• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2010

ОТАНЫНА ОРАЛҒАН ӘЙЕЛДЕРДІ ДЕ ҰМЫТПАЙЫҚ

884 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда еліміздің қо­ғамдық саяси, әлеуметтік эко­но­микалық, мәдени-рухани өмі­рінде әйелдер араласпайтын са­ла­лар кемде-кем. Олардың от­басы, ошақ қасындағы баға жетпес рөлімен қоса, қоғамдық белсенділігін көтеруде гендерлік теңдік стратегиясының даму бағдарының игі істері баршы­лық. Әйтсе де қоғамда алатын орны ерекше сол әйел азамат­та­рымыз басынан өткеріп отыр­ған өзекті мәселелердің көбі тұрмыстық жағдаймен ті­келей байланысты болып отыр. Кейбір жағдайда айтар­лықтай қабілетті, қоғамдық қызметтерге пайдасы тиетін жақсы идеялары бар қыз-келін­шектер қоғамдық қызметте белсенділік таныта алмай ке­леді. Демек, олардың әлеумет­тік жағдайына әлі де көбірек мән беруіміз қажет. Бұл қа­тар­ға, әсіресе, жалғызбасты әйелдер мен көп балалы аналар жатады. Өйткені, әлеуметтік маңызы бар жобаларда оларға арнайы басымдық берілмеген. Осыған байланысты мемле­кет­тік әлеуметтік маңызы бар жо­баларды қарастырған кезде шалғайдағы елді мекендер мен ауылдық жерлерде тұратын әйелдер үшін гендерлік теңдік стра­тегиясының мәнін түсін­діру қажеттілігі туындайды. Шетелден отанына оралған әйелдердің арасында ғылымның жетістіктерін еркін меңгерген, құқықтық, әлеуметтік, саяси-экономикалық сауаты бар әйелдер аз емес. Бірақ олардың көбі тіл мәселесіне, Қазақстан Рес­публикасындағы заңды­лық­тарды жеткілікті білмеуіне байланысты қоғамға толық араласа алмай отыр. Осыған байланысты “Жаңа өмір” қо­ғамдық бірлестігі ауылдық жерлерде тұратын әйелдердің құқықтық мәдениетін арт­тыруға көмек көрсететін және ортаға бейімделуіне мүмкіндік беретін ресурстық орталықтар құруды көздейді. Оның басты мақсаты – әрбір адамның өзіне Ата Заңмен кепілдік берілген экономикалық, әлеуметтік, азаматтық және саяси құқықтарды пайдала­нуына, жеке тұлға ретінде мұ­ратына қол жеткізуіне жәр­демдесу. Жобаланған іс-шара­ларды жүзеге асырған жағдайда, әлеуметтік саладағы келеңсіз­діктер жойы­лады, нақты мәсе­лелер шешімін тауып, өз сеп­тігін тигізсе жұмыстың өзек­ті­лігі осында деп білеміз. Ол үшін: жырақтағы елді мекен­дерде тұратын әйелдер үшін гендерлік теңдікті дамыту және нығайту, қоғамдық сана­дағы әйелдер мен ерлер құқық­тарына қатысты келеңсіз таптаурындарды еңсеруге жәрдемдесу; ана мен баланың Ата Заңда көрсетілген құқықтарын  қам­тамасыз ету мақсатында қа­зақ­стандық заңнаманы түсін­діру бойынша зерттеу жасап, жұмыс жүргізу қажет. Енді еліміз тәуелсіздігін алғалы бері шеттен оралған ағайы­нның қосып отырған үлестерін қарап көрейік. 2010 жылғы статис­ти­калық деректер бойынша Қазақстанға 201309 отбасы, яғни 789339 этникалық қазақ­тар оралған. – Ерлер 368313, (46,7%) әйелдер 421026 (53,3%); – еңбекке жарамды ерлер 202341, әйелдер 226627 барлығы (54,3%); – жастар 325659, ұл бала­лар 150979, қыздар 174680 барлығы (41,3%); – зейнеткерлер 34712, ерлер 14993, әйелдер 19719 барлығы (4,4%); – жоғары білімді мамандар 38826 (9,1%); – орта білімді мамандар 88711 (20,7%); – жалпы орта білімділері 272673 (63,6%); – бастауыш білімділері 28758 (6,7%). Бұл көрсеткіштер алдымен еліміздегі тұрғындар санының өсуі; екіншіден, жұмысшы қолы­ның жетіспеушілігі; үшіншіден, Қазақстандағы мемлекеттік тілдің мәселесін жақсарту, төртіншіден, еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету; бесіншіден, елімізден тыс жер­дегі қазақтардың ассимилия­ция­лану үрдісін тоқтату сияқты мәселелерді шешуге де қызмет етіп отыр. Мемлекеттік тілді өмірдің барлық саласына кіргізу үлкен мәселеге айналып отырған біз­дің елде жырақта жүрген бауырларымыздың атамекеніне оралуы тілдік ортамыздың да кеңеюінің бір шарты. Ұлттық саясаттың өзекті мәселе­лерінің бірі және бірегейі де осы. Лашын БОХАНҚЫЗЫ, “Жаңа өмір” қоғамдық бірлестігінің төрайымы. БЕЙБІТКЕ ЕЛ СЕНЕДІ Өйткені, оның дәрігер ретінде де, мәслихат депутаты ретінде де тындырған ісі бір төбе Бейбіт жұмыс кабинетіне келіп, ор­ны­на жайғасқаны сол еді, телефон шы­рыл­дап қоя берді. Телефонның арғы жағынан ер адамның дауысы естілді. Бейтаныс жан өзін “Спутник” пәтер иелері ко­опе­ративінің төрағасымын” деп таныстырды. Жазбаша шағым қалдырып кеткенін жеткізді. “Біз сізді биліктегілерге сөзі өтім­ді, қарапайым жандардың өтініш-тілектеріне сергек қарайтын депутат ре­тінде білеміз. Сондықтан үлкен үміт ар­тып отырмыз” деген сөзді қосып қойды. – Алдымен хатыңызды оқып, жағдайды зерделеп алайын. Кейін өзім міндетті түрде хабарласамын, – деді Бейбіт. Хатшы қыз хатты жедел мәселелерге арналған пап­кіге салып қойған екен.Танысып шықты. Қаланың ортасында тұратын көп қабатты тұрғын үй иелерінің дабыл қағарлықтай жөні бар сияқты. Әлдебір шенеунік­тер­дің солақай шешімі салдарынан күл-қоқыс төгетін алаңға арнайы көліктің баратын жолы кесіліп қалғанға ұқсайды. Былай қарасаң, заматта шешіп тастайтындай жеп-жеңіл іс көрінгенімен, қаншама алтын уақытты рәсуә ететін, талай есіктерді тоздыратын қағаз­бас­ты­лық, бюрократтық мехнатын айт­саңшы. Тосыннан киіп кететін мұн­дай басы артық шаруаларға бас дәрігердің еті әбден үйреніп кет­кен. Қарбаласқа толы қоғам­дық жұмыстарды да негізгі кәсі­бі­нің ажырағысыз бір бөлше­гін­дей көреді. Бәріне уақыт тауып, үлгеріп жүргені. Ол кешегі “Нұр Отан” ХДП қалалық ұйымының жиынын тағы бір ой сүзгісінен өт­кізді. Онда Елбасының Жол­дауы­нан туындайтын міндеттерге байланысты насихат-ақпарат то­бының атқарған іс-шаралары талқыға түскен болатын. Бейбіт Мұқышқызы топтың белсенді мүшесі ретінде өз ұсыныстарын айтып, халықтың әлеуметтік белсенділігін жандандыруға әркез көңіл бөліп, жасындай жарқыл­дайтын қасиетіне партиялас әріптестері осы жолы тағы бір риза болысқан еді. Осыдан тоғыз жыл бұрын Петропавл қала­сын­дағы №2 ауруханаға басшылыққа қалай келгенін еске түсірді. Жөндеу көрмеген палаталар еңсе түсіретін. Жас дәрігерлерді жалақының аздығынан бұрын баспана жайы қатты қинайтын. Бүгінде аурухананың ғимараттары кірсе шыққысыз. Ақылы меди­ци­налық қызметтен түскен табысты жас мамандардың пәтерақысына төлеу жүйесін бір ретке келтірді. Қызметтік пәтер алып беруге тікелей жәрдемдесті. Бейбіт Мұқышқызын кар­дио­лог дәрігер ретінде жүрек-қан тамырлары ауруының облыста да өршіп бара жатқаны қатты ой­лан­дыратын. Иә, ауруханада 80 тө­сек­тік екі кардиологиялық бөлім­шенің жұмыс істеп тұрғаны аздық етпейтін секілді. Соны малданып жүре берсе де болар еді. Алайда, әлем бойынша аса қатерлі дерттен көз жұмып жатқандар, есепте тұр­ғандар облыста аз емес! Шыбын жанын шүберекке түйіп, Ресейдің қалаларына, Астанаға, Алматыға барып емделуге екінің бірінің қал­тасы көтере бермесі анық. Науқас­тар­ды ажал құрсауынан арашалау­дың жалғыз жолы – жергілікті жерлерде жүрекке ота жасайтын кардиохирургиялық бөлімшелер құруға қол жеткізу. Б.Мұстафина депутаттық өкілеттігін, тағы басқа мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өзі жетекшілік ететін емдеу орны жанынан кардиологиялық орталық ашуға республикалық қазынадан қаражат бөлдірудің бел ортасында жүрді. Ұсыныс-өтініштерге Үкімет түсіністікпен қарап, жарты мил­лиард теңге қарастырылды. Арнайы ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, шетелдің заманауи медициналық аппараттары мен құрал-жабдықтары алынды. Дәрігерлер мен мейір­би­ке­лердің кәсіби біліктілігін шыңдау мақсатымен сырт елдерге оқуға жі­берілді. Сөйтіп, 2008 жылы ел Тәуел­сіздігі мерекесі күні кардио­ло­гиялық бөлімше өз есігін айқара ашты. Соған орай, емхананың мәр­тебесі де өзгеріп, кардиологиялық орталық деген жаңа атауға ие болды. – Содан бері сапалы медицина­лық қызмет көрсетудің жаңа үлгі­сі­мен айналысып келеміз. Бүгінде орталықта 240 төсек бар. Былтыр ашық жүрекке 50, жабық жүрекке 19 операция жасалды. Бұл осынша жанның өмірін сақтап қалдық де­ген сөз. 600 науқас кардиологиялық тексеруден өткізілді. Ашық жүрекке ота жасау 900 мың теңгеге түседі екен. Бұрындары әрі кетсе, 5-6 нау­қасқа ғана квота берілетін. Қазір тегін атқарылады. Шалғай елді ме­кен­дерден келу­шілер аз емес. Ли­тваның, еліміздің тәжірибелі кардио­хирургтары опе­ра­ция жасап, біздің дәрігерлерді ота жасаудың қыр-сы­рына үйретіп жүр. Олардың қа­та­рын­да И.Шумаков, С.Крас­нов, М.Құ­драттолаев секілді тәжірибелі ма­мандарымыз бар. Медицинаның ға­жап жетістігін қолданудың арқа­сында талай нау­қас­тар құлан-таза айығып, отба­сы­ларымен қауышты. Енді жүрек ауруының кез келген түріне ота жасау мүмкіндігіміз бар. Сырқаттың диагнозы да тез анықталады әрі нақты қойылады. Операциядан кейін ұзақ уақыт бойы төсекке таңылып жатпайды, – дейді Бейбіт Мұстафина. Ақ халатты абзал жанның ту­ған жер төсін өркендетуге там­шы­дай үлес қоссам, адамдарға қуа­ныш, күлкі сыйласам деген тәтті үміт-тілегі ақ армандарға бастап, биік шыңдарға жетелеп келеді. Облыстық мәслихаттың депутаты болған жылдары да оның өміріне ұмытылмастай із қалдырды. Сай­лау­шылардың тапсырған амана­тын орындау жолында небір қиын­дықтарға кездессе де, тауы шағылып, мұқалған емес. Бүгінде Петропавл қалалық мәслиха­ты­ның депутаты ретінде де өзіне үлкен сенім артқан адамдармен жиі кездесіп, сұхбаттасып тұрады. Қала әкімінің есепті кездесулеріне қатыса жүріп, өзі халық қалау­лы­сы атанған сайлау учаскесіне қа­тысты проблемаларды жіпке тіз­гендей жазып алуды ұмытпайды. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, билік орындарымен бі­лек біріктіре отырып талай ша­руаның басын қайырып тастайды. “Нұр Отан” ХДП партиясы қала­лық ұйымының бюро мүшесі ре­тінде де атқарған істері – бір төбе. Әсіресе, әлеуметтік салалар­ға қатысты қадау-қадау мәселе­лер­ге келгенде оның үні әркез ба­тыл шығады. Іс мүддесіне кел­ген­де әділдіктің ақ жолынан тайған емес. Оның сенім мен жауапкер­ші­лік жүгін арқалап келе жатқанына 39 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында бейнеттің зейнетін де бір адамдай көріп, талай мара­пат­қа ие болды. “Шапағат” медалін кеудеге жарқырата тақты. Елба­сы­ның құрмет грамотасын алды. Ол басқаратын емдеу орны респуб­ли­ка денсаулық сақтау мекемелері арасында ең үздік атанды. “Жыл адамы” ретінде таңдаудың оған түсуі де кездейсоқ болмаса керек. Міне, емі шипалы дәрігер ба­ғын­дырған биік шыңдар осындай. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы. ҮКІЛІ ҮМІТ Өскемендік Настя Сопрунова төменгі сыныпта оқып жүрген кездің өзінде спорт десе, оның ішінде, жеңіл атлетика десе ішкен асын жерге қоятын. Жеңіл атлетиканың түрі көп, ал 60 және 100 метрге кедергілер арқылы жүгіру кім көрінгеннің қолынан келе бермейтін қиын да күрмеуі көп спорт түріне жатады. Мектепте оқып жүрген кезде түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрді. Ал осыдан 15 жыл бұрын, яғни тоғыз жасында белгілі бапкер Татьяна Назарованың көзіне іліккен соң балғын қыздың бағы жана бастады. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Т.Назарова Кенді Алтайда спорттың да­муы­на ерекше үлес қосқан белгілі бапкер. Ондаған спорт шеберлері мен халықаралық дәрежедегі мықты саңлақтарды тәрбиеледі. Өскемендік О. Рыпакова, И.Науменко және  басқа желаяқ қыз­дардың бағын ашып, үлкен спортқа жол­да­ма берген Татьяна Анатольевна болатын. Ке­дергілер арқылы жүгіруге бейімі бар қыздарды тәрбиелеу оңай шаруа емес. Күніне бес-алты са­ғат жаттығу, демалыс күндері биік тау шат­қал­дарына шығу, таза ауада демалумен бірге өзін-өзі шыңдау аз уақыттан кейін нәтижесін бере бастады. Алғашқы жеңіс 2002 жылы елі­міздегі мектеп оқушылары арасындағы бірінші спартакиадада қол бұлғады. Ұзын бойлы, ашаң жүзді сүйкімді қыз қарсыластарының бәрін қапы қалдырып, алтыннан алқа тақты.  Арада біраз уақыт өткеннен кейін Алматыда жас­өс­пірімдер арасында Орталық Азия елдері жүй­ріктерінің қатысуымен халықаралық жарыс өтті. Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Қазақстан спортшылары арасында талай саң­лақ­тар бар болып шықты. Біздің жерлесіміз на­мысты қолдан бермей, қола медальды иеленді. Бұл табысқа Анастасия Сопрунова жаттығатын Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырыл­ған балалар мен жасөспірімдердің олимпиада­лық резерв спорт мектебінің директоры Вла­ди­мир Тен қатты қуанып, шәкіртін телефон арқылы құттықтады. Уақыт зымырап өткен сайын Анастасия Ва­ле­рьевнаның шеберлігі шыңдала түсті. 2004 жылы ол Канадада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысып, жүлдеге іліне алмаса да ха­лық­аралық жарыстан тәжіри­бе­сін шыңдап қайтты. Келер жылы Шымкентте өткен жас­тар арасындағы біріншілікте екінші орынға ие болды. Ал 2006 жылдан бері Настя 60 және 100 метрге кедергілермен жү­гіруде алдына жан салмай келеді. Бұдан екі жыл бұрын Катарда өткен Азия чемпио­на­тын­да да айы оңынан туып, күміс жүлдеге ілінді. Ал былтыр Вьетнамның Ханой қаласында өткен Азия ойындарында қола жүлдеге ие болып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген атақты иеленді. Австралияның Сидней қаласында өткен Жазғы Олимпиада ойындарында желаяқ қызы­мыз Ольга Шишигинаның 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруде алтыннан алқа таққанын жақ­сы білеміз. Настя Ольгаға еліктейді, сондай бол­сам деп армандайды. Ольганың ізбасары Нас­тяның болашағы зор. Ол қазір Лондонда өтетін Олимпиада ойындарына әзірленуде. Жақында өзі жаттығатын олимпиадалық резерв спорт мектебінде болған кезде оған көз жеткіздік. Бізді мектеп директоры Владимир Тен қарсы алды. Бұл мектептің атақ-даңқы көпке белгілі. Аталмыш спорт мектебі Қазақстан тәуелсіздік алғалы еліміздің атақ-даңқын шығарған талай саңлақтарды баптап ұшырған. Мәселен, 1996 жылы Атлантада мектептің үш бірдей түлегі өнер көрсетті. Олар: ауыр атлет А.Охрименко, байдарка есуші Д.Торлопов, дзюдошы Руслан Сейілханов. 2000 жылы Сиднейде И. Науменко мен дзюдошы Р.Сейілханов нашар өнер көр­сет­кен жоқ. Афинадағы Олимпиада ойындарында да И.Науменко мен М.Колганов жерлестерімізді жерге қаратпай, олжалы оралмаса да бел ортадан орын алды. Ал Бейжіңдегі желаяқ қызымыз Ольга Рыпакованың төртінші орны оның Лондоннан медальмен қайтатынын дәлелдей түскендей. Себебі, оның әкесі, бапкері С.Алексеевпен  жолығып, әңгімелескенімізде үміт отын жаққандай болды. – 2005 жылдан бері біздің мектептің 14 түлегі халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 64 қыз-жігітіміз спорт шебері нормасын орындады. Бұл үлкен нәтиже. Өткен жылы “Жол картасы” бойынша біраз шаруалар тындырылды. Мақсатымыз – Лондондағы Жазғы Олимпиада ойындарында шәкірттеріміздің кем дегенде бір медальды иеленуі болып отыр. Осы мақсатта жұмыс жасап жатырмыз. Сол төртеудің бірі – Анастасия Сопрунова. Ол әлі жас, болашағынан үміт күттіреді, – деді директор В.Тен мырза. Жастық жалыны жалындаған Анастасия қазір Шығыс Қазақстан мемлекеттік универ­си­те­тінің ма­гис­тратурасында білім алуда. Уни­вер­ситет рек­то­ры Бейбіт Мамраев Настяның ке­ле­ше­гінен үміт күтетінін айтады. Несі бар, біз де соған сенеміз... ҰЛМЕКЕННІҢ ІЗБАСАРЛАРЫ КӨП Қызылорда облысында 1964 жылы “Жақаевшылар” қозғалысы кеңінен өрістеп, бүкіл облыс жастарына Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың күріш егуге шақырған арнау хаты талайларға қозғау салды. Сол үндеуге “жалағаштықтар” арасында өмір көрген Ұлмекен Төлегенова да үн қосып, өз алдына күріш егеді. Жер несібесі ме? Әйтеуір Ұлмекеннің 25 гектар күріші бітік болып, абыройға ие бола бастаса, келесі жылы қарамағындағы 30 гектар күріштің әр гектарынан 62,5 центнер өнім жинады. 1971 жылы әр гектардан 100 центнерден өнім алған аудандағы 4 күрішшінің бірі болды. Халқымызда “Еңбек түбі – зейнет”, “Еңбек ер атандырады” деген қанатты сөздер қалыптасқан ғой. Шынында да Ұ.Төлегенованы еңбегі ер атандырды, сөйтіп “Құрмет белгісі” ордені және Бүкілодақтық халық шаруашылығының күміс медалін жеңіп алды. Қазақ елін ұзақ жыл басқарған, Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев 1975 жылы Қызылорда облысында болған сапарында Жалағаш ауданы “Мәдениет” совхозындағы Ұлмекен Төлегенованың күріштігінде болып, қолынан дәм татқан. Сондағы ол кісі жүрген жол бүгінге дейін Қонаев жолы деп аталады. Сөйтіп, үздік еңбегінің нәтижесінде Ұлмекен Төлегенованың есімі республикаға кеңінен таныла бастады. Ұ.Төлегенова жыл сайын үкімет наградаларына ие болып отырды. Оның омырауында екі “Ленин”, “Октябрь революциясы”, Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” ордендері жарқырайды. “Мәдениет” ұжымшарының күріштігінде болған бір ақын: ...Қырмандарда қызған еңбек қарқыны, Жыл жемісін әкеледі әр күні. Білгендерге бар байлығы емес пе? Сыр елінің ақ күріші – алтыны”, – деп жазыпты. Шамасы Ұлмекеннің жыл сайынғы жемісін,  өмір жолын жетік білетіндер бұл өлең жолдарының кейіпкері Ұлмекен екенін айтпай-ақ таниды. Бар өмірін диханшылыққа арнаған бақытты ананың маңдайтерімен өрілген еңбегін бүгінгі ұрпақтары бағалап, аудан, облыс басшылығы қарапайым еңбеккерді құрметтеп жатса, қарт анаға деген құрмет келешек ұрпақтардың еңбекке деген құлшынысы мен ынтасын арттырмақ. Тынышбек ДАЙРАБАЙ, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылы. БАСШЫ БОЛСЫҢ АЙМАНДАЙ БОЛ Тарбағатай ауданында еңбе­гімен елге та­ныл­­ған әйелдер қата­ры аз емес. Со­лар­дың бірі аудан әкімінің орын­басары Айман Сай­лау­бай­қызы Түре­ке­нова. Өзі­нің ең­бек жолын жұ­мысшылар ара­сында мастер, прораб, экономист болып бастап, одан кейін де бірқатар жауапты жұмыстар атқарған ол аудан әкімі орынбасары қызметіне кіріскен беттен-ақ аудан бюджетін жаңа биікке көтерді. Бюджетке қатысты небір күрделі, қиын шараларды күн тәртібіне қойып, бірінен соң бірін кезегімен жүзеге асырды. 2003 жылы 700 млн. теңгеден басталған аудан бюджеті қазір 3,5 млрд. теңгеге жетті. Осыншама қаржының мақсатты түрде игеріліп, жұм­салуына бақылау жасауда қаржыгер ма­ман ретінде қарымдылық көрсетті. Аза­маттардың белі майысатын жүкті көтеріп отырған жаны нәзік қыз­дың қайратына халық дән риза. Иә, күн­де­лікті өзіміз көріп жүрген Айманның бас­шылық-ұйымдастыру қызметіндегі барлық іс әрекеті өз туған жерінің эко­номикалық беделін көтеріп, өрісін ке­ңей­туге жұм­салып отыр. Халықтың әлеу­мет­тік тұр­мыстық жағдайын жақсарту бағы­тындағы ел Президентінің “Жол кар­та­сы” бағдарламасы ауданымызда сәтімен іске асып отыр. Елбасымыздың Жол­дауы­нан туындайтын міндеттердің бірі “100 мектеп және 100 аурухана” бағдар­ламасы бойынша ауданда Үштөбе, Шорға елді-мекендеріне мектеп салынып, қысқа мерзімде пайдалануға берілді. Бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерінің бірі болған балалар-бақшасы мәселесі де өз шешімін табуда десек, Ақсуат ауылына 150 орындық бала-бақша салынып, ел игілігіне берілді. 2008-2009 жылдар аралығында жергілікті бюджет есебінен коммуналдық тұрғын үй бағдарламасы бойынша 14 үй салынды. “Таза су” бағ­дарламасы Көкжыра, Ахметбұлақ, Ақжар, Жамбыл, Құйған ауылдарында ауыз су мәселесі де қонымды шешілді. Бұл жерде Елбасының назарындағы мемлекет есебінен беріліп отырған қаржының елдің жағдайын жақсартып, мақсатты жұмсалуына жауаптылық көрсетуде Айман Сайлаубайқызының еңбегі зор . Аудандағы экономикалық басқару жүйесі, оны барлық салаларда тұрақ­тан­дыру міндетін сәтті шеше білу, дұрыс ше­шім қабылдай білу, өңірдің бәсекелестік жағдайын арттыруда Айманның білімі мен білігі, пайымы мен парасаты жетіп артылады. Айта берсе, бұған нақты мысалдар көп. Көпшілік куә болған, көз алдымызда атқарылған, бәріміз игілігін көрген шаралар. Айман Сайлаубайқызының мемлекетіміздің жергілікті тұрғындардың жағдайын жақсартуға халыққа беріп отырған қыруар қаржысын аудан әкімінің орынбасары міндетіне кіретін өз жұмысында мемлекетшілдік сана тұрғы­сында қарап, талапшылдықпен ұйым­дастыра алғандығы бәрімізді қуантады. Оның ісі мен сөзіне берік, табанды екеніне талайдың көзі жетіп, байқап сөйлеп, бар-жоқты бағамдайтын болды. Іскер, жаңа қалыптағы басшы екендігіне көздері жетті. Сырт көзге қаталдау, талапшыл болғанымен, досқа адал, барынша бауырмал, ақжарқын жан. Еңбегі де еленбей жатыр деуден аулақпыз. Қазақстан Конституциясының 10 жылдығына арналған мерейтойлық медалі, Қаржы министрінің, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірнеше мәрте марапаты бар. Жасыратын не бар, бүгінде ісі түсіп ал­ды­на барған адамдарды есігінен қа­ратпайтын басшылар аз емес. Ал Айман адамды үнемі ықыласпен қарсы алып, мәселеңді байыппен шешетін басшы. Сондай-ақ, ол Олжастай ұл тәрбиелеген аяулы ана, Ержанның асыл жары. Б.АМАНҚҰЛОВ, Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы. ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ, КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ АҚЫЛШЫСЫ Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағандының қалың қауымына танымал, әсіресе, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпкерлердің баршасына сүйкімді бір жан бар. Өзіміз куә болып жүргендей, Гүлнәр Құрбанбаеваның жанған оттай іскерлік, ұйымдастырушылық қасиеттері осынау ортада жарқырай көрінеді. Әрине, өңшең сайдың тасындай топқа ұйытқы болу, ортақ мақсатқа ұмтылдыру оңай шаруа емес. Солай ойлағанымен оның әр­дайымғы жарқын жүзі, тынымсыз қыз­меті мұны байқатпайды. Есесіне жақсы шара, жаңа ізденістерге құлшынысы олардың қай-қайсысын болса да үйіріп, баурап әкетіп, талпыныстарын жани түсетіндігі жұрттың бәрі сүйсінер қасиеті. Жайшылықта уақыттың жылдамдығы аңдалмайды. Шағын және орта бизнес буынындағылармен оншақты жылдан бері аралас екенін білеміз. Ал бұған қоса үкі­меттік емес ұйымдар жұмысын үйлестіру­ге құштарлықпен кіріскен бергідегі бес жылдағы белсенділігін айналып өте ал­майсың. Нақты айтқанда, кәсіпкерлердің облыстық қауымдастығының атқарушы директорлығымен бірге, өңірдегі Азамат­тық альянс президенті міндетін қатар атқарып келеді. Мақсат-бағыты түйіндес істер емес пе, екі тізгінді де тең ұстап, игі істерді өркендетіп отыр. Сөз орайында айта кетсек, кейінгі кез­де аймақта ҮЕҰ-дың қоғамдық өмірдегі беделі көтеріліп келе жатқандығы көп­шілік көңіліне жағып отырған құбылыс. Несін жасырамыз, оларға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар беріле бастаған кезде қайдан шыға келгендері белгісіз жыртылып айры­лардай санға жеткені есте. Қолымыздан келе ме, шамамыз жете ме демей, ауқымы таудай жобаларды алға тартып, бюджеттік қаржыландыруға тала­са-тармаса ұмтылған. Облыстық Азамат­тық альянстың құры­луымен байланысты талап күшейіп, таңдаулылардың таң­дау­лысына ғана сенім көрсетілуі ортадан қосылушылар меселін қайырды. Қазір тек нәтижелі, сапалы іс-қызметке сүйенген­дер­ге жол ашық. Соның ішінде кәсіп­кер­лікті қолдау мен дамыту қоры, “Кредо”, “Сау-ұрпақ”, “Бүркіт”, “Ба­лалық шақ”, “Лучик надежды” сияқты ұйымдар тұр­ғындар ризалығына бөленіп жүр. Олар­дың 19-ы Үйлестіру кеңесінің мү­ше­лері ретінде алға қойылған міндеттерді, өзекті мәселелерді бірлесе талқылап ше­шеді, ең маңызды жобаларды іске асыруға қатысады. Тәрбиесі қиын жеткіншектерге, мүгедек балаларға көмек-қолдау көрсету, қоршаған ортаны қорғау, нашақорлыққа қарсы күрес, жеке ісін бастаушыларды оқы­ту, құқықтық кеңес беру сияқты сан-салалы жұмыстарды да атқарады. Айта кету ке­рек, ҮЕҰ іс-қызметіне бақылаудың күшейтілуі жауапкершілікті жоғарылатып отыр. Бұл ретте Гүлнәр Төретайқызы ор­таға салғандай тұрақты түрде мони­то­ринг жүр­гізудің көп көмегі тиіп жүр . Міне, екі жылдан бері мемлекеттік әлеу­меттік тапсырыстар аясында қаржы бө­лін­ген жобалардың орындалуы сол арқылы зерттеледі екен. “Алайда, мони­торинг нәтижесі тендер өткізілу кезінде әзірге ескеруге алына қоймауы өкінтеді. Сондықтан заңнамалық ережелермен бекітілгені жөн саналады. Мұның өзі жұмыстары төмен бағаланған ҮЕҰ өзінің іс-қызметін сапалық деңгейін биіктетуіне еріксіз итермелер еді”, дейді ол. Жалпы, бұл төңіректегі қай әңгіме де оның жанды жеріне тимей өтпейді. Атқарылған, тындырылған істерінен гөрі көкейін тескен ойларға ойысқанда шешіле жөнеледі. Үкіметтік емес ұйымдар белсенділігін, беделін одан әрі өсіруде жаңа менеджерлік икемділік, би­лік органдарымен арада ашықтық, өзара байланыс үйлестігін жетілдіру қажеттігі айтылады сондайда. Мұндай толғамдар былтыр Германиядағы, Жапо­ниядағы бір айлық оқу-үйрену, тәжірибе жинақтау сапа­рынан соң тіпті толыса түскен. Мәселен, күн­шығыс елінде ҮЕҰ-ды жергілікті мем­лекеттік құрылымдар қоғамды дамытушы күш санайды, көме­гіне арқа сүйейді, заң шеңберіндегі еркін­дігіне қол сұғылмайды. Тұрғындардың олар туралы ақпараттық мағлұматтары мол. Мұндай үрдісті ұстану екі жаққа да пайдалы. Алдағы уақытта көріп-білгенді қолдануға бағытталған шараларды ши­рық­тыру содан туған соны талпыныс. Жергілікті ҮЕҰ жайлы айтылғанда, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстардың қаржыландырылуы жағынан еліміз бойынша алдыңғы орыннан табылып отыр­ғандығын атамасқа болмайды. Мә­се­лен, өткен жылы осы мақсатқа 200 мил­лион теңге бөлінсе, биыл да одан олқы емес. Іс-қызмет ауқымы соған сай болмақ. Гүлнәр Құрбанбаеваның кәсіпкер­лер­дің облыстық қауымдастығының атқару­шы директоры ретіндегі жұмысы да шаш­етектен. Аймақ бойынша 43,3 мың шағын және орта бизнес субьектілері белсенді қызметте, олардың құрамына 134 мыңнан астам адам қамтылған. Қатарды то­лық­ты­рушылар жылдан-жылға жеткілікті. Бұл қозғалысқа қосылушыларды кәсіп­кер­ліктің қыр-сырына қанықтыру, білімдерін ұштау басқаруындағы ұйым жүктеген бір міндет. Солардың кейбірін тілге тиек еткенде “Бизнес-кеңесші” бағдарламасы бойынша тілек білдірушілерге тегін қызмет көрсетілетіндігін алдымен атауға болады. Қаладағы жоғары оқу орындары экономист ғалымдарының өңірдің түкпір-түкпірінен келген тыңдаушыларға дәрістер оқуы жолға қойылған. Жаттығу сабақтары барлық аудандарда кезекпе-кезек өткізіліп тұрады.Бизнес-жоспар­ларды жасауларына көмек көрсетіледі. Өзі құтты шаңырақ ұйытқысы болса, қос немересі бар әйелге осынша қауырт та қызу, іс сапары жиі жұмыстар жүгін көтеру әрине, оңай еместей көрінеді. Алайда, ол олай ойламайды. “Үнемі жұмыс бабында жүру маған қызығы, ләззаты бөлек қарекет. Өз көңілімнен шыққан істер көп болған сайын жаным сонша жадырайды, көкірекке сонша нұр құйылады. Қазір шаршап-шалдығатын уақыт па!? Қайрат қайралар кез. Алда қан­шама мақсаттар тұр. Соны біз атқар­ма­сақ, кім атқарады, деп ағынан жары­ла­ды. Айтса айтқандай, оны білетіндер соған куә. Қарағанды.