• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 15 Наурыз, 2019

Ташкентте Орталық Азия экономикалық форумы өтті

918 рет
көрсетілді

15 наурызда Ташкент қаласында аймақ елдері Үкіметтерінің өкілдерінің қатысуымен алғашқы Орталық Азия экономикалық форумы (ОАЭФ) өтті. Қазақстан делегациясын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек бастады. Алғашқы ОАЭФ тақырыбы «Орталық Азиялық қауымдасу: өзара тиімді даму келешегі» болды.

Өз сөзінде Қазақстанның вице-премьері бүгінде Орталық Азия аймағының елдері көршілік және өзара мүдде қағидаттары негізінде барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін көрсететінін атап өтті. Аймақтағы ынтымақтастықтың жаңа қарқыны өз жемістерін беріп жатыр. Тауар айналымы айтарлықтай ұлғайтылды, жаңа әуе, автокөлік және темір жол қатынастары, өткізу пунктері ашылып, жаңа инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр.

Қазіргі таңда елдер арасындағы өзара сауда тауарларының номенклатурасын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде Орталық Азия аймағының нарығында сұранысқа ие 45 жуық тауарлар позициялары анықталған, Қазақстан оларды жеткізу көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.

Аймақтық өзара іс-қимылды жандандыру үшін «бестік» елдерін экономикалық дамытудың шоғырландырылған тәсілдерін әзірлеу және ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру қажеттігі аталып өтті.

«Тау-кен өндірісі, су және ауыл шаруашылығы, машина жасау, энергетика, азық-түлік өнеркәсібі, көлік және коммуникациялар салаларында инвестициялық ынтымақтастық орнатуға үлкен мүмкіндіктер бар. Орталық Азия елдерінің сауда-инвестициялық ынтымақтастығын жақсарту үшін елдерімізді байланыстыратын темір жолдардың әлеуетін тұтастай пайдалануды ұсынамыз. Барынша тиімді әрі қарқынды ынтымақтастық үшін темір жол транзиттік тасымалдарын ұйымдастыру кезінде бізге оңтайлы тарифтік саясатты ұстану қажет. Елдер арасында өнімдерді тасымалдау кезінде әкімшілік рәсімдерді жеңілдету біздің елдеріміз үшін жағымды мультипликативті нәтиже алуға жол ашатынына сенім білдіремін», — деді Ж. Қасымбек.  

«Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автокөлік дәлізіндегі жұмыстарды аяқтау Қазақстан аумағы бойынша Шығыс – Батыс тиімді бағдарын құруға жол ашады. «Баку — Тбилиси — Карс» темір жол желісі секілді басқа халықаралық жобалармен технологиялық үйлесімдік Азия мен Еуропа елдерінің әлеуетті жүк ағынын тартуға, сонымен қатар, экспорттық тауарлар мен аймақ елдері жүктері үшін тікелей транзит жолын ашуға жол ашады.  

Қазақстан аумағында Ақтау, Құрық, Баутино теңіз порттары, «Қорғас — Шығыс қақпасы» құрғақ порты секілді бірқатар логистикалық орталық құрылған. Аймақтың экономикалық және көлік әлеуетін арттыру шараларының бірі — Еуропаның, Ресейдің барлық аймақтарымен, Парсы шығанағы және Оңтүстік Азия елдерімен байланыстыратын «Солтүстік – Оңтүстік» Орталық Азия көлік-транзиттік дәлізін қалыптастыру және дамыту.

Еуропа мен Азияның қарқынды дамушы әрі сыйымды нарықтарын ескере отырып, ОА елдеріне келісілген саясат арқылы тарихи байланыстырылған көлік күре жолдарының әлеуетін барынша пайдалану қажет. Осыған орай, ОАЭФ барысында Қазақстан Ауғанстан, Пәкістан, Үндістанды қоса алғанда Оңтүстік және Орталық Азияның барлық елдерінің өкілдерінің қатысуымен «Орталық және Оңтүстік Азияның көлік-транзит дәліздерін дамыту жөніндегі кеңес» мемлекетаралық кеңесші және үйлестіруші органын құруға бастама білдірді.

Форум қатысушыларының айтуынша, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мен нығайтудың драйвері аймақаралық ынтымақтастықты дамыту, шекарада кеден және әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, тауарлар транзиті рәсімдерінің айқындығы мен тиімділігін арттыру, өзара туризмді дамыту, «Жібек жолы» визасын енгізу болмақ. Сонымен қоса, өңір елдерінің шаруашылық жүргізуші сбуъектілерінің арасында тікелей байланыстарды дамыту үшін, экономиканың басымдықты салаларында бірлескен кәсіпорындардың, бизнес қауымдастықтардың өкілдерінің қатысуымен Орталық Азия елдерінің Іскерлік кеңесін құру, сондай-ақ салалық бизнес-форумдарды жиі өткізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.