• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2019

Астананың автобустары неге «адасып» жүреді?

1544 рет
көрсетілді

Биыл қаңтарда елімізде қоғамдық көлік пен такси қызметін пайда­лан­ғандар саны 1,8 миллион адамға жеткен көрінеді. Бұл ту­ралы таяуда ranking.kz порталы жазды. Бұл өткен жыл­ғы осы уақытпен салыстырғанда 1,2 пайызға көп. Сондай-ақ жолау­шылардың 75,5 пайызы автобусқа мінгенді жөн көрген. 

Елімізде, соның ішінде аста­на­лық ағайын қоғамдық кө­лік­­­­ті жиі пайдаланады. Алай­­да, күткен автобусың кейде уақы­тында келмей, ызаңды келті­реді. Оны айтасыз, елордада бір жерге жетуіңнің өзі кәдім­гідей мұң. Жо-жоқ, обалы не керек, автобустар ағы­лып жүріп жатыр. Бір қызы­ғы, қоғамдық көлік көп болға­ны­мен, дәл сен баратын көшеге әлгі автобустардың бірі де қаты­на­май­ды. Мысал керек пе?

Сол жағалауға жеткенше... 

Мәселен, елордадағы Абай даңғылымен қиылысатын Жұба­нов, Брусиловский, Бейсекбаев, Сембинов көшелерінің тұ­сы­н­ан, құдды келісіп алғандай-ақ, сол жағалауға ешқандай автобус жүрмейді. Тек Кене­са­ры көше­сі­мен сол жаға­лау­ға жалғыз №40 авто­бус қаты­най­ды. Алайда, қаланы түгел аралап, шамамен 1 сағатта әрең жетесің немесе №70 авто­бус­қа мінесің. Ол үшін Уәлиханов көшесіне жетіп алу керек. Қос бағыттағы қоғам­дық көліктердің ескі екені, тұр­ғын­дарға қолайсыз екені бөлек әңгі­ме.

Ал №40 автобустың «тасбақа жүрісіне» шыдамайтын, №70 автобусқа жете алмайтын кей тұрғын не істейді? Амалының жоқтығынан №60 автобусқа жүгіреді. Оның өзіне жоғарыда аталған көшелерден «Отырар кітап­ханасы» орналасқан Пуш­кин көшесіне жаяулап бару керек. Әйтпесе «әкелерінің құнын сұрап» жүретін таксиге жүгінесің. Олар сол жағалауға 1000 теңгеден төмен бағаға апармайды. 

Сондай-ақ «Жастар», «Це­лин­­­ный» аудандары мен Уә­ли­ха­нов көшесінен Абай-Бруси­ловский, Абай-Жұбанов көше­леріне ешқандай қоғамдық кө­лік жүрмейді. Бұл үшін бір­неше автобусқа мініп жету керек. 

Жылы аялдаманы жылдап күтесің 

Автобусты ауызға алған соң, аял­да­ма ту­ралы айтпай кете ал­май­сың. Бүр­сең қақ­қан жолаушы­лар елорда әкім­­ді­гінің «жылы аял­дама салып береміз» деген уәде­сін күткеніне аз болған жоқ. Енді, міне, көктеммен кө­рі­­сіп жатыр. Обалы не керек, сол жаға­­лау көшелеріне жылы аялда­ма­ларды жайнатып қойған. Ал оң жағалау тұрғындары, әдет­те­гідей, бүрсең қағып жүр. 

Былтыр қазан айында Аста­на әкімдігінің өкілі Руслан Әбдуә­лиев бірнеше мил­лион тең­ге тұратын жылы аялда­малардың қолданысқа қашан берілетіні туралы айта келе: «Қазіргі таңда құрылыс-мон­таж­дау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Электр тоғы әлі тартыл­ма­ғандықтан, ол аялдамалар­да әзірге жылу жоқ. Дәл қазір оны іске қосу турасында «Энерго­сбыт» және АРЭК-пен келісіп жатырмыз. Қажетті жұмыстар жүзеге асырылғаннан кейін павильондар ашылатын болады», - деген-ді. 

Ұзын сөздің қысқасы, қала­ның жоғарыда мысалға кел­тір­­ген көшелері орналасқан Бай­қоңыр ауданының автобус ба­ғыт­­тарын қайта қарайтын кез жеткен секілді. Әйтпесе әлгі аудан­нан сол жағалауға бара­тын тұрғындарға қолайсыз екені анық. 

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»