• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2019

Нұрберген Жұмағазиев: Бізге өз мықтылығымызды дәлелдейтін кез жетті

1036 рет
көрсетілді

Шорт-тректен Астанада өтіп жатқан Қазақстан біріншілігіне ұлттық құрама көшбасшыларының бірі Нұрберген Жұмағазиев те қатысуда. Екі бірдей Олимпиада ойындарының дуын көрген талантты спортшы жылдың соңғы ресми жарысында биылғы маусымға баға беріп, қай жерден қателік жібергенін айтты деп жазады Olympic.kz. 

 - Жақында әлем чемпионатынан оралғанымызды білесіздер. Өкінішке қарай, әлемдік дода мен үшін де, команда үшін де айтарлықтай сәтті болған жоқ. Чемпионат алдындағы оқу-жаттығу жиынында жарақатым мазалады. Мұның да тигізген әсері бар. 500 метрде пенальти алып, жарыстан шеттетілдім. Ал 1500 метрде көңіл көншітерліктей нәтиже болған жоқ. Жалпы алғанда, маусым тартысқа толы болды. Әлем кубогі кезеңдерінің өзі үлкен сабақ. Енді, міне, Астанаға жиналып, ел біріншілігін өткізудеміз. Қазақстан чемпионаты аяқталған соң 20 күндей демалыс аламыз. Отбасым және балаларыммен қауышатын күнді сағынып жүрмін,  - дейді спортшы.

Жұмағазиевтің айтуынша, шорт-трекшілер үшін демалыс ұзаққа созылмайды. Санаулы күннен соң команда қайта жиналып, оқу-жаттығу жиындарына кіріседі. 

 - Демалыс аяқталған соң Ресей құрамасымен бірлескен оқу-жаттығу жиындары басталады. Дәстүр бойынша әлем кубогі кезеңдері мен әлем чемпионатына дайындаламыз. Біздің спортта Олимпиада ойындарына іріктеу сыны әлдеқайда ерте басталады. Сол себепті, тезірек жиналып, жолдама иеленуге тырысу керек. 1500 метрде үздік 32 спортшыға, 500 метрде 28 спортшыға лицензия беріледі. Ең қиыны – эстафетадан жолдама алу. Мұнда 8 команда ғана Олимпиадаға қатыса алады. Бір-бірімен иық тірестірген үздіктер ішінен суырылып шығу қиын. Дегенмен, бізге осы қиындықты артқа тастау қажет. Осындай тартысқа дайын болу үшін маусымды ертерек бастаймыз, - дейді шорт-трекші. 

Команда үздіктерінің бірі құраманың жас спортшыларымен толыққанына қуанышты. Талантты жастармен бірге эстафетадан Олимпиада ойындарына жолдама алу мүмкіндігі арта түспек. 

 - Біздің команда эстафетадан жақсы нәтиже көрсете алады. Мұны өзіміз де білеміз, шетелдіктер де біздің мықты екенімізді айтады. Бірақ үнемі бірдеңе жетіспей тұратындай көрінеді. Кейде құлап қаламыз, кейде жарыстан шеттетеді. Эстафетадан әлем чемпионатына қатыса алмай қалдық. Енді осы олқылықтың орнын толтыруға міндеттіміз. Шорт-тректегі эстафета бәсекесі тартысқа және күтпеген нәтижелерге толы. Мәселен, 2018 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңінде венгриялықтар 8-ші орынға табан тіреп, жолдамаға әупірімдеп жүріп қол жеткізді. Алайда, Олимпиада чемпионы атағын тап солар иеленіп кетті. Сол секілді, биылғы маусымда Оңтүстік Корея спортшылары дәл осындай нәтиже көрсетті. Демек, бізге де өз әлеуетімізді көрсететін кез жетті. Бапкерлермен ақылдасып, жақсы көрсеткішмен қуантуға тырысамыз, - деді Нұрберген Жұмағазиев.