Биыл ел газеті «Егемен Қазақстан» бір ғасырлық тойын атап өткелі отыр. Сонау 1919 жылы 17 желтоқсанда «Ұшқын» деген атаумен Орынборда жарық көрген басылымның басы-қасында жүрген алғашқы редакторлар ретінде Халел Есенбаев пен Тамимдар Сафиевтің есімі қатар аталады.
1938 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, атылып кеткен Халел Есенбаев туралы белгілі зерттеуші Тілекқабыл Боранғалиұлы ағамыз «Ұшқынның» редакторы болдым...» атты мақала жазып, «Газет шежіресінде бұрын-соңды аты аталмаған Халел Есенбаев бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің редакторы ма?» деген мәселені 1997 жылы алғаш көтерген еді. Сол мақалада автор «Ұшқын» газетінің алғашқы редакция алқасында Халел Есенбаев, Ешмұхамед Бегалиев, Тамимдар Сафиев, Әмірғали Меңешов, Бернияз Күлеев болғанын айта келіп, «газеттің тұңғыш басшысы Халел Есенбаев болса керек» деген болжамын білдіреді. Бірақ «Ұшқынның» ардагері Мерғали Ешмұхамбетовтің естелігіндегі: «...Қателеспесем, редколлегияның бастығы Тамимдар Сафиев болып тағайындалды» деген жолдарды да келтіреді.
Бір қызығы, Халел Есенбаев та, Тамимдар Сафиев те бір өңірде – қазіргі Батыс Қазақстан облысының Қазталов аймағында туып-өскен, бір жылдың төлі, талай қызметте қоян-қолтық бірге істеген, Тамимдарша айтсақ «айрылмас достар еді». Халел хақында аз-кем мақала жазылып, есімі энциклопедияға енгенімен, Тамимдар туралы толыққанды зерттеу түгілі, әлі күнге жеке мақала да жазылмапты... Ол «редакцияға жетекшілік жасады ма, жасаса қашан, мұның бәрін дәлелдеу – болашақтың ісі» деп жазған еді Тілекқабыл Боранғалиұлы ағамыз.
Біз бүгін сол ақтаңдақтың орнын толтыруға тырысып, қолға қалам алдық.
Тамимдардың ата-тегі
Тамимдар Сапаұлының ұлты – қарақалпақ, өзінің жазуынша «Орта Азиядағы Қоңыратты жайлаған қарақалпақтан 4 үй қашып келіп, 1820-1830 жылдары Бөкейліктің билеушісі Жәңгір ханнан: «Сіздің біртабан қарашаңыз боламыз» деп қоныс сұрапты. Хан оларды қабыл алып, әуелі Басқұншақ көлінің жанынан жер берген. Осы жерде өсіп-өніп, кейін оларға татар-башқұрт қашқындар қосылып, бір қауым ел болған. Тұз ұрлап сатып, пайдаланып, өкімет өкілдерін сабап, айыпты болып, Астраханнан әскер келіп, бұларды бытыратып, Талов қисымына күштеп көшірген екен. Осы жерде 1892 жылы Тамимдар дүниеге келген.
Осы жерде айта кетейік, бүгінде қарақалпақ баспасөзі тарихына қатысты деректерде «Мийнеткеш Қарақалпақстан» газетін 1928-1931 жылдары, «Қызыл Қарақалпақстан» басылымын 1933-1935 жылдары басқарған Тамимдар Сафиевті «1898 жылы туған» деп көрсетіпті. Бірақ бұл қате болса керек. Өйткені Батыс Қазақстан облыстық архивінде сақталған құжатта Тамимдар Сафиев 1922 жылы өз қолымен «1892 жылы туғанын, жасы 30-да екендігін, ата-анасы малшы шаруа болғанын, 1910 жылға дейін мұғалімдікпен айналысқанын» жазған (БҚОМА, 75 қор, 2 тізбе, 188 іс, 5 орам).
Кейіпкеріміздің 1916-1917 жылдары І Дүниежүзілік соғыстың Батыс майданына өз еркімен сұранып барып, №7 қазақ инженерлік-құрылыс тобының нұсқаушысы болғанын ескерсек, Сафиевті 1892 жылы туған деуге лайық. Бұған төменде сөз болатын кейбір оқиғалар да қосымша дәлел болады деп ойлаймыз.
Өсу жолдары. 1916 жыл
Жоғарыдағы мақалада Т.Боранғалиұлы Тамимдар Сафиевтің «28 жасында бойдақ» болғанын, Бөкей губкомының сауалнамасын толтырған кезде «3 түйе, 1 ат, 4 сиыры бар екенін» келтірген.
1922 жылы толтырған анкетада Т.Сафиев «білімім төмен» деп көрсетеді. Қарақалпақ елінде жүрген кезінде толтырған сауалнамада 1913-1916 жылдары Орынбордағы «Хусаиния» медресесінде оқығанын, бірақ бітірмегенін, 1917-1918 жылдары Хан Ордасында екі айлық мұғалімдер курсын тәмамдағанын, 1931-1933 жылдары Бүкілодақтық коммунистік журналистика университетін бітіргенін, қазақ, татар, қарақалпақ, өзбек, башқұрт, түрік және орыс тілдерін жетік білетіндігін жазған екен.
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған бірнеше дәптер естелігінде Тамимдар Сафиев 1916-1920 жылдардағы Бөкейлік пен Орынборда басынан кешкен оқиғалар туралы тәптіштеп жазады.
«...1916 жылғы Июнь жарлығы елге тым қатты тиген жарлық болды. Июнь жарлығы елдің зәресін ұшырды. «19 бен 30 жастардың арасы жігіттер соғыс майданының шебіндегі жұмысқа алынады» деген хабар әсіресе жастарды қорқытты... Менің Орынборда оқып жүрген кезім, жаз ауылға келіп, үйде болған уақытым еді. ...Тізімге іліккендер қатарында мен де бар едім. ...Бас қорғаудың шарасын көрмекші болдым. «Орынборға барып, мектеп арқылы «отсрочка» ала аламын ба, қалай болады?» деп соны ойладым. Бұл Орынборда татар медресесінде оқып жүрген кезім еді. Ағайын туысқандармен кеңесіп, август айының ішінде Орынборға жүріп кеттім. Бұл бір жағынан қашқын болғаным еді» дейді кейіпкеріміз («БҚОМ 9083/50»). Бір қызығы, Орынборға келіп, майданға ет тапсыратын қасапханаға жұмысқа орналасып, майданға барудан құтқаратын «бронға» қол жеткізген Тамимдар Сафиев кейін оқ пен оттың ортасына өзі сұранып кетеді! Ол қалай болған?! Естелікке көз салайық:
«...Август айының ақыры, сентябрьдің бас шамасы болар деймін, Орынборда Торғай облысының бас көтерген ақсақалдарының жиналысы болды. Жиналысқа Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамедияр Тұнғашин қатынасты, Торғай облысынан келген болыс старшина ақсақалдар келді.
Жиналыс ашық, мен де бір тыңдаушы болып жиналысқа кірдім. Жиналыста қаралған мәселе соғыстың кейініндегі қара жұмысқа адам беру, оны қалай ұйымдастыру, Июнь жарлығын қалай орындау болды.
Әлихан Бөкейханов сөз сөйлеп, Ресей халқының соғысқа қатынасын, бұл кездегі жағдайды айта келіп, соғысқа татар, башқұрт, тағы басқа ұлттардың қатынасын айтып, енді қазақ халқының да шетте қалуы қолайсыз, Отанымызды қорғау керек, майданға баруымыз керек деген сөздерді айтты, басқа бірқатар адам Әлиханның сөзін мақұлдады. Бірақ Торғай облысынан келген бір-екі ақсақал адам бере алмаймыз деп өздерінің дәлелдерін айтып өтті. Қысқасы жиналыс адам беруді мақұл көріп, соны ұйғарды. Сонымен жиналыс тарады.
Бұрыннан «Қазақ» газетасының қызметкерлері, редакторы Ахмет Байтұрсыновпен таныс едім. Оқып жүргенде «Ақас» деп үйіне барып жүрген уақыттарым да бар еді. Бір күні Байтұрсыновтың үйіне бардым. «Хош келдің!» деп шайға отырғызды. Оның үйінде Әлихан Бөкейханов отыр екен. Ахмет мені Әлиханмен таныстырды.
Бұрын «Қазақ» газетасында «Қыр баласы» деген атпен жазылған мақалаларын оқысам да Әлиханмен таныстығым жоқ еді, көрген де жоқ едім. Осы бірінші ұшыратуым болды. Орта бойлы, жалпақ бетті, нық денелі, ауыр сөзді адам екен. Әлихан менен Бөкейде болып жатқан жағдайды сұрасты. «Жігіт беру қалай жүріп жатыр, елдегі азаматтар бұл іске қалай қарайды, Жәңгір ханның туысқаны Шәңгерей князь не дейді екен, Бөкейхановтардың пікірі қалай екен?» деп сұрасты. Мен Бөкейде болып жатқан жағдаймен оншама таныс болмасам да, білгенімді айттым, көргенімді білдірдім. Әлихан сол кездегі жағдайды сөйлеп, жігіттердің майданға кетіп отырғанын айтты. «Көзі ашық оқыған азаматтар да бару керек, өз ұлтының қамын ойлау керек, көптен қалмау керек» деп сөздерін айтты, сөйтіп тарады. Мен жұмысымда жүрдім. Орынборда шығатын «Қазақ» газетасын үзбей оқып тұратын едім. Бір күні газетадан мынадай хабарды (мақаланы) оқыдым. Мақалада: Қазақ рабочий партияларының майданға қара жұмысқа кетіп жатқанын, сол қазақ рабочийлардың бір бөлігін земгор (Земский городской союз) деген ұйымның өз қарауына алатынын, ал сол қазақ рабочийларға басшылық еткендей, переводчик болғандай қазақ жастарын сол ұйымның қызметке шақыратынын айтқан. Жұмыс жағдайы қолайлы, жалақысы жақсы делінген. Сол жұмысқа жастар, көзі ашық азаматтар баруы керек екені айтылған.
Сол газеттегі мақаланы оқумен Ахмет Байтұрсыновқа бардым. Ахмет Байтұрсынов жай-жағдайын толық түсіндірді. «Ел азаматы қалмай майданға жіберіліп жатқан уақытта көзі ашық оқыған жігіттеріміздің шетте қалуы жөн емес. Көппен бірге болуы керек, жұмысқа бару керек» деп, менің ұлтшылдық сезімімді жаман қыздырды. Өзіммен бірге оқыған Хайретдин Болғанбаев деген бір жігіт сол Орынборда екен. Ахмет маған оның сол жұмысқа жазылып кеткенін, қазақшыл Хасенғали дейтін бір татар бар еді. Оның да кеткенін маған айтты. «Сен де бар, солардан қалма» деді.
...Қысқасы, мен земгорға қазақ рабочийлардың арасында жұмыс ету үшін баратын болдым...»
Осылайша Тамимдар Сафиев майдан даласынан бір-ақ шығады. Сол кезде Мәскеуде жүрген, кейін «Бұратана бөлімін» ұйымдастырып, майданда болған Әлихан Бөкейханұлының тікелей басшылығымен Минск облысы Молодежный стансасы маңындағы қазақ жігіттерінің тобына көмекке барады. Бұл қызметінде майдан жұмысындағы қазақ жігіттерінің талап-тілегін басшылыққа жеткізіп, көп жағдайын жасайды. Мысалы, қазақтардың өз арасынан молда сайлап, бес уақыт намазын уақтылы оқуына, ауырып қалғандарын дәрігердің қарауына рұқсат алады, ас-суын, тиісті паегін өздері алып, тамағын өз аспаздарына пісіруге қол жеткізеді. Тіпті «Қазақ», «Алаш» газеттерін, «Айқап» журналын алдырып, жігіттерді ел жағдайынан да хабардар етіп тұрған.
Журналистік қызметі
Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталып, бітім жасалысымен майданның қара жұмысындағы қазақтар елге қайтады. Сол дүрмекпен елге, Талөпкеге оралған Тамимдар Сафиев Бөкейліктегі қайнаған саяси оқиғалардың ортасына күмп ете түседі.
«1917 жылы майдың бас кезінде Талөпкеге келдім» деп жазады кейіпкеріміз. Бірақ көп ұзамай Ордаға, Алмалыға (Алғай), Орынборға барады. Сол кездегі мына бір оқиға қызық:
«Август айының басында Орынборда болып, 10-15 күндей жаттым. Онда бұрынғы таныстарым Хайретдин Болғанбаев, Назар Төреқұлов, Міржақып Дулатов, Мұқтар Саматов, Ахмет Байтұрсыновтарды көрдім. Сол күндерде Торғай облысына комиссар болған Әлихан Бөкейханов еді. Орынбордағы Ахмет Байтұрсынов, Дулатов, Әлихан қаланың сыртында Жайықтың қазақ бетінде 8-10 шақырымдай жерде көгалға қара үй тігіп, көшіп шығып отырады екен. Бір күні Болғанбаев, Төреқұлов, Есболов бәрімізді Міржақып Дулатов қонаққа шақырды. Бардық, қонақ болдық. Ахметтің де үйінде болдық. «Әлиханның үйіне де барамыз» деп жиналып едік, бірақ Әлихан Бөкейханов өзі жоқ болған соң оған бармадық. Бөкейханов Торғай облысының комиссары, сол кезде Мәскеуде болып жатқан Уақытша үкімет Керенскийдің шақырған август совещаниесіне кеткен екен. Сол күндерде Орынборда 20-30 қазақ жігіті жиналған екен. Менің білгендерім: Ахмет, Міржақып, Мұқтар Саматов, Болғанбаев, Мырзағазы Есболов, Төреқұлов Назар, Досжанов барлық жастардың жиналысы болды. Жиналыс бір ұйым ұйымдастырды. Атын ұмытып қалдым, ол ұйымға «Жігер» ме я «Алаш» деген бе, ат берілді. Барлығымыз мүше болып жазылдық, 20 сомнан жарна төледік. Жиналысқа Мұқтар Саматов басшылық етті. Мырзағазы Есболовтың ұсынысы болып, болашақ қазақ үкіметіне «қор» даярлау мәселесі көтерілді. Қор жинау барлық мүшелерге тапсырылды. Ұйымның басқарма мүшелері болып (ұмытпасам) Мұқтар Саматов, Міржақып Дулатов, Мырзағазы Есболов, тағы біреулер сайланды. Жиналыс тәмам болып, әрқайсымыз үйімізге тарқадық...»
1917-1918 жылдары ақ пен қызыл алмасқан Талөпке өңірінде аумалы-төкпелі күндерді басынан кешкен кейіпкеріміз 1918 жылы қыркүйек айында Бөкейліктің орталығы Ордаға жүруге қам жасайды.
«Сентябрьдің 18 күні мен ...Ордаға жүрудің шарасын көре бастадым. Бір жағым – қызылдар, бір жағымда – ақтар, екеуінен де қаупім бар. ...Нарынның қызыл құмына қарай елдің ішімен жол тарттым. Нарында Хайролла ахун деген болатын, соның екі баласы Ғабит, Шамғали деген, оларменен Орынборда бірге оқыған едік. ...Барсам Ғабит Сарыбаев Ордадан отрядпен шығып, тап сол күні Нарындағы үйіне келіп жатыр екен. ...Ордаға келген Халел, Ғали менің Ордаға жақын келгенімді естіп, сентябрьдің 25 күні (ескіше) мені Ордаға шақырып хат жазыпты. Халел Есенбаевтан записка алдым, ол Ордаға тез кел, мұғалімдер курсы ашылды, мен сондамын депті. Сентябрьдің 28 күні Ордаға келіп, мұғалімдер курсына орналастым. Мұғалім болу ісіне кірістім...»
Орданың бастауыш мектебінде мұғалім болып жүрген Т.Сафиев бірте-бірте газет ісіне араласа бастайды. «Ұмытпасам, 1919 жылы февраль айында болар деймін, бір күні қазақ жастарының жиналысы болды, бұл жиналысты шақырған сол уақыттарда ұйымдастырылған жастардың «Жігер» деген бір ұйымы еді. «Жігер» ұйымының бастығы Мұстафа Көкебаев, сол кезде жаңа ашылған Бөкей подотделі деген кеңсенің бастығы еді. Ол кеңседе қазақ азаматтарынан Ғұмар молла Қарашев, Ғазиз Мұсағалиев, Қари Қарашев, Халел Есенбаев істейтін еді. Жиналыста газет шығару мәселесі қаралды. Бұрынғы шығып тұрған «Ұран», «Қазақ дұрыстығы» газеталарының қазіргі жағдайда қанағаттандырмайтыны айтылды, жаңа газетті енді кім шығарады, оның аты не болу керек деген мәселе болды. Біраз сөз тартысы, сөйлеулер болғаннан соң Бөкей подотделі газетті шығарады, оның аты «Дұрыстық жолы» болсын деген ұйғарысты жиналыс мақұл көрді. Бұл жиналыста газета шығару үшін редакция алқасына кандидаттар ұсынылды. Олар: Ғазиз Мұсағалиев, Ғұмар молла Қарашев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Сафиев дегендер еді. Сол күндерде мен де Бөкей подотделіне жұмысқа кірген едім. Бөкей подотделі ашылғаннан кейін Астраханнан бір баспа машина алдырылды. Бұрын «Ұран» газетасы кішкене «Арканка» деген машинада басылған екен. Енді жаңа машинаның келуімен типографияға арнаулы бір жай алып, баспахана ашылды. Солай етіп Бөкей подотделі «Дұрыстық жолы» деген газета және «Мұғалім» деген журнал шығара бастады. Сонымен қатар әскери комиссариат «Соғыс комиссариатының хабарлары» деген екі беттік – бір беті рус тілінде, ал бір беті қазақ тілінде тағы бір газетаны шығара бастады. Бөкей подотделінде «Дұрыстық жолы» газетін шығарып жүргенімізде, май айында мені (Сафиев) және Халел Есенбаевты соғыс комиссариатының саяси бөліміне жұмысқа шақырды. Халел Есенбаев саяси бөлімнің мәдени-ағарту бөлімшесіне бастық болып, мен оның қарауында шығатын «Соғыс комиссариатының хабарлары» деген газетаны шығару жұмысын басқаратын болдым. Ол уақыт газетаның редакторы Батырқайыр Ниязов еді. Мен барғаннан кейін газетаның қазақша бетін, газета шығару жұмысын басқару редакторлығы маған жүктелді. Солай етіп мен және Халел Есенбаев әскери жұмысқа оқып, қазақ ерікті әскери үлгілі атты полкінің әскери қызметкері де болдық...»
«Ұшқынның» шығуы
Бұл кездер Бөкейлікте ақ пен қызыл алмасқан, аумалы-төкпелі кезең еді. Әсіресе 1919 жылы ақтар әскері күшейіп, ақ казактар Орал қаласын, Сламихин мен Талөкпені басып алады. Большевиктердің қолындағы Ордаға қауіп төнеді. Осы кезде Ордадағы Мұхамедияр Тұнғашин басқарған қырғыз (қазақ) әскер комиссариатын Орынборға көшіру туралы шешім қабылданады. Көшуі тиіс топтың тізімінде Т.Сафиев те болған.
«Август айының 15 күні бір эшелон соғыс комиссариаты Сайхин станциясына жөнелді. Халел Есенбаев, Шақат Бигалиев, Қари Қарашев, тағы басқа бірқатар жігіттер Орынборға бармайтын болды. Менің де Ордада қалғым келді», деп жазады Т.Сафиев. Бірақ Тұнғашин: «Сені қалдыруға болмайды, Орынборға барамыз, саяси бөлім де барады, барған соң онда осы «Соғыс комиссариаты хабарлары» газетін шығару керек», дейді.
«Августің 16-17-18 күндері саяси бөлім мекемесі жиналып, отарбаға мінетін Сайхин станциясына жүріп кетті. Мен де төсек орнымды арбаға салып кетпекші болып жатқанда, Халел Есенбаев келіп: «Бүгін сен кетпе, ертең станцияға обоздың артынан жетерсің, саған мен провод (ұзату) кешін жасаймын, Астраханнан әртістер бар, соларды шақырамын», деді. Халел екеуіміз бір жайда тұратұғынбыз, айрылмас дос едік. Кеште әртістер келді, қонақтыққа ас-ауқат даярлатқан екен. Таң атқанша өлең айтып, әртістермен ойнап гулайт еттік. Таң атқан, жарық түскенде Халел мені жолға шығарып салды. Солай етіп кешегі кеткен обоз арбалар Сайқынға жетпей-ақ арттарынан мен де қуып жеттім. Станцияда эшелон вагондар даяр екен, Сайқында бір күн қонып, ертеңіне августің 20-сы күні пойызбен жүріп кеттік» деп жазады кейіпкеріміз.
Айтпақшы, осы эшелонда Ордадан алып шыққан баспахана машинасы да бар еді. Соғыс комиссариатының Орынборға кетуі, баспахана қызметкерлерінің де көшуіне байланысты Ордада шығып тұрған «Дұрыстық жолы» газеті жабылып тоқтап қалды.
«20 күндей жолда жүріп, сентябрь айының 11-і күні Орынборға келдік. Орынборда ревком, (Қазақ) Қырғыз соғыс комиссариаты, саяси бөлім тиісті даярланған үйлерге орналастық. Орынбор губерналық қала. Біз келген күндерде орысша «Комунна» деген газета, татарша «Бізің жол» деген газета шығып тұрып еді. Енді Орынбор Қырғыз (Қазақ) республикасының орталығы болды.
Ордадан кеткенде эшелондармен (көшпенен) бірге шыққан соғыс комиссары Тұнғашин, оның орынбасары Бекмұхамбетов Орынборға келгенімізде жоқ болды. Олар жолдан Мәскеуге барып, Мәскеуде екеуін де тоқтатып, Орынборға жібермей қойған.
(Жалғасы бар)
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»