Жуырда Ұлттық нейрохирургия орталығында зақымдалған 3 омыртқа жасанды имплантпен алмастырылды.
Адам баласының қимыл-қозғалысында, жалпы тіршілігінде омыртқа жотасының атқарар қызметі өлшеусіз. Кеңес заманында әскери қызмет атқарған офицер, Ауғанстанда от пен оқтың өтінен аман шыққан Александр Занозин 59 жасқа қараған шағында омыртқасының қатты ауруынан денсаулығы төмендеп, жұлынның қысылуына омыртқаның бұрыштық деформациясы қосылып, 2018 жылдың тамызынан бастап өз бетінше жүріп-тұра алмайтын халге жетеді. Омыртқадағы созылмалы қабыну қанның бұзылуына, сонымен қатар неврологиялық симптоматиканың дамуына, атап айтқанда, аяқтағы әлсіздікке, ұйып қалуға әкелген.
Пациенттің осындай жағдайында қандай көмек беруге болады деген консилиум зақымдалған 3 бірдей кеуде омыртқасын түбегейлі алып тастау қажет деген ұйғарымға келеді. Сонымен, 22 ақпанда Орталықтың жұлын нейрохирургтері 3 кеуде омыртқасын қабыну деструкциясымен бірге толығымен алып тастап, оның орнын омыртқаның жасанды импланттарымен алмастырып, 10 сағаттық күрделі операция жасады.
Омыртқалардың қолқа, жүрек, өкпе және қан тамырларға жақын орналасуына қоса жұлын мен одан шығатын өрімдердің, жалпы нерв жүйесінің тұтастығын, бүтіндігін сақтап қалу, физиологиялық білік пен омыртқа жотасының тірек функциясын қалпына келтіру сынды бірнеше міндетті қатар қойған операция аса бір ыждаһаттылықты талап етті.
Жалпы, орталықта омыртқаларды түбегейлі алып тастайтын бұған ұқсас операциялар бұрын да атқарылған болатын. Алайда осы жолы нейрохирургтер қабыну деструкциясы бар омыртқаға алғаш рет күрделі операция жасауға бел буды. Дәл бұлай күрделі операцияларды сәтті өткізу қазіргі заманғы диагностикалық және операциялық құрал-жабдықтары, жоғары санатты мамандары, сонымен қатар олардың арасындағы жұмыс үйлесімдігі орнаған жоғары мамандандырылған орталықта ғана қол жеткізілуі мүмкін.
Операция сәтті өтті. Қазіргі уақытта Александр Занозиннің денсаулық жағдайы қанағаттанарлық дәрежеде.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»