Сексен көлді омырауына сексен моншақ етіп таққан Көкшетау – курортты аймақ. Басты міндеттің бірі – курортты аймақтың дамуы. Демек, жалғыз табиғатымызбен ғана емес, ғасырлар қойнауындағы саф асылдарымызбен де талайды таңдандыра аламыз. Үстіміздегі жылы осы бағытта молынан қарпып, тереңнен тартып тамаша шаруа тындырылмақшы. Ол – өнер жұлдыздарының күре жолдың бойында қияннан менмұндалап тұратын мүсін-бейнелері.
Таратып айтатұғын болсақ, алты Алаштың басын қоспаққа талпынып, бар ғұмырын ат жалында өткізген, туған жерінің тоқымдай пұшпағын келімсектердің табанына бастырмаймын деп арыстанша арпалысқан Кенесары Қасымұлына, ұлттық өнеріміздің мәңгі сөнбес жарық жұлдыздары – Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолаққа және тұла бойларына тау көтерген толағайдай қисапсыз күш пен өміршең өнер қатар дарыған Қажымұқан Мұңайтпасұлы мен Иманжүсіп Құтпанұлына, «Дударай» әніне арналған ескерткіштер бой көтермек.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің тарапынан нақтылы қолдау тапқан осы айрықша маңызды мәселені ретімен, жүзеге асыру барысында алдымен жұмыс комиссиясы өткізілді. Аталған комиссияда облыстық мәдениет, мұрағаттар мен құжаттама басқармасының басшысы Рустам Бикенев әдемі идеяның ау-жайын таратып айтып берді.
– Көрікті Көкшетау өңіріне ат ізін салатындар аз емес. Егер біз осы ескерткіштерді Астана – Көкшетау бағытындағы тас жолдың бойында ел көзіне түсетін көрнекті, биік жерлерге әсемдеп орнатып, төңірегін абаттандырып, көзтартарлық етіп қойсақ, жүргіншілердің жадына батпан-батпан сыр құяр едік. Сары сағымы кілкілдеп жататын Сарыарқаның сайын төсінде небір алыптарымыздың ғұмыр кешкендігін келер ұрпақтың есіне салып тұрар еді. Дарқан даланың айбарындай алыптар мүсіндегі бейнесімен-ақ түсінген жанның көкірегіне туған жерге деген мақтаныш сезімді ұялатып, рухымен демеп тұрмай ма?! – дейді басқарма басшысы.
Республикалық комиссия құрамындағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертанушы Ермек Асылханов, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі мүсінші Асқар Нартов, Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің тарихи-мәдени мұра басқармасының бас сарапшысы Әлібек Бақытбекұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің деканы, тарих факультетінің докторы Жәкен Қожахметұлы тәрізді білікті азаматтар өз ойларын ортаға салды. Мүсіндердің авторлары сөз сөйлеп, әрқайсысы өз жобаларын таныстырды. Аз-кем кемшіліктері де айтылмай қалған жоқ. Орынды пікір қабыл алынды да. Ескерткіштердің орналасу орны туралы да ұсыныстар айтылды. Мәселен, Қажымұқан Мұңайтпасұлының ескерткіші облыстың ірі өндіріс ошағы – Степногорск қаласында, Иманжүсіп Құтпанұлының ескерткіші – Аршалы ауданында, ал Алаш даласын бүгінге дейін әдемі әуезімен, терең мазмұнымен әлдилеп келе жатқан «Дударай» стелласы Қорғалжын ауданында салынса делінді. Несі бар, ойға алған барлық ескерткішті бір жолдың бойына тізіп қойғаннан да келімді-кетімді кісі көп жүретін жоғарыда айтылған жерлерге қойған ұтымды шығар. Қалай болған күнде де осынау мың жылда бір туатын Алаштың жақсысы мен жайсаңы бар қазаққа ортақ қой.
–Тарихи-мәдени мұраның барлығы туристік әлеуетті дамытуда маңызды рөл атқарып қана қоймай, өскелең ұрпақтың төл тарихымызды тануға, ұрпақ сабақтастығын жалғастыруына мол мүмкіндік тудыратыны анық. Бұл халықтың рухын көтеретін, абыройымызды асқақтататын жоба. Желкілдеп өскен жас ұрпаққа рухани, өлмес мұра болатын осындай игі істердің атқарылуы – ел мерейі, – дейді Иманжүсіп Құтпанұлының немересі Раушан Нұрханқызы.
Кеңінен пішіп, келіскен соң мүсіндердің авторлары көпшіліктің сын-ескертпелерін ескере отырып, жобаларын жөндемек. Содан соң іске кіріседі. Сәтін салса, биыл жоба толық аяқталады деп күтілуде.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Ақмола облысы