Павлодар қаласында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының күндері өтті. Мақсат – облыс әкімдігімен бірлесе Мемлекет басшысының талантты жастарды қолдауға бағытталған идеяларын насихаттау, қор жобаларына Павлодар облысының жастарын қатысуға шақыру.
Сапар аясында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовпен кездесуінде Тұңғыш Президент қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов қордың қызметі туралы айтып берді.
– Біз жылына 100-ге жуық жоба өткіземіз. Олар адами капиталдың жинақталуына, бәсекелестігін жоғарылатуға және қазақстандықтардың жаңа генерациясын қалыптастыруға бағытталған. Біз ғылым, мәдениет және инновацияның дамуына қызығушылық танытатын жас дарындарға көмектесеміз. Бұл бағыттардың барлығы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жастар жылының ашылу барысында айтқан идеяларымен және қойылған міндеттермен сәйкес келеді, – деді И.Рогов.
Тараптар жастарды қолдау мақсатында қарым-қатынасты нығайтуға және ынты-
мақтастықты қалыптастыруға келісті.
Кездесу соңында қор атынан «Жастардың бастамаларын дамыту орталығына» компьютерлік құралдар алу үшін 3 млн теңге көлеміндегі сертификат табысталды.
Ресми кездесуден соң С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жастармен кездесу ұйымдастырылды.
Сонымен қатар қор қонақтарына «Астана – Ұлы даланың жауһары» фотокөрмесі таныстырылды, ал классика өнеріне құштар қауымға қордың лауреаттары Наурыз мерекесіне арналған концерт берді.
Жалпы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының күндерін облыстарда өткізу дәстүрге айналды. Жастар жылын Елбасы қоры Павлодар облысынан бастады. Бұл қор өкілдері ат басын тіреген сегізінші аймақ.
Фарида БЫҚАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Павлодар