Халықаралық бокс қауымдастығының (AIBA) президенті отставкаға кететінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Гафур Рахимовтың мәлімдемесі 22 наурыз күні aiba.org сайтында жарияланды. Онда AIBA басшысы «оған қарсы қолдан жасалған айыптаулардың» шындыққа жанаспайтынын, олар «саяси уәжді жалғандыққа» негізделгенін атап өткен. «Дегенмен, мен боксқа және спортшыларға қызмет ету үшін барлығын жасауға міндеттімін», - деді ол.
Гафур Рахимов Халықаралық олимпиадалық комитеттің (ХОК) оның кандидатурасына қарсы айтқан күдіктері, ескертулері, тіпті ультиматумдарына қарамастан, 2018 жылдың қарашасында Халықаралық бокс қауымдастығының президенті болып сайланған еді. Сайлау Мәскеудегі конгресс барысында өтті. Мәселен, Рахимов халықаралық қылмыстық ұйым көшбасшыларының бірі ретінде АҚШ Қаржы министрлігінің санкциялық тізіміне енгізілгені айтылған еді. Халықаралық олимпиадалық комитет Рахимовті президенттік лауазымға ұсыну бокстың олимпиадалық бағдарламасына кері ықпалын тигізуі мүмкіндігін бірден айтқан болатын. ХОК сайлаудан кейін AIBA-мен барлық қарым-қатынасына тоқтау қойып, олимпиадалық бокс бағдарламаларын қаржыландыруды доғарды. Сондай-ақ 2020 жылғы Токио Олимпиадасына боксшыларды іріктеу бағдарламасын тоқтатты. AIBA президентінің 22 наурыз күнгі мәдімдемесінде атап көрсетілгендей, апта соңында Ұйымның атқарушы комитетінің отырысы шақырылатын болады. Онда оның отставкаға кетуі және уақытша президентті таңдау мәселесі қаралады.