Орталық мемлекеттік музей Алматыдағы Мажарстан бас консулдығымен бірлесе отырып «Бұғылар жолы» атты керім көрікті фотокөрмесін өз көрермендеріне ұсынды.
Орталық музей мен Мажарстан бас консулдығы арасындағы мәдени ынтымақтастық байланыс жылдан-жылға нығая түсуде. Мәселен, соңғы жылдардың өзінде музейге келушілер Мажарстанның тарихы, мәдениеті туралы сыр шерткен: «Мажарстан ғылымының мерекесі», «Мажарстан шығыстанушылары» сынды көрмелермен танысты. Қалыптасқан дәстүрді жалғастырған Орталық музей Мажарстан бас консулдығымен бірлесіп «Бұғылар жолы» көрмесін келушілердің назарына ұсынды. Көрме аңшылық және табиғатты қорғаумен кәсіби түрде айналысатын Одон Блауманның фото шығармашылығына арналды.
Көрмеден жабайы аңдардың өмір сүру ортасындағы түрлі сәттерін бейнелейтін түсірілімдерді тамашалауға болады. Фотосуретшінің шығармашылық тақырыбы бұл жолы Мажар елінің мақтанышы, табиғатының інжу-маржаны бұғылар мен еліктерге арналған. Одон Блауман тек қана фотосуретші емес, сонымен қатар кинотүсірілімдермен де айналысады. Қазіргі таңда суретші DVD форматта 55 фильм түсіріп, көрермендерге тарту етті. Фильмдер Аустрия, Германия, Нидерланд, Италия, Бельгия елдерінде көрсетіліп зор қошеметке ие болған. Оның фильмдері «Аңшылық, балық аулау» телеарнасында жиі көрсетіледі. Блауман аңшылық мектептері үшін бірқатар арнайы оқу фильмдерін және аңшылық кәсібімен айналысатын компаниялардың жарнамаларын түсірді.
Көрме экспозициясында келушілер таңырқай қарайтын кәнігі фотосуретші Одон Блауманның 65 туындысы бар. Оның әрқайсысы Венгрияның әсем табиғаты, жануарлар әлемімен таныстырады. Алыс Альпі тауын жаңғырықтырған үндері, жер тарпыған сәттері көз алдыңа елестейді. Неге екенін бұғылардың тамсандыратын кейпін өзгеше бір іңкәрлікпен әспеттегенін көресіз.
Бұғылардың таңсық жолы сіздің де таңдайыңызды қақтыратыны рас.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ