Қалай? Неге? Кім кінәлі? Әзірге бұл сауалдарға нақты жауап жоқ. Екі бірдей қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесі жарияланар, бірақ одан Жайықтың аянышты халі оңала ма? Әңгіме – Атыраудағы балықтардың қырылуы туралы. Өткен жылдың соңына қарай облыс орталығының іргесіндегі Перетаска өзегінде, кейін Жайықта су маржандарының жаппай қырылу дерегі тіркелді. Су айдынынан 4,1 тонна өлі балық жиналып алынды.
Өкініштісі, жұт Жайықтағы қара балықтарға ғана келген жоқ, өңірдегі бекіре балық өсірумен айналысатын екі зауытқа қатер төнді. «Жайық-Атырау» бекіре өсіру зауытында 1,7 тонна, «Луговой жылқы зауытында» ЖШС-ға қарасты бекіре өндіру зауытында 101 тонна бекіре балық айдын-күннің аманында қырылып қалды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев тұрғындармен есептік кездесуде бұл жағдайдан сырт айналып кетпеді. «Алғашқы су сынамаларының қорытындылары хлоридтің рұқсат етілген шекті мөлшерден екі есе артық болғанын анықтады. Сондай-ақ тірі және өлі балықтардан сынама алынып, сараптама аммиакқа оң нәтиже көрсетті. Тексеру жұмыстары жіті бақылауда, кінәлілер анықталып, жазаланады», – деп атап өтті.
«Сасықсайдың» салдары ма?
Өңірдегі ірі кәсіпорындар тарапынан табиғатқа жанашырлықпен қарамау деректері жиі кездесетіні рас. Миллиондап айыппұл төлейді. Жағдай тағы қайталанады. Атыраудың басты байлықтарының бірі саналатын балық қырылып қалған кезде көпшіліктің басына келген әуелгі ой да осылай болды. Мұны белгілі эколог-ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұфтах Диаров та жоққа шығармайды. «Өзендегі балықтардың өлуіне табиғи-антропогендік факторлар әсер етуі мүмкін, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаға салғырт қарауларының да салдары болуы ықтимал», дейді академик. Жайық арнасының тарылып, түбі тайыздалып, суы ластанып бара жатқаны жайлы мәселе бұрыннан бар. Өткен жылы «Жайық-Каспий» бассейнінің және Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің түптерін тереңдету жұмыстары басталды. Өңірдің экологиялық жүйесі үшін аса маңызды бұл шараға біраз қаражат бөлінді. Облыстық балық шаруашылығы басқармасы құрылды. Балық өнеркәсібіне қатысты жаңа жобалар қолға алына бастаған мезетте осындай жағдайдың болуы әрине, көңілді түсіреді.
«Атыраудағы экологиялық ахуалдың оңалмауына кәсіпорындардың өндірістік қалдықтары, сарқынды лас сулар кері әсерін тигізіп отыр», дейді М.Диаров.
Ғалым бұл ретте өткен ғасырдың орта тұсында салынып, бүгінге дейін қолданылып отырған «Сасықсай» полигонының пайдасынан зияны көп екенін айтады. Булану алаңында 70 млн текше метрге жуық лас сұйық қалдық жинақталған. Жерасты суларына жүргізілген зерттеулер мұнай өнімдерінің концентрациясы, күкіртсутегі мөлшері шамадан асып кеткенін көрсетіп отыр. «Қай күні екенін тап басып айта алмағаныммен, түбінде «Сасықсайдағы» лас сулардың Жайық пен Каспийдің жағалауларына құйылуы әбден мүмкін. Оның алдын алу үшін булану алаңының батыс бөлігінен Жайыққа дейінгі аралықтағы гидрогеологиялық ұңғымаларды бұрғылау керек», дейді ғалым. Бұл мәселе де жақын жылдары шешілер деген үміттеміз, өйткені облыс орталығында жаңа кәріз суын тазарту кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Қазір кәріз суы «Сасықсайға» жеткенге дейін тазартудың толық сатысынан өтпейді, бұл өз кезегінде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға кері әсерін тигізіп отырғаны анық. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Амановтың айтуынша, нысан биыл жыл соңына қарай іске қосылады, сол кезде «Сасықсай» да жабылады.
Академик айтып отырған қауіп-қатерлер де жорамал түрінде қалса игі.
Эколог Бостан Сүлейменов те балықтардың өлуіне өзен суындағы өндірістік қалдықтардың кесірі тиді деген пікірде. «Біз уақыт өткізіп алдық, сол себепті балықтың нақты неден қырылғанын анықтау оңай емес. Мәселеге біржақты қарауға болмайды», дейді ол.
Жайықта балық қалды ма?
Бұл сауалға да жауап беру қиын. Жайықтың тазалығы – судағы тіршілік иелеріне ғана емес, осы өңірде өмір сүріп жатқан жұрт үшін де нөмірі бірінші проблема. Сондықтан да болып жатқан жағдайға бей-жай қарамаған жергілікті тұрғындар өзенді өлі балықтан тазарту жұмысына атсалысып жатыр. Өткен жексенбіде өзен жағалауына шыққан 150-ге жуық атыраулық су бетінде қалқып жүрген 1,3 тонна балық жинады.
– Мексика шығанағында мұнай төгілген кезде жағалауды өлі балықтан тазартуға жергілікті тұрғындар мен фермерлер қатысқанын көрдік. Бүгін бізде де жұртшылық су айдынын тазартуға ниет білдірді. Бұл – халықаралық тәжірибе. Өзіміз өмір сүріп жатқан ортаның қауіпсіздігіне өзіміз жауапкершілік пен қарамасақ, тазалықты қамтамасыз ете алмаймыз, − дейді ұйымдастырушы-еріктілердің бірі Шынар Ізтелеуова.
Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы өзенді тазарту шараларына «Арнаулы автобаза» ЖШС қызметкерлері мен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары ғана емес, жергілікті тұрғындар да қатысып жатқанын айтады. «Бұл бастамаға қуаныштымыз, адамдардың табиғатқа, Жайыққа деген жанашырлығын, қолдарынан келетін көмектерін аямайтынын көрдік», дейді басқарма басшысы.
Балық өлекселері жиналып, актіленген соң жойылған. Ал барлық мәлімет қылмыстық істердің материалдарына тіркелді. Алдағы күндері өзен мұздан толықтай тазарады, арнаны тазартумен балық аулау кооперативтерінің тәжірибелі мамандары айналысады.
«Атамекен Эко» қоғамдық қорының жетекшісі Арман Хайруллин бұл іске еріктілердің араласқаны дұрыс болғанымен, су айдынын толық тазартуға күш жеткіліксіз дейді. «Қазір Жайықтың қайраңында және жағасында мыңдаған тонна өлген балық жатыр. Егер оны күн жылығанша жинап үлгермесек, өлекселер саси береді. Ішіп отырған суымыздың санитарлық жағдайы нашарлайды, кінәліні тапқанша қол қусырып қарап отырмауымыз керек», деді қоғам белсендісі.
Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Амантай Жұмағалиевтың айтуынша, Жайық өзенінің түрлі нүктелерінен күн сайын дерлік сынамалар алынады. Санитарлық нормадан ауытқу анықталмаған. Бір көңілге медеуі, судан немесе балықтан улану дерегі тіркелген жоқ. Ветеринарлық қызмет пен полиция өкілдері сауда орындарындағы балық өнімдерін бақылауда ұстап отыр.
Өткен жылы өңірде 7 277 тонна балық өнімі өңделген еді. Әне-міне дегенше көктемгі балық аулау маусымы да басталады. Биылғы көрсеткіштің қандай боларын болжаудың өзі қиын. Балық қырылуын тексеруге қатысты құрылған ведомствоаралық комиссия оқиғаның себеп-салдарын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатқанымен, әзір нақты қорытынды айтпады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов: «Тергеу құпиялылығын сақтау мақсатында кейбір жайттарды жария ете алмаймыз. Ең бастысы, не болғанын хабарлау емес, Жайықты құтқару. Әртүрлі арандатушылыққа және астыртын түрде кедергі келтірушілерге жол бермеуіміз керек», деп атап өтті. Жайықтан жиналып жатқан балықтар былтыр желтоқсанда өлгені, жаңа деректер жоғы ғана мәлім.
Бақытгүл БАБАШ,
«Egemen Qazaqstan»
АТЫРАУ