Астанадағы «Көрме» орталығында Ауыл шаруашылығы министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі, Қазақстанның фермерлер одағы, Құс өсірушілер одағы, Жылыжай шаруашылықтары одағы секілді ұйымдардың тізе қосып қолдауымен халықаралық «AgriTek/FarmTek Astana-2019» ауылшаруашылық көрмесі өтті.
Екі күнге созылған көрмеге Аустрия, Беларусь, Германия, Израиль, Испания, Италия, Канада, Қытай, Нидерланд, Ресей, Словакия, Түркия, Украина, Чехия, АҚШ сынды елдерден келген 200-ден астам компания, сондай-ақ Қазақстан компаниялары қатысып, өз өнімдері мен жаңа технологияларын, ауыл шаруашылығы саласындағы соңғы жетістіктерін ұсынды. Жоғары сапалы ауыл шаруашылығы техникалары, егін суару, жемшөп өндіру, мал мен құс өсіру технологиялары саласындағы соңғы жаңалықтар биыл да көрмеден орын алды.
– Елбасымыз атап көрсеткендей, ауыл шаруашылығы ел экономикасының маңызды саласы ретінде оның әлеуетін арттыратын қозғаушы күшке айналуға тиіс. Оған қол жеткізуде мұндай арнаулы көрмелердің фермерлерге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен өңдеушілерге беретін пайдасы зор. Көрмеге келушілер осында қойылған техникалармен және технологиялармен таныса отырып, алдыңғы қатарлы елдердің, сондай-ақ өз еліміздің үздік компанияларының қандай жетістіктерге жетіп жатқанын байқап, өзінше түйін түйеді. Өз шаруашылықтарында сондай технологияларды енгізуге ұмтылады. Мәселен, мен өзім көрмені аралай жүріп, мұнда соңғы кездері фермерлердің назарына ілігіп отырған дәлме-дәл егіншілік технологияларының қойылғанын көрдім. Сондай технологияларды ұсынған компаниялармен енгізу жолдарын талқылап, осы жерде келісімшартқа отыруға болады, – дейді еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі Өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Акбар Мәуленов.
«Көрме» орталығының директоры Геннадий Дякиннің айтуынша, осы өтіп жатқан ауылшаруашылық техникалары мен технологиялары көрмесінің бір ерекшелігі, көрме көлемінің бұрынғыға қарағанда едәуір ұлғая түсуі болып отыр. Ол «Көрме» орталығының бес бірдей залын қамтыған. Сондай-ақ ірі техникалар «Көрме» орталығы ғимаратының маңайына шоғырландырылған. Демек, осымен 14-інші рет өткізіліп отырған көрмеге қатысушы компаниялардың ықыласы арта түскен.
– Бұл жолғы көрменің тағы бір ерекшелігі, бұрын көбінесе жаңа техникаларға ғана мән берілуші еді. Ал бұл жолы егіншілік саласындағы тұқымдар мен тыңайтқыштар, жылыжайлар ішіне орнатылатын суару құралдары, ветеринария саласындағы соңғы жетістіктерді әйгілейтін технологиялар мен құралдарға да мән берілуде. Өйткені осының барлығы фермерлерге керек. Екіншіден, бұл еліміздің ауыл шаруашылығының тиімділік пен сапаға қарай бет алғанын көрсетеді, – дейді Г.Дякин.
Расында биылғы көрмені аралап көрген адамның саладағы соңғы жаңалықтарға қызығушылығы арта түседі. Өйткені көрмеге қарап, әлемдік ауыл шаруашылығы саласының жылдан-жылға өзгеріске түсіп жатқанын, жаңа техникалар мен технологиялардың дендеп ене бастағанын байқауға болады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»