• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Қазан, 2012

Шарайна

240 рет
көрсетілді

Шарайна

Сәрсенбі, 3 қазан 2012 7:25

Оппозицияның жеңісі күмәнсіз

Грузияда өткен парламенттік сайлауда Бидзина Иванишвилидің «Грузин арманы» оппозициялық блогы жеңіске жетті. Соңғы мәлімет бойынша, ол ел президенті Михаил Саакашвилидің «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясынан алшақтығын ұлғайта түскен.

 

Сәрсенбі, 3 қазан 2012 7:25

Оппозицияның жеңісі күмәнсіз

Грузияда өткен парламенттік сайлауда Бидзина Иванишвилидің «Грузин арманы» оппозициялық блогы жеңіске жетті. Соңғы мәлімет бойынша, ол ел президенті Михаил Саакашвилидің «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясынан алшақтығын ұлғайта түскен.

Грузия ОСК-сінің деректеріне сүйен­сек, бюллетеньдердің 11,1 па­йы­зы тек­се­ріл­геннен кейін «Грузин арманы» 54,61 пайыз дауыс жинаса, «Біртұтас ұлттық қоз­ғалыс» пар­тиясының көрсеткіші 38,14 пайыз болған. Президент партия­сы­ның жеңілісіне елдегі түрмедегі жағдайларға байланысты жанжалдар кері әсер еткен секілді.

 

Коалицияның патрулін жарды

Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Хост қаласында лаңкес-жанкешті жасаған жарылыстан кем дегенде 14 адам, оның ішінде НАТО-ның 3 әскери қызметшісі қаза тапты. Тағы 40 адам түрлі дене жарақатын алған.

Қаза тапқандардың арасында сондай-ақ 6 азаматтық тұлға, 4 ауған полициясының қызметкері мен 1 тілмаш бар екен. Жарылыс базарға адамдар көп жиналған сәтте жүзеге асырылған. Жан­кеш­тінің көздегені Ауғанстандағы халықаралық коалицияның патрулі болған деген болжам айтылуда.

 

Шекара бұзды деп айыптады

Жапонияның жағалау күзеті Шығыс Қытай теңізіндегі талас тудырып отырған Сенкаку аралдары маңында Қытай корабльдері теңіз шекарасын бұзды деп айыптады. Жапон жағының айтуынша, сейсенбіге қараған түні елдің аумақтық суларына қытайлық 4 күзет кораблі еніп кеткен.

Корабльдер аралдарға жақын­да­ған сәтте жапондар олардың талас тудырып отырған аумақтан кетуін талап еткен. Қытайлықтар бай­ланысқа шығудан бас тартқанымен, көп кешікпей кемелерін кері бұрған. Бұл Пекиннің аталған аралдар шекарасын соңғы 2 аптаның ішінде екінші рет бұзуы болып табылады.

 

Жалаға жауапкершілік жүрмейді

Украинаның Жоғарғы радасы кеше бұған дейін қабылданған жала мен ар-намысқа тигені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу туралы шешімнің күшін ресми түрде жойды. Сөйтіп, билеуші «Өңірлер партиясы» жасаған заң жобасы талқылаудан алынып тасталды.

Құжат бірінші оқылымда қаралған кезде оған 349 депутат қарсы дауыс берген екен. Ал заң жобасын жасаған топтың жетекшісі Виталий Журавскийдің айтуынша, бұл нағыз керек заң болатын. Өйткені, кез келген адам біреуге жала жауып немесе жаман сөз айтпас бұрын ойланып алатын еді. Енді кім-кім де заң алдында жауап беремін деп еш қорықпастан, ойына не келсе соны айта беретін болады.

 

Мемаппаратты 30 пайызға қысқартады

Белоруссияның мемлекеттік аппараты 25-30 пайызға қысқаратын болады. Бұл туралы ел президенті Александр Лукашенко мәлімдеп отыр. Төмендегілер аз, жоғарыдағылар көп, қажет емес қызметтерді жойып, соның есебінен мемқызметкерлердің еңбекақысын айтарлықтай ұлғайтуға болады, деп түсіндірді өзінің шешімін А.Лукашенко.

Мемлекеттік аппаратты оңтай­лан­дыру жұмыстарымен президент әкімшілігінің басшысы Андрей Кобяковтың жетекшілігіндегі арнайы комиссия айналыспақ. Комис­сияға сондай-ақ президенттің кө­мекшісі Наталья Петкевич те кіреді екен. Ал қысқартулардың қашан жү­ретіні туралы нақты мәлімет жоқ.

 

Соқтығыстан қаза тапқандар көп

Гонконгта бұрнағы күні кешкісін жолаушылар паромдары соқтығысуы салдарынан кем дегенде 56 адам опат болса, 50-ге жуығы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды. Оқиға Гонконгтағы Ламма аралы аймағында орын алды.

Аталған аумақта Қытайдағы басты фестивальдердің бірі – Күз ортасы мерекесі аталып өтіп жатқан еді. Паромдар жолаушылары дәстүрлі түрде сол күні орындалатын отшашулар шоуын көру үшін Виктория гаваніне бет алған болатын. Бортында 120 жолаушысы бар паром екіншісімен соқтығысқан соң бірден тұңғиыққа батқан. Екіншісі көп зақым келмегендіктен, аман-есен жағалауға жеткен. Оқиға себебі белгісіз.

Қысқа қайырып айтқанда:

  Жапонияның солтүстік-шығыс жағалауларында магнитудасы 6,2 баллға тең жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы АҚШ-тың геологиялық қызметіне сілтеме жасай отырып «Рейтер» агент­тігі хабарлады. Табиғат апатының салдары туралы ештеңе айтылмайды.

  Колумбия президенті Хуан Мануэль Сантос кеше өзінен рак ау­руы табылғаны туралы жария етті. Енді алдағы аптада оған ота жасалатын болады. Сантостың айтуынша, ісіктің көлемі үлкен емес және ерте анықталғандықтан, толықтай айығу мүмкіндігі жоғары.

  Ресейлік парашютші Ирина Синицына АҚШ-та өнер көр­се­туі кезінде айтарлықтай жарақат алған еді. Ол Мәскеуге жет­кізілгенімен, көп ұзамай көз жұмды. И.Синицына Калифорнияда топтасып секіруден жаңа әлемдік рекорд жаңартпақшы болған кезінде бірнеше мойын омыртқасын сындырған болатын.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.