Юрий Пя, Серік Ақшолақов, Нұрлан Бәтпенов бастаған астаналық атақты дәрігерлер Шығыс Қазақстанға екі күндік жұмыс сапарымен келді. Арқа төсінен арнайы келген ақ халаттылар 11 наурызда Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасы, Өскемендегі облыстық аурухана мен облыстық мамандандырылған медициналық орталығында болды.
Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасын аралау барысында облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов осында Қазақстан бойынша тұңғыш рет ашылғалы отырған гибридті операциялық зал жайында айтып берді. Елордалық дәрігерлердің өңірге сапарының алғашқы күнінің қорытындысында біздің облыстың 3 ауруханасы мен Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия, Ұлттық нейрохирургия, Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Облыс әкімдігінде өткен шара барысында еліміздегі ең үздік ғылыми орталықтардың жетекшілері өңір медицинасына қатысты өздерінің ойларымен, алған әсерлерімен бөлісті. «Медицина – өте нәзік, күрделі сала. Еліміздің барлық азаматтары сапалы медициналық қызмет алуға қақылы. Меніңше, медициналық мекемелерді республикалық орталық, облыстық орталық деп бөлу дұрыс емес. Бұл кешегі кеңестік заманнан қалған сарқыншақ деп ойлаймын. Ал сіздердің өңір медицинасын биік деңгейге көтеру бағытындағы қадамдарыңыз көңілге қуаныш ұялатады. Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасы базасында гибридті операциялық зал ашпақ екенсіздер. Мұның кереметі – бірнеше бағытты қамтитын әмбебаптығында, бұл жерде тек кардиохирургия немесе нейрохирургия емес, травматология бойынша да операция жасауға болады. Мұндай операциялық зал Қазақстанда ғана емес, әлемде сирек. Сондықтан бұл қадамдарыңыз еліміздегі медициналық қызмет көрсетуді бұрын-соңды болмаған жаңа сапаға шығарады деп үміттенемін. Өскемен ауруханаларындағы заманауи медициналық құрылғылар көмегімен барлық операция түрлерін жасауға болады деп сеніммен айта аламын. Мұны көрсету керек. Насихаттау қажет. Іргедегі Ресейдің Өскеменге жақын қалаларының тұрғындары осында келіп, ем алса жаман ба?! Мұндай бағасы қымбат, жоғары технологиялы құрылғылар бос тұрмауы керек, күні-түні ел игілігіне жұмыс істеуі керек», деді Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының директоры Юрий Пя.
Ал кездесуде сөз алған Ұлттық нейрохирургия орталығының директоры Серік Ақшолақов облыс әкіміне: «Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасы базасында ашылатын гибридті операциялық залында алғашқы операцияны біз жасасақ» деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар алыс және жақын шетелден білікті дәрігерлерді шақырып, конференция өткізсек деген ұсынысын айтты.
Орайы келгенде айта кетейік, облыс әкімі Даниал Ахметов қаңтар айында елордаға арнайы барып, Ұлттық ғылыми кардиохирургия, Ұлттық нейрохирургия, Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталықтарының басшыларымен кездесіп, оларды өңір ауруханаларымен ынтымақтастық орнатуға, филиалдарын ашуға шақырған еді. Бұл сапарды сол кездесудің алғашқы нәтижелері, үлкен жұмыстың басы деуге болады.
ӨСКЕМЕН