Бейсенбі, 12 сәуір 2012 7:39
Кеше «Рейтер» ақпарат агенттігі Солтүстік Корея ғарыштық технологиялар комитеті ресми өкілінің мәлімдемесіне сүйене отырып, КХДР-дің «Ынха-3» зымыранына отын құюды бастағанын хабарлады.
«Ынха-3» зымыранын ұшырудың қай күнге белгіленгені кореялықтар тарапынан әлі құпия сақталып отыр. Ғарыштық технологиялар комитетінің ресми өкілі өзінің мәлімдемесінде «зымыранға отын құю белгіленген уақытта аяқталатынымен» шектелген.
Бейсенбі, 12 сәуір 2012 7:39
Кеше «Рейтер» ақпарат агенттігі Солтүстік Корея ғарыштық технологиялар комитеті ресми өкілінің мәлімдемесіне сүйене отырып, КХДР-дің «Ынха-3» зымыранына отын құюды бастағанын хабарлады.
«Ынха-3» зымыранын ұшырудың қай күнге белгіленгені кореялықтар тарапынан әлі құпия сақталып отыр. Ғарыштық технологиялар комитетінің ресми өкілі өзінің мәлімдемесінде «зымыранға отын құю белгіленген уақытта аяқталатынымен» шектелген.
Солтүстік Корея наурыз айының ортасында өздерінің «Ынха-3» зымыран ұшырғышын ұшыруды сәуір айына жоспарлап отырғанын жария еткен еді. Кейбір ақпарат көздері зымыран 12-16 сәуір аралығында ұшырылуы мүмкін екендігін де хабарлаған. Жапония мен Оңтүстік Корея егер солтүстіккореялықтардың зымыранының ұшу траекториясы өздерінің аумағы арқылы өтетін болса, оны атып түсіретіндігін мәлімдеген-ді. Енді бұған Ресей де қосылды.
БАҒЫТЫН ӨЗГЕРТУГЕ МӘЖБҮР БОЛДЫ
Жапония қорғаныс министрлігі Жапон теңізіндегі «Меко» эсминецінің үстінен ресейлік Ил-38 барлаушы ұшағының өткенін мәлімдеді. Бұл жөнінде «Интерфакс» агенттігі хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, «Меко» эсминеці Солтүстік Кореяның «Ынха-3» зымыранының ұшырылуын күтіп тұрған көрінеді.
Ресейдің екі ұшағы сейсенбі күні Хонсю аралының оңтүстік-батысында байқалған. Қазіргі уақытта «Меко» эсминеці дәл сол жерде қауіпсіздікті күзетуде. Жапония қорғаныс министрлігі шұғыл түрде екі истребительді аттандырған, олар Ил-38 ұшағын шығарып салған. NHK телекомпаниясының хабарлауынша, содан кейін ресейлік ұшақтар өздерінің ұшу бағытын Хонсю аралының солтүстігіне қарай өзгертуге мәжбүр болған.
ПАРЛАМЕНТТІК САЙЛАУ МАМЫРДА ӨТЕДІ
Социалистер жетекшісі Георгиос Папандреу басқаратын Грекия үкіметі 2011 жылғы қарашада отставкаға кеткен болатын. Осыған байланысты елде мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізу туралы шешім қабылданған еді. Кеше соның мерзімі 6 мамырға белгіленді.
Бұл парламенттік сайлау экономикалық дағдарыс құрсауындағы Грекия үшін қиын болатын сияқты. «Рейтердің» жазуынша, сайлауда дауыс берудің нәтижесі қалай болатынына саясаттанушылардың өзі болжам жасай алмай отыр. Өйткені, қазіргі кезде биліктегі коалиция құрамына кіретін ПАСОК және «Жаңа демократия» партияларының экономикалық қатаң шараларға баруына байланысты халық арасындағы беделі төмендеп кеткен. Сондықтан бұл партиялар парламенттегі басымдықтарынан айырылып қалуы мүмкін.
ҰШҚЫШСЫЗ АППАРАТТЫ СЫНАҚТАН ӨТКІЗДІ
Грузияның қорғаныс-өнеркәсіп кешені өздерінің тұңғыш ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппаратын жасап шығарды. Оны сынақтан өткізуге ел президенті Михаил Саакашвили қатысты. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, аппарат сынақтан табысты өткен.
«Грузиндерде әскери-инженерлік талант бар. Америкалық ең жақсы ұшақты Картвелишвили ойлап тапқан», – депті М.Саакашвили журналистерге берген сұхбатында. Осы жылдың 10 сәуірінде сынақтан өткізілген аппарат шекараны күндіз-түні бақылауға, аэрофото түсіруге, сондай-ақ радиациялық қадағалау мен радиоэлектрондық барлауға арналған. Қазіргі кезде Грузияның қарулы күштерінде 2007 жылы Израильден сатып алған ұшқышсыз басқарылатын 40 аппарат бар екен.
ПРЕЗИДЕНТТІК БӘСЕКЕДЕН БАС ТАРТТЫ
АҚШ президенттігіне республикашылардан кандидаттық үшін күреске түскен әрі Митт Ромнидің негізгі бәсекелесі, бұрынғы сенатор Рик Санторум президенттік бәсекені әрі қарай жалғастырудан бас тартты. Бұл жөнінде «Рейтер» агенттігі хабарлады.
Рик Санторум бұған дейін республикалық праймеризде 275 делегаттың дауысына ие болып, екінші орынды алған еді. Ал Митт Ромниге 650-ден астам депутат қолдау білдірді. Республикашылардан президенттікке ұсынылатын кандидат 2012 жылдың тамазына дейін 1144 делегаттың қолдауына ие болуы қажет. Келесі праймерз 24 сәуірде елдің төрт штатында өтеді.
ЗІЛЗАЛА КҮШІ 8,6 БАЛЛҒА ЖЕТТІ
Кеше Индонезияның Суматра аралының жағалауында күшті жер сілкінісі болды. АҚШ-тың геологиялық қызметі оның магнитудалық белгісі 8,9 балл болды деп тіркеген. Артынша оны 8,6 баллға төмендетіпті.
Зілзаланың эпицентрі – Банд-Ачех қаласынан 308 миль қашықтықта. Зілзала дүмпуі, сондай-ақ Тайланд, Үндістан және Сингапур елдерінің аумақтарында да сезілген. Индонезияның зардап шеккен аудандарында электр энергиясын беруде кідіріс байқалған. Зардап шеккендер және құрбан болғандар жөнінде ақпарат жоқ.
Қысқа қайырып айтқанда:
* Ким Чен Ын Корея еңбек партиясының жетекшілігін қолына алды. Енді ол КХДР-дің барлық билігіне ие болды.
* Қытайдың танымал саясаткері Бо Силайдың зайыбы Гу Колай британдық бизнесменді өлтіруге қатысы бар деген күдікпен қамауға алынды.
* Түркіменстанның барлық салалық министрліктері мен ведомстволары өздерінің хоккей командаларын құрады. Ел президенті осындай нұсқау берген.
* Ливияның жаңа билігі өткен жылдың күзінде тұтқынға алынған Украина азаматтарының бір бөлігін бостандыққа шығарды.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.