• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2019

Тұңғыш сапар Түркістаннан басталды

1136 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына барды. Бұл – оның Мемлекет басшысы ретінде аймаққа жасаған алғашқы сапары. Халықпен кездесу барысында «Тұңғыш Президенттің саясатын жалғастыра беремін» деген Қасым-Жомарт Тоқаев өзі назар аударып, жұмысты күшейтетін бірнеше бағыт жайлы баяндады.

Кесенеге келді. Қасым-Жо­март Тоқаев «Әзірет Сұл­тан» мем­лекеттік тари­хи-мә­дени қорық-музейі­нің архео­логиялық және ар­хи­тек­туралық ескерткіштерімен та­нысып, Қожа Ахмет Ясауи ке­сенесін аралап көрді. Мем­лекет басшысына мәдени ны­сандардың қайта жөндеу жұ­мыстары және қорық-му­зейдің аумағын абаттандыру барысы жөнінде баяндалды. Сонымен қатар облыс әкім­дігінің, басқармалар мен де­партаменттердің әкімшілік ғи­мараттарын, сондай-ақ Кон­гресс-холды, Медиа орта­лығын, «Ұлы дала елі» орта­лығын, оқушылар сарайын, туризм колледжін, «Ас­­тана» алаңын, әуенді субұр­­қақты, халыққа қызмет көр­сету орта­лығын және бас­қа да әлеуметтік-мәдени мақ­саттағы нысандарды салу барысы туралы есеп берілді.

Жастармен жолықты. Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапары барысында жастардың ресурстық орталығының жұ­мысымен де танысты. Пре­зидентке жастардың шы­ғар­машылық бастамаларына, кә­сіп­керлікпен айналысуына қолдау көрсету, олардың жұ­мыспен және баспанамен қамтылуын үйлестіру, жастарға құқықтық көмек көрсету сияқты негізгі жұмыс бағыттары жөнінде баяндалды. Еркін әңгімелесу барысында жастар Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Жастарға қызмет көрсету», «Еріктілер клубы», «Жас сарбаз», «Тілдер мек­тебі» атты тақырыптық сек­тор­лардың, білім беру сала­сын­дағы «Stem» жобасының, сон­дай-ақ «TURKISTAN HUB» коворкинг орталығының жұмыстары туралы айтты. 

Тұрғын үйлердің құ­ры­­лысымен танысты. Пре­зи­дент Түркістан қала­сының «Оты­рар» шағын ау­да­нына барып, «Нұрлы жер» бағ­дарламасы бойынша са­лы­нып жатқан 26 жаңа үйдің құ­ры­лысымен танысты. Қа­зақстан Президентіне осы бағ­­дарлама аясында 2019 жыл­­дың соңына дейін жалпы аумағы 96 200 шаршы метр­ді құрайтын 1560 пә­тер пай­далануға берілетіні хабарланды. 

Жұртшылық өкіл­дер­і­мен кездесті. Мемлекет басшысы, бұдан бөлек Түркістан об­лы­сының жұртшылығымен де жолықты. Президент іс-шара­ға қатысушыларды Нау­рыз мерекесімен құттықтап, жаңару мен жаңа өмірдің басталуын сипаттайтын бұл мерекенің рухани бай мұ­ра­мыздың жарқын символына, үздіксіз ұрпақ сабақтастығына және Қазақстан халқы бірлі­гінің негізіне айналғанын атап өтті.

– Елбасының биылғы 19 наурызда қабылдаған шешімі мемлекетіміздің болашағына деген шынайы қамқорлықты білдіреді. Осындай сындарлы кезеңде Елбасын және мені қолдаған барша халқыма ризашылығымды айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы өзінің ел Президенті ретіндегі алғашқы сапарының қазақ мәдениетінің, тарихы мен руханиятының орталығы саналатын Түркістан қаласынан басталуының символдық мәні зор екенін айтты.

– Түркістан – мем­ле­ке­тіміздің алтын бесігі. Елба­сы­ның бұл қалаға ерекше мәр­тебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Ежелгі Түр­кіс­танның жаңғыруы мен жа­ңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді. Ал­дағы жұмыстарым туралы жә­не қоғамды толғандырған мәселелерді шешуге байла­нысты ойымды дәл осы жерде бөліскім келеді, – деді Қа­зақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақ­стандықтарды бірінші кезекте толғандыратын мәселелер туралы айта келіп, ең алдымен, әділеттілікті күшейту қа­жеттігіне тоқталды.

– Қоғамдағы әділеттілік, ең алдымен, атқарушы би­лік­ке байланысты. Үкімет­тің, министрлердің, бар­лық деңгейдегі әкімдер­дің, полицияның, прокура­ту­раның, соттардың мақсаты – азаматтардың құқығын қор­ғау. Бұл – олардың консти­ту­циялық міндеті әрі азаматтық борышы, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейе түсетінін айтып, орынды шағым түскен жағ­дайда орталық және жергілікті органдардың басшылары тікелей жауап беретінін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев мем­лекеттік қызметшілердің ха­лықпен тығыз жұмыс іс­теуі қажет екеніне баса мән беріп, басшылардың ха­лық алдындағы есеп беру кез­десулерінің қазіргі форматын сынға алды. Мемлекет басшысы еңбексүйгіштік пен сіңірген еңбекке орай марапаттау құндылықтарының идеясы ұлттық идеологиямыздың бастауында тұруы қажет еке­нін айтты.

– Біз азаматтарымыздың, ең алдымен, жастардың жұ­мыс­қа орналасуына және кәсі­би тұрғыдан өсуіне жағдай жа­сауға тиіспіз. Шетелде жұмыс істеп жатқандардың әлеуе­тін елімізде пайдала­ну мүмкіндігін қарастыруымыз керек. Сонда біз күшейе түсе­міз. Сонымен қатар жұмыс табуға ұмтылмайтындарды, әсіресе әлеуметтік масыл­ды­қ­ты қолдауға болмайды. Мемлекет әлеуметтік жағдайы нашарларға көмек көрсететін болады. Қалғандарының бәрі жұмыс істеуге тиіс, – деді Қазақ­стан Президенті. Оған қоса, Үкіметке бюджетті тек мем­лекетіміздің дамуына жә­не қауіпсіздік мақсаттарына орай қайта бейімдеуді, сондай-ақ имидждік іс-шараларға ар­налған шығындарды азайтуды тапсырды.

– Мемлекеттік шығыс­тар­дың басты міндеті – қара­пайым адамдардың мәселе­лерін шешу. Ауыз су, бас­пана, жұмыс орындары, жайлы өмір үшін инфрақұ­ры­лым – осылардың бәрі ел тұр­ғындарын алаңдатады. Міне, біз осы міндеттерді шешетін бо­ла­мыз. Министрлер мен әкім­дердің жұмысын нақты проб­лемаларды шешу нәти­же­лері бойынша бағалайтын боламын, – деді Қасым-Жо­март Тоқаев. 

Сонымен қатар Қазақстан Президенті рухани жаңғыру мәселелеріне тоқталып, Ел­ба­сының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы бағыттарды одан әрі жүзеге асырудың маңыздылығын айтты.

Кездесу барысында Жас­тар жылын өткізу ісіне де ерекше назар аударылды.

– Біз жастар үшін жаңа мүм­кіндік беруіміз керек. Соның ішінде олардың бизнеспен айналысуына, білім алуына, жұмысқа орналасуы­на, табыс табуына жол ашу қа­жет. Өз өмірін жақ­сар­туға, мансабы бойынша жо­ғары­лауға арналған әлеу­мет­­тік лифтілер іс жүзінде жұ­мыс істеуі керек. Еліміз­дің жас­тары мен талантты аза­мат­тары мемлекеттік қыз­метте іл­герілеу үшін арнайы кадр­лық бағдарлама дайын­даймыз. Болашағымыз жастар­дың қо­лында, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Со­ңында Мем­лекет басшысы өзі­нің Президент ретіндегі негізгі ұстанымдары сабақтастық, әділеттілік және ілгерілеу еке­нін атап өтті.

Шымкент қаласына барды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұ­мыс сапа­ры барысында Шым­кент қа­ласына келіп, онда ор­наласқан әкімшілік-іскерлік орталығын аралап, «Shymkent city» жа­ңа ауданының макетін, әуе­жайдың жаңа терминалын көрді. «Ескі қалашық», Қош­қар ата өзенінің жағалауын абат­тандыру және «Тұран» шағын ауданының инженерлік инфрақұрылымын салу жоба­ларымен танысты. 20,5 гектар аумақты қамтитын әкімшілік-іскерлік орталық заманауи ин­­фрақұрылымымен, өмір сүруге және бизнес жүр­гізуге қо­лайлы жағдай жа­сал­ған­ды­­ғымен ерекшеленеді, сон­дай-ақ қала құрылысы мен сәуле­тінің қазіргі стандарттарына сай келеді. Қаланың жа­­ңа ауданында жалпы ау­­­­­мағы 201,2 мың шаршы метр­­­­ді қам­титын 2 990 пәтері бар 47 үй са­лу жоспарлануда.

Бизнес өкілдерімен кез­десті. Қасым-Жомарт Тоқаев же­ке кәсіпкерлермен де жолы­ғып, олардың шығарып отырған өнімдерімен де таныс­ты. Соның бірі – тоқыма өндірі­сіндегі жіп иіру, өңдеу және тігін тігумен айналыса­тын «AZALA Textile» жауап­ке­р­шілігі шектеулі серіктестігі. Сонымен қатар Мемлекет басшысына «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының базасында жұмыс істейтін өн­дірістік кәсіпорындар жөнінде мәлімет берілді. Солардың қатарында «Бал текстиль» ЖШС-нің кілем және кілем өнімдері фабрикасы, «Әлем-БТ» ЖШС-нің шұлық фабри­касы, «ПК «АГФ Групп» ЖШС-нің конвейерлі тігін фаб­рикасы, «СП «Lux shoes» ЖШС-нің аяқ киім фабрикасы, «Tumar Textile» ЖШС-нің орамалдар мен халаттар тігетін фабрикасы және басқа да кәсіпорындар бар. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті «MEDIKER 4K» медицина мекемесінің жұмысымен танысып, дәрігерлер бөлмелерін аралап көрді. Аталған компа­ния­ның «Медикер» емханасы республикалық емханалар желісінің филиалы саналады. Бұл мекеме цифрлы ме­дицина, диагностика және спорттық медицина сияқты ба­ғыттар бойынша жұмыс іс­тейді. Осылайша Президент Түр­кістан облысындағы сапары барысында өңірдің ты­ныс-тіршілігімен таны­сып, қоғамның түрлі өкіл­де­рімен кездесіп, өзінің ой-пікірлерімен бөлісті. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»