Атырауда 21 наурыз күні кешкі сағат 21.52-де «102» пультіне белгісіз адам хабарласып, орталық көпірден бір адамның суға секіргенін жеткізді. Атырау қалалық полиция басқармасының жеке құрамына шұғыл арада хабар беріліп, оқиға орнына бірінші жеткен патрульдік полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев ойланбастан мұздай суға секіреді.
«Жағалауда роликпен серуендегеннен кейін демалып отырғанда тосыннан суицидке куә болдық. Бірден полицияға хабарладым. Санаулы секунд ішінде оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлерінің бірі батып бара жатқан адамға тез жүзіп барды. Су мұздай, оған қоса қатты ағыс қызды қалай ағызып бара жатқаны да көрініп тұрды. Бірақ полиция қызметкері өз өмірін тәуекелге тігіп, батқан адамды құтқаруға талпынысын тоқтатқан жоқ», дейді оқиға куәгері Райымбек Сарбалин.
Өзімен бірге бөренені алып суға түскен полиция кіші лейтенанты Рүстембек Сүндетов те Шалқарға көмекке ұмтылады. «Суға батқан адамға жеткен кезімде Шалқар ағысқа төтеп бере алмай батып кетті», деп еске алады Р.Сүндетов. Ажал аузынан қалған Батыс Қазақстан облысының тумасы жедел жәрдем көлігімен облыстық аурухананың реанимация бөлімшесіне жеткізілген. «Сағат 00.50-де Шалқар Ақымғалиевтің мүрдесі оқиға орнынан төмен жақтан табылып, жағаға шығарылды. Шалқар Ақымғалиев көп балалы отбасының жалғыз асыраушысы болатын. Бойдақ, 1 сәуірде 25 жасқа толатын еді. Отанына 5 жыл бойы адал қызмет етіп келе жатқан ол суға батқан әйелді құтқарамын деп өз өмірін қиды», дейді ІІМ кеңесшісі-ресми өкілі Нұрділдә Ораз. Сондай-ақ ол бейбіт күн батырының мемлекеттік наградаға ұсынылатынын, сонымен бірге жеке құрам тарапынан оның отбасына материалдық көмек көрсетілетінін айтты.
Осы оқиғаға байланысты Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Махамбет ауданының Береке ауылында тұратын Ақымғалиевтер отбасына көңіл айту жеделхатын жолдап, Шалқар Көшкінбайұлының ерлігі мен азаматтығы баршаға үлгі екенін атап өткен болатын.
Сондай-ақ «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мəулен Əшімбаев: «Шалқардың бұл ерлігі оның антына адалдығын, ең бастысы, адамгершілік қасиетінің жоғары болғанын көрсетеді. Қызметіне асқан жауапкершілікпен қарап, өзге үшін өз өмірін қиюға дайын болған Шалқардай ұл тəрбиелеп өсіргені үшін Ақымғалиевтер əулетінің алдында басымызды иеміз», деді. Ал Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Шалқардың анасы Лəззат Мəженқызына жолдаған көңіл айту хатында ішкі істер органдары жəне қалың қазақ жұрты өзінің ержүрек, батыр ұлынан көз жазып қалғанын, бұл орны толмас қайғы екенін атап өткен. Өткен сенбіде атыраулықтар батыр перзенттерін соңғы сапарға шығарып салды. Жиналған қауым арасында Атырау облысының əкімі Н.Ноғаев, ІІМ Əкімшілік полиция комитеті бастығының орынбасары, полиция полковнигі М.Байболов, облыстың бас полицейі, полиция полковнигі А.Дүйсембаев, сондай-ақ Полиция департаментінің жеке құрамы мен мəслихат депутаттары, жергілікті əкімдік, прокуратура, ҚМДБ өкілдері болды. Қаралы жиында қызметкерінің жоғары адамгершілік қасиеттерін еске алған Полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсембаев: «Мен қызмет еткен бірнеше жылдың ішінде алғаш рет жас жауынгерімнен айырылып тұрмын. Менің жауынгерім қан майданда емес, адамды ажалдан арашалау кезінде Жайықтың асау толқынында қаза болды. Қош бол, менің жас жауынгерім!», деп толқи сөйледі. Жерлеу рəсімі кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевқа құрмет көрсету үшін полиция департаментінің қызметкерлері аспанға үш мəрте бос патрондармен оқ атып, қоштасу белгісін білдірді.
Бақытгүл Бабаш,
«Egemen Qazaqstan»