Бейсенбі, 2 ақпан 2012 8:17
Еліміздің Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың АҚШ-қа ресми сапары барысында штаб-пәтері Вашингтонда орын тепкен Атлантикалық кеңес «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы және қазақ-американ дипломатиялық қатынастарына – 20 жыл» атты конференция өткізді.Алдымен Атлантикалық кеңестің өзі жайында біраз ақпарат ұсынған жөн болар. 1961 жылы НАТО-ны қолдайтын АҚШ-тағы барлық азаматтық күштердің ынтымағын арттыруға арналып құрылған бұл ұйымның негізгі мақсатының бірі – АҚШ пен Еуроодақ арасындағы және НАТО ішіндегі өзара қарым-қатынастарды бекемдеу.
Бейсенбі, 2 ақпан 2012 8:17
Еліміздің Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың АҚШ-қа ресми сапары барысында штаб-пәтері Вашингтонда орын тепкен Атлантикалық кеңес «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы және қазақ-американ дипломатиялық қатынастарына – 20 жыл» атты конференция өткізді.Алдымен Атлантикалық кеңестің өзі жайында біраз ақпарат ұсынған жөн болар. 1961 жылы НАТО-ны қолдайтын АҚШ-тағы барлық азаматтық күштердің ынтымағын арттыруға арналып құрылған бұл ұйымның негізгі мақсатының бірі – АҚШ пен Еуроодақ арасындағы және НАТО ішіндегі өзара қарым-қатынастарды бекемдеу. Сондықтан да ұйымның негізгі демеушісі НАТО, оған қоса, қайырымдылық қорлары мен америкалық федералдық құрылымдар, оның ішінде, әрине, Орталық барлау басқармасы және қорғаныс пен энергетика министрліктері болса, Құрама Штаттардың ірі корпорациялары да бұл істен шет қалмаған.
Осындай әлеуетті құрылымның қазіргі төрағасы Чак Хейглдің кандидатурасының билік басына Барак Обама келген тұста вице-президенттікке лайықтылардың қатарында аталғаны мәлім. Ал ұйымның президенті және бас атқарушы директоры – Фредерик Кемп есімді саясаткер. Ұйымның құрылған кездегі жылнамасына көз жіберсек, онда АҚШ-тың бір кездердегі Мемлекеттік хатшылары Кристиан Хертер, Дин Ачесон секілді есімдерді кездестіресіз. Сонымен қатар, оның басшыларының қатарында америкалық белгілі әскери генералдар мен мықты ғалымдардың есімдерін жолықтыру қалыпты жағдай. Мәселен, Э. Гудпейстер, Б.Скоукрофт, Дж. Сейниус, 2009 жылы Обаманың қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған Дж. Джонс сынды танымал адамдар ұйымының беделі артуына үлес қосқан. Ал ұйымның қазіргі мүшелерінің қатарында БҰҰ елшісі С. Райс, Ақ үйдің Ауғанстан мен Пәкстандағы бұрынғы арнайы өкілі Р.Холбрук, Мемдепартаменттің Саяси жоспарлау департаментінің директоры М. Слотер бар.Кеңес соңғы жылдар ішінде елдегі саясиланған ең бір жетекші ұйым саналып, ол өз жұмысында ғылым, ағарту және лоббилық қызметтерді атқарып келеді. Ұйым Атлантикалық одақтың негізгі проблемаларын анықтап, оның жолындағы кедергілерді жою, трансатлантикалық экономикалық қатынастарды және Орталық және Шығыс Еуропа елдерімен интеграцияланудағы проблемаларды зерттеумен шұғылдануда. Мұнымен қоса, ұйым АҚШ-тың Ресей, Қытай, Жапония, Корея, Тайван секілді елдермен консенсусқа келуін, Азиядағы күн санап өсіп жатқан энергия тұтыну, қоршаған ортаны қорғау, Балқан түбегі мен Ирактағы және Таяу Шығыстағы кикілжіңді реттеу сияқты толып жатқан мәселелерді зерделеп, үзбей зерттеумен келеді. Және атлантикалық осындай кеңестер ерікті түрде НАТО-ға мүше елдердің барлығында құрылып, олар ассоциацияға бірігіпті.Конференцияда сөйлеген Е.Қазыханов 1991 жылдың 16 желтоқсанында тәуелсіздікке қол жеткенде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің тұрақты дамуына әсер ететін саяси және экономикалық реформаларға негізделген әлемдік интеграцияға ұмтылған мемлекет құру жолында ұлттың алдына қойған міндетінің табысты орындалғанын айта келіп, Қазақ елінің аймақтық қауіпсіздік және экономикалық мәселелер бойынша ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ секілді өңірлік ұйымдардағы жұмысына да тоқталып өтті.Мұнан соң Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандырудың маңызына мән берген Е.Қазыханов ауған жастарына білім беру мақсатында Қазақстан Үкіметінің 50 млн. доллар бөлгенін және осы елге отын мен астық түрінде гуманитарлық көмек көрсетілгенін алға тартты. Министр біздің елдің БСҰ-ға мүшелікке өту жолындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін айтып, осы мақсатқа қолдау көрсетіп отырған АҚШ қадамын Қазақстанның жоғары бағалайтынын жеткізді. Мемлекетіміздің бейбітсүйгіш сыртқы саясатының арқасында ешбір елмен дүрдараздығы жоқ екенін атап көрсетті.Атлантикалық Кеңес өткізген конференция басынан аяғына дейін ағылшын тілінде жүргендіктен, біздің елшілік көмекке берген аудармашы арқылы сарапшылармен тілдескенді жөн санадық. Атлантикалық кеңестің директоры Б.Уильсон: «Біздің ұйым үшін Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына және американ-қазақ дипломатиялық қатынастарының 20 жылдығына байланысты осындай конференция өткізу үлкен қуаныш. Орталық Азия аймағы біздің мемлекетіміз үшін де, Атлантикалық кеңес үшін де маңызды. Сондықтан да Қазақстанның қол жеткізген жетістіктерін білудің де мәні жоғары. Біздің ойымызша, алдағы онжылдықта бұл аймақтың маңызы бұрынғыдан да өсе түспек. 2010 жылы Атлантикалық кеңес Орталық Азия аймағын зерттейтін үлкен жобаны қолға алған болатын. Соның нәтижесінде біз көптеген есептер дайындап, кездесулер өткіздік. Ал 2011 жылы біздің ұйым Қазақстан лидерлерімен, оның ішінде экономика саласындағы белді мамандармен әлденеше рет кездесті. Оның соңы Қазақстан Экономика министрінің Ыстамбұлда өткен Атлантикалық кеңестің экономикалық іс-шарасына қатысуына ұласқанын айта кету абзал. Жалпы алғанда, Қазақстан тек өз аймағында ғана емес, әлемде де айтарлықтай рөлі бар ойыншы. Оның мысалы ретінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға және ИЫҰ-ға төраға болуын айтуға болады», деді.Дж.Хопкинс университетінің Орталық Азия және Кавказ институтының директоры Р.Старр: «Мен сіздерді алдымен 20 жылғы тәуелсіздікте бағындырған биіктеріңізбен құттықтағым келеді. Менің ойымша, саясат туралы үзбестен айта беруге болады, бірақ та бір нәрсе саясаттан да, экономикадан да жоғары тұруы тиіс. Ол – білім беру. Қазақстанның осы саладағы жұмыстарына көңілім толатынын айтып, Астанадағы «Назарбаев университетінің» дамуына үлкен қызығушылықпен қарап отырғанымды назарларыңызға сала кетейін. Бірақ, менің көзқарасымша, білім берудің бұл сатысымен қатар, орта білімге, мектептерге де зер салған жөн. Қазақстанның мектепті тәмамдаған жастарының заманауи инновацияға, техникаға деген әзірліктері жоғарылауы тиіс. Алайда, білім саласында қазірдің өзінде біраз жетістікке жеткен сіздер үшін оны орындау өте қиынға соқпас. Ал шын мәніндегі білімді адамдар қатары көбеймейінше, елдегі азаматтық қоғамды, демократиялық ұйымдарды көзге елестету мүмкін емес. Мен Орталық Азия мен Қазақстанның VIII-XII ғасырлар арасындағы тарихын зерттедім. Жуырда кітабым да жарық көреді. Қазақ даласынан мықты ғалымдар шыққан. Өзгесін айтпағанда, әл-Фарабидың өзі неге тұрады. Қазір интеграция турасында жиі айтылады. Мен өз басым интеграцияның тым қатты тереңдеуінен бой тартамын. Әрине, аймақтағы елдердің бір-бірімен араласуы заңды, ол қажет, бірақ өз болмысы сақталған тәуелсіз елдердің тең дәрежедегі қарым-қатынасы болуы тиіс деп есептеймін», деп өз ой-пайымын жайып салды.Р.Старр сондай-ақ өзі тарихшы болғандықтан, бір кездері Орталық Азияның әлемнің орталығы болғанын білетінін айтты. Бай қалаларымен, сауда-саттықтың дамуымен, ғылымның өркендеуімен оның алдына ешкім түсе алмайтын. Сіздердің тарихи жадтарыңызда қалған әлеммен экономикалық байланыстар болуы тиіс. Отырар теңгелері Скандинавия түбегі мен Азияның оңтүстік-шығысынан табылды. Міне, сондықтан да сіздерден Ұлы Жібек жолын қалай қайтадан ашуға болады деген ой шықпауы тиіс. Бұл – халықаралық сауда арқылы бүкіл аймақты дамытудың қайнар көзі. Сіздерде әлемдік саудаға араласатындай ғажайып мүмкіндік жатыр. Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті байланыстыратын керемет орындарыңыз бар. Дегенмен, осы жаңа Жібек жолын жаңғыртуда сіздер бір нәрсені естен шығармасаңыздар екен. Ол сауданы үйлестіретін орталықтар, тауарларды сақтандыру жүйесі қайда болуы тиіс деген мәселе. Басқа да қажеттіліктерді, қонақүйлер секілді инфрақұрылымдар салуды кім жүзеге асырады? Сондықтан жол қалпына қашан келеді, тас жолдар мен шойын жолдар қашан салынады деп күтіп отырсаңыздар, сіздер үшін оларды біреулер салып, пайда табуы мүмкін. Ондайдан еуропалықтар да, өзгелер де үлес алып қалуға тырысатыны анық, деді Р.Старр әрі қарай.Америкалық ғалым айтса айтқандай, әрбір азамат, мейлі үлкен, мейлі шағын болсын, жеке шаңырақ, ел болсын тарихи жадын жаңғырта отырып, оның жарқын беттерін жалғастыруға ұмтылып, ал ащысы болса одан сабақ алып отыруы тиіс екені күмәнсіз.Алда Қазақстан Сыртқы істер министрі Е.Қазыхановтың АҚШ Мемлекеттік департаментінің басшысы Х.Клинтонмен кездесуі жоспарланған.Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» – Вашингтоннан.