• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
11 Тамыз, 2012

Қытай қорғаны құлай бастады

364 рет
көрсетілді

Қытай қорғаны құлай бастады

Сенбі, 11 тамыз 2012 7:26

БҰҰ биоотын өндіруге қарсы

БҰҰ биоотын ретінде этанол өндіріп келе жатқан АҚШ үкіметінен оны өндіруді тоқтатуға шақырды. БҰҰ-ның ауыл шаруашылығы және азық-түлік жөніндегі халықаралық ұйымы АҚШ аумағында орын алған құрғақшылықтан егіннің басым бөлігі күйіп кететінін ескертуде.

 

Сенбі, 11 тамыз 2012 7:26

БҰҰ биоотын өндіруге қарсы

БҰҰ биоотын ретінде этанол өндіріп келе жатқан АҚШ үкіметінен оны өндіруді тоқтатуға шақырды. БҰҰ-ның ауыл шаруашылығы және азық-түлік жөніндегі халықаралық ұйымы АҚШ аумағында орын алған құрғақшылықтан егіннің басым бөлігі күйіп кететінін ескертуде.

Ауа райының қатты ысуынан орын алған құрғақшылық соңғы жарты ғасырдағы табиғи құбылыс көрінеді. Америкалық заң бойынша, егіннің 40 пайызы биоотын өндіруге бағышталуы тиіс. Осыған орай БҰҰ егер жағдай заңда көрсетілгендей қалыптасса, онда әлемде азық-түлік дағдарысының өршуіне соқтыруы мүмкін деген болжам жасап отыр.

Тағы үш жауынгер қаза тапты

Ауғанстанда әскери киім­­дегі ауғандық үш АҚШ жауынгерін атып тас­таған. НАТО күш­те­рі­нің өкілі мұндай оқиға Гильменд провин­циясы­ның оңтүстігінде орын ал­ған­дығын хабарлаған. 2012 жылы ауған әскерилері қолынан өлген шетелдік әс­керилер саны 28-ге жетіп отыр.

Сангин округінің басшысы Мохаммад Шариф шетелдік әскерилерді полиция бөлімінің командирі атып таста­ған­дығын хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, әлгі командир оларды блок-бекетке шақыртып алып, оқ жаудырған. Содан кейін қашып үлгерген. Жыл басынан қаза тапқан НАТО жауынгерлерінің жалпы саны 200-ге жеткен.

 Елшісін кері шақыртып алды

 Жапония даулы саналатын Лианкур аралына Оңтүстік Корея президентінің сапарынан кейін осы елден өз елшісін кері шақыртып алды. Оңтүстік Корея басшысы Ли Мен Бак барып қайтқан арал корей­ліктер тарапынан Токто деп аталса, жапондықтарға ол Такэсима деген атаумен белгілі.

Жапония СІМ орын алған жағдайға байланысты оңтүстік­кореялық елшіні шақыртып алып, қатаң түрде жауап қайтарған. Егер сапар орын алса, онда Жапония мен Оңтүстік Корея арасындағы қарым-қатынасқа салқындық түсетіні туралы бұған дейін де айтылған-ды. Аталған арал Жапонияға 1905 жылы берілсе, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ол кері қайтарылған болатын.

Ақш жансызы қолға түсті

Венесуэлада заңсыз жолмен Колумбия арқылы елге өтпек болған америкалық «жансыз» қолға түскен. Бұл жөнінде ел президенті Уго Чавестің өзі хабарлаған. Оның сөзіне қарағанда, сезікті шекарада бес күн бұрын тұтқындалыпты.

Қазіргі таңда қолға түскен күдікті тергелуде. Президенттің пайымынша, ол ел үкіметінің жұмысын жоққа шығару мақсатында Венесуэлаға әдейі жіберілген. Аты-жөні әзірге аталмағанымен, қолға түскен латынамерикалық АҚШ азаматы көрінеді. Ал Чавестің өзі Венесуэланы 1999 жылдан бері басқарып келеді. Биыл тағы президенттік сайлауға түсетінін де мәлімдеп үлгерді.

Кемедегі өрт сөндірілді

Бірнеше апта бойы жанып жат­қан немістің «Фламиниа» кемесін ешбір еуропалық ел өз порттарына кіруге рұқсат етпеген. Қазіргі таңда контейнер тасушы кеме Атлант мұхи­тын­да қаңтарулы тұр. Оның бортында шағын құтқарушы топ қана бар көрінеді.

Негізінен аталған кемедегі өрт 14 шілдеде Чарльстоннан (АҚШ) Антверпенге жол тартқан кезде басталыпты. Тілсіз жаудың неден шыққаны әзірге белгісіз. Экипаждың екі мүшесі қаза тауып, тағы үшеуі жараланған. Ал қалғандары қауіпсіз жерге көшірілген. Буксирге алынған кемедегі өртті тек құтқарушы кемелердің күшімен сөндіруге мүмкін болыпты.

Қытай қорғаны құлай бастады

ҚХР солтүстік-шығысындағы орын алған жауын-шашыннан Ұлы Қытай қорғанының бір бөлігін су шайып кеткен. Хэбэй провинциясындағы құлаған қабырғаның ұзындығы 36 метрге жеткен. Құлаған дуалдың бұл бөлігі онсыз да нашар күйде болған көрінеді.

Бұған қоса жапсарлас салынған қабырғаға да сызат түскен. Қазір аталған жарықшақтарды бекіту жұмыстары жүргізілуде. Ал құлаған дуалды қалпына келтіру қолға алынбақ. Өйткені, қорған ірі сәулет ескерткіші болып табылады. Оның ұзындығы 21196 шақырым 18 метрді құрайды. Жалпы, Қытайда орын алған жауын-шашыннан 112 адам қайтыс болса, 21-і із-түссіз жоғалып кеткен.

 

Қысқа қайырып айтқанда:

l Алжирдің бұрынғы сыртқы істер министрі Лахдар Брахими БҰҰ-ның және Араб мемлекеттері лигасының Сирия дауын реттеу жөніндегі арнайы өкілі лауазымына тағайындалуы мүмкін. Бұған дейін арнайы өкіл болған Коффи Аннан өзі жасаған жоспарының жүзеге аспауына байланысты бұл міндеттен өз еркімен бас тартқан болатын.

l Ресей тарабы егер Иран С-300 зениттік кешендерді сатпағаны үшін осы елге қатысты Женева сотына түсірген арызынан бас тартпаса, онда Теһран ядролық мәселеде қолдаудан айырылатын болады дегенді ескерткен. Бұл елдің Иранмен жасасқан келісім-шартын орындамағаны үшін төлеуі тиіс ақшасы 4 миллиард АҚШ долларына бағаланып отыр.

l Ливияның жалпыға бірдей ұлттық конгресі өз басшылары ретінде «Ливияны құтқару ұлттық майданының» серкесі Мұхаммед әл-Макрифті сайлап алды. Ал Макриф тақтан тайдырылған Каддафи режімінің ескі де қайтпас қарсыласы болып табылатын.

l АҚШ-тың Колорадо штаты Аврора қаласындағы кино­театр­да көрермендерге оқ жаудырған Джеймс Холмстің қорғаушысы оның жүйке ауруымен ауыратындығын мәлімдеген. Бұған дейін оның дәрігері алдағы оқиғанын орын алуы мүмкіндігін ескерткенімен, одан еш нәтиже шықпапты.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.