• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
04 Қазан, 2012

Шарайна

230 рет
көрсетілді

Шарайна

Бейсенбі, 4 қазан 2012 7:15

Алғашқы пікірсайыс өтпек

Сәрсенбі күні АҚШ президенттігіне кандидаттар Барак Обама мен Митт Ромни арасындағы алғашқы дебаттар өтпек.

Денвер университетінде өтетін бұл сөзсайыс ішкі саясат мәселелеріне арналмақшы. Дебат бір жарым сағатқа созылатын болады. Осы уақыттар ішінде президент лауазымы үшін күрестегі бәсекелестер әлі де өз таңдауларын жасамаған америкалықтардың дауыстарын жеңіп алу үшін талпыныс жасамақ. Әзірге, жалпыұлттық сауалнама мәліметтеріне сәйкес, елдің басым көпшілігі Обама жағында. 49 пайызды құрайтын оның рейтингі Ромниден 4 пайызға асып тұр.

 

Бейсенбі, 4 қазан 2012 7:15

Алғашқы пікірсайыс өтпек

Сәрсенбі күні АҚШ президенттігіне кандидаттар Барак Обама мен Митт Ромни арасындағы алғашқы дебаттар өтпек.

Денвер университетінде өтетін бұл сөзсайыс ішкі саясат мәселелеріне арналмақшы. Дебат бір жарым сағатқа созылатын болады. Осы уақыттар ішінде президент лауазымы үшін күрестегі бәсекелестер әлі де өз таңдауларын жасамаған америкалықтардың дауыстарын жеңіп алу үшін талпыныс жасамақ. Әзірге, жалпыұлттық сауалнама мәліметтеріне сәйкес, елдің басым көпшілігі Обама жағында. 49 пайызды құрайтын оның рейтингі Ромниден 4 пайызға асып тұр.

Алеппода күшті жарылыс болды

Кеше Сирияның ірі қалаларының бірі Алеппода жарылыс болды. Соңғы мәліметтер бойынша 4 бомба жарылған көрінеді.

Бұқаралық ақпарат құралдары кем дегенде 40 адамның қаза тапқанын және 70-тен астам адамның жарақат алғанын хабарлауда. Ал Сириядағы  Адам құқықтары жөніндегі қадағалау кеңесінің мәліметтері бойынша жарақаттанғандар саны 90-ға жетеді. Сонымен бірге, құқық қорғаушылар, қаза болған 40 адамның басым көпшілігінің бейбіт тұрғындар емес, әскери қызметшілер екенін айғақтап отыр.

 

Үкіметті коалиция жасақтамақ

Ел конституциясы бойынша парламент сайлауынан кейін жаңа үкімет жасақтауға құқылы Грузия президенті Михаил Саакашвили бұл құқықты парламенттік басымдыққа ие болған «Грузин арманы» коалициясына беріп отыр.

Грузия парламентінің спикері Давид Бакрадзенің айтуынша, жаңа парламент қазіргі премьер Вано Мерабишвилидің үкіметін бекітпейді. Ал оның артының кезектен тыс сайлау тағайындауға апаратын саяси дағдарысқа соқтыруы мүмкін. Айта кету керек, осының алдында М.Саакашвили өзі басқаратын биліктегі «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясының оппозицияға кететінін хабарлаған болатын. Сайлаудың алдын-ала қорытындысы бойынша Б.Иванишвили коалициясы – 55, М.Саакашвили партиясы 40,27 пайыз дауыс жинап отыр.

 

Бішкектегі ереуіл

Бішкектің орталық алаңында «Құмтөр» алтын кен орнын национализациялау үшін болған ереуілден 9 адам зардап шеккен.

Алдын ала мәліметтер бойынша, Ала-Тоо  алаңындағы ереуілді қуып таратқан­нан кейін 9 адам медициналық көмек сұ­раған. Олардың жетеуі, оның ішінде 5 милиция қызметкері ауруханада жатқан көрінеді. Ереуілшілер парламент ғимаратына басып кіруге талпынған. Сондай-ақ олар ғима­рат­қа және оны күзетіп тұрған милиционерлерге тас лақтырған. Ереуілге барлығы 500-ге жуық адамның қатысқаны белгілі болып отыр.

 

Студенттерге қарсы оқ атты

Нигерияда белгісіз біреулер 27 студентті атып өлтірген, 15-ке жуық адам дене жарақаттарын алған.

Муби қаласына жасалған шабуылдан кейін қалада комендант­тық сағат енгізіліп отыр. Жергілікті биліктің хабарлауынша, камуфляж киіміндегі қарулы адамдар политехникалық колледж жатақханасына басып кіріп, ондағы оқушыларға оқ ата бастаған. Полиция да, әскери бөлімшелер де қылмыскерлерге тосқауыл қоя алмаған көрінеді. Қазіргі уақытта жергілікті тұрғындарға үйлерінен шықпау жөнінде бұйрық берілген.

 

Көлік саудасы қысқаруда

Германияның автомобиль рыногындағы автокөлік саудасы күрт қысқарып кеткен.

Қыркүйек айында 250 мыңға жуық жаңа автомобильдердің сатылғаны тіркелген. Бұл 2011 жылдың осы айымен салыстырғанда, 11 пайызға кем. Барлығы қаңтар мен қыркүйек айларында 2,36 миллион жаңа автомобиль саудаланған екен. Осылайша, 2012 жылдың 9 айының көрсеткіші өткен жылдың дәл сол кезеңімен салыстырғанда 1,8 пайызға қысқарған көрінеді.

 

Премьерге қолдау білдірді

Испанияның 17 өңірінің үкіметтері орталық биліктің 2013 жылға белгілеген бюджет тапшылығы бағдарымен келісетіндіктерін білдірген.

Осылайша, ел кең көлемді көмек сұрайды деп күткен инвесторлар тарапынан болып жатқан елеулі қысымды сезініп отырған Испания премьері Мариано Рахой аз уақытқа болса да тыныс алғандай болды. Премьер бюджетке қолдау көрсеткендері үшін өңір басшыларына алғыс айтып, бұл көзқарастың федералдық үкімет пен өңірлер арасындағы дау-жанжалды болдырмауға жағдай жасайтынын атап көрсеткен.

 

Тропикалық дауыл қатері

Атлант мұхитында «Оскар» тропикалық дауылы пайда болып, ол Кариб аралдары бағытына қарай қозғалуда.

Бұл туралы АҚШ-тың дауылдарды бақылау жөніндегі ұлттық орталығы хабарлаған. Дауылдың таяудағы 48 сағаттың ішінде тропикалық циклонға айналу мүмкіндігі үлкен деп атап көрсетілген хабарда. «Оскар» дауылы Жасыл мүйіс аралдарынан шамамен алғанда, 1,5 шақырым оңтүстік-батысқа таман аймақта пайда болған көрінеді.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.