• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Күрес 07 Наурыз, 2019

Дәулет Шабанбай: Олимпиада медалі туралы ақпаратқа сенген жоқпын

1368 рет
көрсетілді

Еркін күрестен Қазақстан құрамасының қоржыны араға 7 жыл салып тағы бір олимпиадалық медальмен толықты. Ауыр салмақта белдесетін еркін күрес шебері Дәулет Шабанбайға араға жеті жыл салып Олимпия ойындарының қола медалі табысталатын болды. Есте болса, 2012 жылы Лондонда өткен төртжылдықтың басты бәсекесінің жартылай финалында отандасымыз грузин балуаны Давид Модзманавшилиге есе жіберген еді.

– Дәулет, жуырда ғана 2012 жыл­ғы Лондон Олим­пиа­дасының қо­ла жүлдесін иелен­геніңіз туралы ха­барды есті­дік. Бұл жаңалықты сіз қалай қабылдадыңыз?

– Алғашында бұл жаңалықты жа­нымдағы достарымнан естідім. Ақпарат бірінші интернетте таралады ғой, ал мен ондайға сенбеймін. Жалпы, әлеуметтік желі дегенді суқаным сүймейді. Кім не болса соны жаза беретін алаңға айналып кеткен. 

– Бұл ақпарат туралы сізге Ұлт­тық Олимпиада комитеті немесе федерация хабарлаған жоқ па?

– Не Ұлттық Олимпиада коми­те­тінен, не федерация мамандары хабарласып, бұл мәліметті алғашында рас­таған жоқ. Мен ол уақытта Алматыда Қазақстан біріншілігіне даярлық жасап жатқан едім. Бар ойым – жаттығу жұмыстарын тың­ғы­лықты орындап, бабымды сақтау болды.

– Құрама сапында қаласыз ғой?

– Әрине, күрестен кететін ойым жоқ. Қатардан сызып тас­тауға әлі ерте. Аллаға шүкір, қазір даярлығымыз жақсы. 

– Былтыр сәуірде АҚШ-та өт­кен әлем кубогында топ жар­ған соң кейін жарқ еткеніңізді байқа­ма­дық...

– Рас, өткен жылы АҚШ-та жеңіс­ке жеттім, алайда одан ке­йін­гі жарыс­тардың бәрінде үздік­тер қа­та­рынан көрінуге мүмкіндік болмады. 

– Халықаралық жарыс­тар­дың бірінде Олег Болтинге есе жібер­гені­ңізді білеміз. Жалпы, аса ауыр салмақта еліміздегі жас­тардың деңгейі қандай? 

– Олег Болтиннен бөлек те жас­тар бар. Бірақ олар әлі де «шикілеу» секілді. Балуандарға әлі де жетіле түсу керек, тәжірибе жинақтау қажет деп ойлаймын. Турнирлерде жеңіліп жүр­генім әлсіздігімнен емес, тек жара­қаттан кейін бабыма келіп үлгер­мегендігіме байланысты. Қазір ден­саулығым жақсы, жарақаттан толық емделдім.

– Сіз үшін допингпен ұс­талған Давид Модзманашвили бей­­таныс қарсылас емес, боз­кі­лемде кез­дескенсіздер. Қалай ой­­лайсыз, талай аламанда топ жар­­­ған грузин ба­луаны тыйым салынған препарат­тарсыз же­­тіс­­тікке жете алмаушы ма еді? 

– Естеріңізде болса, біз Давид екеу­міздің жолымыз Лондон Олим­­пиа­дасының алдында, 2012 жыл­дың мамыр айында түйіс­кен. Ол кезде Бакуде өт­кен Әлем кубогында Қазақстан құ­рамасы Грузиямен бесінші орынды са­рап­қа салып, команда­мыз да, со­ның ішінде мен де жеңіске жет­тім. Тұманды Аль­бион­дағы төрт­­жылдықтың бас­ты додасында грузин балуаны ерекше өнер көр­сетті. Финалға дейін жетті. Әркім өз жолын өзі таң­дайды ғой, бірақ қи­тұрқы әре­кеттердің соңы қай кез­де де жақ­сылыққа апармасы анық. Давид мұны ойламаған тә­різді.

– Биыл балуандарды ғана емес, елімізді маңызды сын – Ас­та­нада күрес түрлерінен әлем чем­пионаты күтіп тұр. Алға қойылған мақсат қандай?

– Бұйыртса, алтын медаль аламын деп отырмын. Алдын ала болжау қиын ғой. Дегенмен, сәті түсіп жатса, бас жүлде үшін таласамыз. 

– Құрамада бапкер жиі ауысады. Ал тізгінді Әсет Серік­баев ұстағалы не өзгерді? Әлем чем­пионатында өзге балуан­дары­мыздың мүмкіндігі қандай?

– Бұл сұрақ мен үшін қиын. Себебі, Әсетке сырттай баға бере ал­май­мын. Ол менің жақын досым. Адам­гершілігі мол, спортты бір кісі­дей білетін маман.

Әңгімелескен Мәдина АСЫЛБЕК,

журналист