Еліміз бойынша көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге Үкімет айрықша көңіл бөліп отыр. Биыл бірінші жартыжылдықта бұл санаттағыларға 5391 пәтер беріледі. Бұл туралы Астанада көпбалалы аналармен болған кездесуде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов айтты. Комитет төрағасы тек мамыр айында көпбалалы аналарға 2 мың пәтер берілетінін атап өтті.
Жалпы, елімізде тұрғындардың әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған топтарына, көпбалалы отбасылар мен аналарға қолдау көрсету шаралары жүйелі жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының ақпан айында өткен кезекті ХVІІІ съезінде көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға қолдау көрсетуді Үкіметке айрықша тапсырған болатын. Аталған тапсырманы жүзеге асыру мақсатында Үкімет нақты шараларды қолға алды. Өткен аптада әлеуметтік салаға жауапты вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова басқарған топ еліміздің батыс өңірін аралаған еді. Батыстағы төрт облыста өткен кездесулерде атаулы әлеуметтік көмектің ерекшеліктері, білім беру мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру және тағы басқа да мәселелер ашық талқыланып, лауазымды тұлғалар тұрғындардың сауалдарына жауап берген-ді.
Ал кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов қаладағы көпбалалы аналармен кездесті. Жиынға халықты әлеуметтік қорғау мәселесіне тікелей немесе жанама түрде қатысатын құрылымдардың басшылары да қатысты.
Кездесуде көпбалалы отбасыларға көмек көрсету тетіктері, 1 сәуірден бастап беріле бастайтын атаулы әлеуметтік көмектің ерекшеліктері, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері тәрізді көпбалалы аналарға көрсетілетін жәрдемнің атаулы әлеуметтік көмекті есептеу кезінде қалай ескерілетіні жайлы айтылды. Сонымен қатар кездесуде көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де сөз болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаевтың айтуына қарағанда, баспана кезегіне қатысты ережелер өзгеруі де мүмкін екен. Атап айтқанда, көпбалалы аналарды баспана кезегінде жалпы тізімнен бөлек тәртіппен қою мәселесі де назардан тыс қалмаған. «Қазіргі кезде біз көпбалалы аналар үшін бөлек бір кезекті құру мәселесін пысықтап жатырмыз. Бірақ оны бірден жасай алмаймыз ғой. Бәрін жан-жақты қарау қажет. Қанша қаржы керек? Қанша баспана салу керек? Соның бәрін жан-жақты қарастырамыз» деді Б.Сапарбаев. Сонымен қатар министр «Алтын алқа» иегерлерінің тұрғын үй кезегінің жалпы тізіміне кірмейтінін, олардың өзгеше статусы бар екенін атап өтті.
Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің айтуына қарағанда, 2019 жылы жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлерді іске қосу жоспарына сәйкес ел бойынша 20563 пәтер берілмек. Оның 5391-і жылдың алғашқы жартысында өз иелерін таппақ. Мамырда көпбалалы отбасыларға берілуі тиіс 2 мың пәтер де осы бес мыңдықтың ішіне кіріп отыр. Сонымен қатар Үкімет көпбалалы отбасылар үшін 2 пайыздық ипотека беруді де көздеп отыр. Бұл ипотеканың алғашқы жарнасы 10 пайыз болмақ. Алғашқы жарнаның орнына жергілікті әкімдіктер беретін тұрғын үй сертификатын да пайдалану мүмкіндігі бар. Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бюджеттік ұйым қызметкерлеріне 2 мың тұрғын үй сертификатын беру көзделгенін айтты. Ал өзге өңірлерде шама-шарқынша мұндай сертификаттар ұсынылмақ.
Қысқасы, көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау жан-жақты жүргізілмек. Соның ішінде оларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі алдыңғы қатарға шығып отыр. Естеріңізге салар болсақ, елімізде 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы тіркелсе, олардың 28 мың 126-сы үй кезегінде тұр.
Амангелді ҚҰРМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»