Биыл Кенді Алтайда қыс қатал. Қатарынан екі-үш ай қатты аяз, күн сайын дерлік боран-шашын соғып, тұрғындардың мазасы әбден кетті. Кей аудандарда қардың биіктігі 5-6 метрге жетті. Көкпекті ауданында 54 градусқа дейін аяз болды. Наурыз айы келсе де, күннің жылынатын түрі жоқ. Күні кеше кей аудандарда ауаның температурасы -37-39 градусқа жетті. Ендігі қауіп – қалың қар күрт еріген жағдайда топан судың басуы. Сондықтан да Үкіметтің жұмыс тобы Кенді Алтайға келіп, топқа бөлінді. Бірінші топта облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов және басқалар бар. Ал екінші топтағы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Марат Оразаев, облыс әкімінің орынбасары Серік Тәукебаев және республикалық министрліктердің, облыстық басқармалардың өкілдері облысымыздың оңтүстік аудандарында болып, мал қыстату науқанының барысымен танысып, көктемгі су тасқыны жүруі ықтимал жерлерді көрді.
Құрамында қос министр, облыс әкімі бар бірінші топ Бұқтырманың жағасында жатқан Быково атты жырақтағы таулы кентте тұрғындармен кездесу өткізді. Зырян ауданы әкімінің міндетін атқарушы Николай Игнашиннің мәлімдеуінше, ауданда қар өте көп жиналған. Қасат қардың жазық жерлердегі биіктігі 1,5 метрден, тауларда 2,5 метрден асады. Өзен арнасын бөгейтін қар көшкіндері де Бұқтырмаға көп түскен. Тіпті көнекөз қариялардың өздері де ешқашан мұндай қардың жаумағанын айтады. Қазірдің өзінде өзендегі мұзды кем дегенде бес жерден жару қажет екендігі анық болып отыр. Жаға бекітетін дамбаларды Тұрғұсын, Зубов, Быково сияқты үш ауылда тұрғызу керек. Ал, кеш қалмас үшін бұл жұмыстарды наурыздың бірінші онкүндігінен кейін бастап кеткен жөн.
Наурыз келді, бірақ қыстың қайтатын түрі көрінбейді. Даланың ұйтқып соққан ақ бораны Күршім ауданындағы тас жолды тағы да “тығындап” тастады. Қаройға барар жолда дала лагері құрылған. Жол бойына тігілген шатырларда ас әзірленуде. “Облшығысжолдың” және оларға көмекке келген ұйымдардың жұмысшылары Теректіге барар жолды аршып жатыр. Алайда, қасат қарды күреу оңайға соқпай тұр.
– 8 қаңтардан бері осылай жұмыс істеп келеміз, – дейді жағдайды баяндаған Күршім ауданының әкімі Алтайбек Сейітов. – Біздегі шамамен 1500 шақырым болатын жолдың 450 шақырымын қар алып қалды. Қазір 218 шақырымдай жол жабық жатыр. Бірақ, көріп тұрсыздар, жұмыс істелуде. Бізге жол ұйымдарының үлкен көмегі қажет.
Төрт түлік малды биылғы қыстан аман-есен алып шығу жайында да әңгіме болды. Қалың жауған қардың салдарынан көптеген шаруашылықтарда жемшөп қоры таусылып, малды азықтандыру қиынға түскен. Көршілес аудандар көмек қолын созғанымен тығырықтан шығудың реті келмей тұр. Жүзге тарта малшылар теліміне бүгінгі күні тек атпен ғана қатынасуға мүмкіндік бар. Қалыпты мөлшерден бірнеше есе артық жауған қардың қалыңдығы да қауіпті. Өзен бойын жағалай орналасқан Бурабай, Маралды, Сарыөлең сияқты бірқатар ауылдарда жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізу керек.
– Ал, арнайы құрылған “Облшығысжол” мекемесін заманауи техникалармен күшейтпекпіз. Бұл мақсатты іске асыруға 200 миллион теңге қаржы бөлінеді. Жолдардың барлығын жөндеуден өткіземіз. Айталық, бүгін ғана Осинов асуын көзімізбен көрдік. Оны айналып өтетін жол жасау қажет. Сондай-ақ, Қалбатау – Семей, Семей – Қайнар бағытындағы тас жолдарды жөндеу жобалары әзірлену үстінде,– деді өңір басшысы.
Жұмыс тобы Зайсан ауданындағы Үйденен су қоймасының жағдайымен танысты. Сонымен қатар, Шар – Өскемен теміржолында болды. Үш метрден астам қар алып жатқан Жарма ауданындағы Саржал алқабы қар тоқтату жүйесіне де қатты көңіл бөлу керектігін аңғартты. Өйткені, бұл аймақта қыстың соңына дейін жолаушылар пойызының жүруіне рұқсат берілмеген. Шүлбі шлюзінде болған сапарда облыстық су жолдары кәсіпорнының директоры Г.Петренко республика мен аймақтан келген арнайы өкілдерге шлюз шаруашылығын таныстырды. Өкінішке қарай, инженерлік күрделі құрылыстарды ретке келтіру жұмыстары баяу атқарылуда. Мұның сыртында шлюздегі су деңгейінің көтерілуі немесе басқа да келеңсіз жәйттердің орын алуы төтенше жағдайларға алып келетіні сөзсіз. Арнайы комиссия мүшелері бұл түйткілді ұзақ талқылады.
Алдағы келе жатқан көктемнің облысымызға күрмеуі қиын күрделі мәселелерді ала келері анық, оның үстіне бүгінгі күні бүкіл республиканың назары бізде. Ең бастысы, еліміз Шығыс Қазақстанға қолұшын беруге дайын!
Оңдасые ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.