Сәрсенбі, 4 сәуір 2012 7:50
Қысқашаанықтама: Болат Серғазыұлы Сәрсенбаев – еліміздің сыртқы саясисаласында 1997 жылдан бері қызмет етеді, II сыныпты Төтенше жәнеөкілетті уәкіл дипломатиялық дәреже иесі. Әр кездері Сыртқы істерминистрлігінің орталық аппаратында жауапты қызметтер атқарған.Қазақстанның Израильдегі кеңесшісі, Гонконгтағы Бас консулы,Грекиядағы Сенімді өкілі болған. 2007 жылдан бері еліміздің ИорданХашимит Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі, 2008 жылыҚазақстан Республикасының Ирак Республикасындағы, 2012 жылыПалестина мемлекетіндегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметінқоса атқарушы.
Сәрсенбі, 4 сәуір 2012 7:50
Қысқашаанықтама: Болат Серғазыұлы Сәрсенбаев – еліміздің сыртқы саясисаласында 1997 жылдан бері қызмет етеді, II сыныпты Төтенше жәнеөкілетті уәкіл дипломатиялық дәреже иесі. Әр кездері Сыртқы істерминистрлігінің орталық аппаратында жауапты қызметтер атқарған.Қазақстанның Израильдегі кеңесшісі, Гонконгтағы Бас консулы,Грекиядағы Сенімді өкілі болған. 2007 жылдан бері еліміздің ИорданХашимит Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі, 2008 жылыҚазақстан Республикасының Ирак Республикасындағы, 2012 жылыПалестина мемлекетіндегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметінқоса атқарушы.
2012 жылғы 6 сәуірде Қазақстан мен Палестина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 20 жыл толады. Алайда екі мемлекет арасындағы байланыстардың тарихы әлдеқайда тереңде жатыр. Бүгінгі күні Астана мен Рамалла арасындағы үнқатысуды өткен жылдарда қалыптасқан жағымды байланыстардың нәтижесі ретінде қарастырамыз.
Палестина ұлттық әкімшілігінің (ПҰӘ) Президенті, Палестинаны Азат ету ұйымының (ПАҰ) төрағасы Ясер Арафат еліміз 1991 жылғы желтоқсанда Тәуелсіздігін алғаннан кейін араб басшыларының арасынан бірінші болып Қазақстанға сапар шекті. Сол кезде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізі қаланған болатын.
Ал 1992 жылғы 6 сәуірде елдер арасында ноталар алмасу арқылы ресми түрде дипломатиялық қатынастар орнатылса, бір жылдан кейін Алматыда Палестина елшілігі ашылды. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынастардың одан әрі дамуына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылдың желтоқсан айында Палестинаға жасаған сапары елеулі септігін тигізді. Осы сапардың барысында қол қойылған экономика, өндіріс және мәдениет салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық келісімдер екіжақты шарттық-құқықтық базаның негізін қалады.
ПҰӘ басшысы Ясер Арафаттың 1999 жылғы 16 сәуірде Алматыға екінші сапары екіжақты қатынастардың дамуындағы кезекті қадам болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен өткен келіссөздер барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, сондай-ақ Таяу Шығыс проблемасын реттеу жолдары талқыланды.
Ясер Арафат өмірден өткеннен кейін, 2005 жылы Махмұд Аббас Палестина Президенті болып, екі елдің жақындасу бағыты одан әрі жалғастырылды. 2008 жылғы қазанда ПҰӘ басшысының Арнайы өкілі Ясер Аббас Қазақстанға сапар шегіп, Елбасымен, сондай-ақ республикамыздың бірқатар министрліктері басшыларымен келіссөздер өткізді.
2010 жылғы 8 маусымда Ыстамбұлда өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) II Саммиті шеңберінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Палестина басшысы Махмұд Аббаспен кездесіп, оны Астанаға ресми сапармен келуге шақырды.
Палестина АӨСШК жұмысының белсенді қатысушысы. Палестина басшылығының пікірінше, АӨСШК оның қатысушылары үшін Азия құрлығындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту бағытында аса маңызды форум болып табылады. Палестина оның шеңберіндегі кездесулерге тұрақты түрде қатысып келеді.
Рамалла Қазақстанның Ислам Ынтымақтастық Ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесіне (ИЫҰ СІМК) төрағалық етуіне, сондай-ақ осы Ұйым аясындағы барлық қадамдарымызға қолдау көрсетуде. Атап айтсақ, Палестина өткен жылдың 28-30 маусымында Астанада ИЫҰ СІМК 38-сессиясын ұйымдастыруда Сыртқы істер министрі Рияд әл-Маликидің қатысуы арқылы оның жұмысына қолдау көрсетті. Бұған қоса, 17 тамызда Ыстамбұл қаласында Сомали Республикасына гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі ИЫҰ Атқару комитетінің төтенше отырысын шақыру туралы Қазақстанның бастамасы да қолдау тапты. Палестина тарапынан бұл шараға Сыртқы істер министрінің орынбасары Мунтасир Абу Зейд қатысты.
Қазақстан өзі тарапынан халықаралық қоғамдастықтың Палестинадағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған гуманитарлық шараларына елеулі үлесін қосуда. Мысалға, еліміздің 2008 және 2009 жылдары Палестина білім беру қорына (Palestinian Education Action Fund) көмек ретінде 100 мың доллар, ал 2011 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Палестинаға қатысты UNRoD және UNRWA ұйымдарына 200 мың доллар мөлшерінде ерікті жарна төлегенін келтіруге болады.
Бұған қоса, Палестинаның Қазақстандағы елшілігіне Астана орталығынан офистік үй-жай өтеусіз пайдалануға берілді. Аталған үй-жай Қазақстан Республикасында алынатын салықтар мен алымдардың барлық түрлерінен босатылды.
Қазақстан өз Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап Таяу Шығыс проблемасының бейбіт түрде шешілуін, Палестина халқының БҰҰ Бас Ассамблеясының 181, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 242 және 338 қарарлары негізінде егеменді мемлекет құру жөніндегі заңды құқықтарының қамтамасыз етілуін қолдайды, сондай-ақ басып алынған аумақтардың демографиялық құрамын күштеп өзгерту шараларын орынсыз санайды.
Біздің мемлекетіміз Палестина халқының ұмтылыстарына халықаралық қолдауды жұмылдыру ісіне айтарлықтай үлес қосты. Қазақстан 1967 жылғы шекара шеңберінде тәуелсіз Палестина мемлекетінің құрылуын жақтайды. Мұндай ұстанымымыз ИЫҰ СІМК-нің Астана декларациясында, Елбасының БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-отырысы барысында сөйлеген сөзінде, сондай-ақ БҰҰ БА шеңберінде жыл сайын сыртқы істер министрлері деңгейінде өткізілетін Үйлестіру кездесуінде қабылданған Палестина декларациясында ашық айтылды. Бұған қоса, Қазақстан Палестинаның 2011 жылы ЮНЕСКО-ның мүшелігіне қабылдануын қолдады.
Екі ел арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық айтуға тұрарлық. Мәдени-гуманитарлық әрекеттестік жөніндегі келісімге сәйкес, 1999 жылы 5 қазақстандық студент «Араб тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша Газа секторындағы Мемлекеттік педагогикалық институтта дәріс алды. 1998 жылы еліміздің жоғары оқу орындарына 10 палестиналық студент, ал 2003 жылы 5 студент қабылданған болатын. Қазіргі уақытта қазақстандық медициналық оқу орындарында 19 палестиналық азамат білім алуда.
Спорт саласындағы ынтымақтастық та даму үстінде. Палестиналық спортшылар Қазақстанда өткізілетін халықаралық жарыстарға қатысып жүр. Мысал ретінде, олардың 2011 жылғы қаңтар-ақпан айларында өткен 7 Қысқы Азия ойындарына қатысқанын айтуға болады.
2011 жылғы мамырда Қазақстан-Палестина ынтымақтастығы мәселелері Қазақстанның Иордан Хашимит Корольдігіндегі елшілігіне берілді. Бұған дейін бұл мәселелер еліміздің Израильдегі елшілігіне қарасты болған.
Былтырғы жылдың желтоқсан айында екі жақты қатынастар тарихында алғаш рет ПҰӘ орталығы – Рамалла қаласында Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына байланысты ресми қонақасы берілді.
Бүгінгі күні Палестина Қазақстанды халықаралық сахнада едәуір саяси беделі бар және елеулі экономикалық әлеуетке ие ел ретінде қарастыратынын атап айтқым келеді. Астанада Палестинаның дипломатиялық өкілдігінің қызмет етуі бұл мемлекеттің елімізбен қарым-қатынастарды дамытуға мүдделігінің дәлелі болып келеді.
Екі жақты әрекеттестіктің жоғары деңгейін менің Қазақстанның Палестинадағы елшісі қызметін қоса атқарушы ретінде тағайындалуыма келісімді (агреман) Палестина тарапынан өте қысқа мерзімде – 5 күннің ішінде беруінен байқауға болады.
Сонымен қатар, Палестинаның Қазақстандағы алғашқы елшісі болған Мұхаммед Таршаханиге тоқталғым келеді. Ол елімізде 10 жылдан астам уақыт қызмет істеп, дипломатиялық корпустың дуайені болды. Екі жақты қатынастарды нығайтудағы едәуір үлесі үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаев оны ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Жоғары деңгейдегі уағдаластықтарды жүзеге асыру мақсатында елшілік алдағы мерзімде өз жұмысын сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілетуге бағыттамақ. Себебі, қазіргі кезде әрекеттестіктің бұл түрі екі ел арасындағы әлеуетке толық сай келмей отыр.
Бүгінде екі жақты байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретін бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланған. Олардың арасынан Палестина басшысының Астанаға ресми сапарын ұйымдастыру, бірлескен үкіметаралық комиссияның 1-ші отырысын өткізу, Іскерлік кеңесін құру, сондай-ақ Қазақстанның Палестинадағы мәдени күндерін өткізу сияқты шараларды атап айтуға болады.
Бүгінгі күні құзырлы мемлекеттік органдар шарттық-құқықтық базаның аясын кеңейту жұмыстарын жүргізуде. Алғашқы қадам ретінде екі елдің сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар жөніндегі меморандумға қол қою пысықталуда.
2012 жылы Рамалла қаласында Қазақстан Республикасының Консулдығын ашу жоспары екі жақты қатынастардың одан әрі тереңдеуі мен дамуына едәуір серпін қосатыны күмәнсіз.
Қазақстан елшілігі екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толуын тиісті деңгейде атап өтуді жоспарлап отыр. Жыл бойы Астана мен Рамаллада түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Осы мерейтойға байланысты ұйымдастырылатын іс-шаралардың екі ел арасындағы қарым-қатынастардың тереңдеуіне және халықтардың өзара түсіністік пен достастығын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдіремін.
Қазақстан мен Палестина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 20 жыл толуын қорытындылай келе, қазіргі уақытта Қазақстан-Палестина қарым-қатынастары жаңа тарихи кезең алдында тұр деп айтуға болады. Біз екі жақты байланыстарды әрі қарай дамытып, өзара ынтымақтастық әлеуетін күшейту және әрекеттестіктің деңгейін жан-жақты жоғарылату бағытында Палестина тарапымен бірлесіп күш жұмылдыруға әзірміз.
Бұл мақсатымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтарда Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Қазақстан халқына Жолдауындағы басымдықпен толық сәйкес келеді. Себебі, онда: «Біз Батыспен қатар, Азия мемлекеттерімен өзара әрекеттесе отырып, теңдестірілген сыртқы саясатымызды жалғастырамыз», деп атап көрсетілген болатын.
Болат СӘРСЕНБАЕВ, Қазақстан Республикасының Палестинадағы елшісі.