Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлемді таңғалдырған шешім қабылдады. Өз орнын Сенат Төрағасы қызметін атқарған Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді.
Астана атауы – Нұр-Сұлтан
Қазақстанды 28 жыл басқарған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурызда шешімін жариялады. Соның артынша, 20 наурызда Парламенттің бірлескен отырысында жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ант берді. Мұндай шешімнің Қазақстанды ғана емес, Орталық Азияны және Түркия тарапын да таңғалдырғаны рас.
Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9-орын алады. 18 миллионнан астам халқы бар. 1991 жылы қазақтар елдегі халықтың 45 пайызын құраса, бүгінде 70 пайызға жетті. Мұнай, табиғи газ, уран секілді қазба байлықтарға ие.
2005-2018 жылдар аралығында елге 282 миллиард АҚШ доллары көлемінде шетел инвестициясы құйылса, оның 47 пайызы еуропалық елдерге, ал 13 пайызы АҚШ-қа тиесілі. Басқаша айтқанда, Қазақстан Шығыс пен Батыстың өзара әрекеттесуінің маңызды орталығы болып табылады. 2010 жылы ЕҚЫҰ және 2011 жылы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық етуі бұл теңгерімнің көрінісіне айналды.
1990 жылдардың ауқымды технологиялары мен мүмкіндіктерін ескере отырып, бүгінгі таңда Қазақстан әлемде бизнес жүргізудің қарапайымдылығы бойынша 190 ел арасында 28-орынға көтерілді. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі, ал орыс тілі қажет жағдайда бірге қолданылады. Алайда, Назарбаев 1940 жылдан бері қолданыста болған кириллица алфавитінен бас тартып, латын графикасын қабылдау туралы шешім шығарды. 2025 жылға қарай 32 әріптік жаңа алфавит елдің барлық ішкі жүйелерінде іске қосылады.
Елдегі трансформация мен көрнекі мақсаттарды белгілейтін ең маңызды жұмыс – иен далаға салынған Астана қаласы. Назарбаевтың отставкаға кету туралы шешімінен кейін Қазақстан Парламенті Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертетін заң жобасын мақұлдады.
Түркі әлемінің ақсақалы
Н.Назарбаев Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы қызметтерін жалғастыра бермек. Ол Кеңес өкіметі құлағаннан кейін ел тізгінін осы уақытқа дейін ұстап келген жалғыз басшы болатын.
Қазақстанның географиялық ерекшелігін ұтымды пайдаланып, көреген шешімдерінің арқасында Түркі әлемінің ақсақалы атанды. Мәселен, Түркия-Ресей қарым-қатынастарын реттеуде үлкен рөл атқарып, 15 шілдедегі оқиғадан кейін Түркияға келген алғашқы мемлекет басшысы болды. Онда Түркі кеңесін құру туралы ұсыныс жасады. Өткен жылы Түркі әлеміне қатысты жүргізілген сауалдамада Н.Назарбаевтың есімі түркітілдес мемлекеттер арасында өте танымал екені анықталғаны есімізде.
Назарбаевтың мұндай шешім жасайтынын бірнеше жыл бұрын сезген едім. Өзім қатысқан бір жиында «Назарбаев денсаулығын өз еркімен елі үшін сарп еткен көшбасшы ретінде тарихқа енеді», деп айтқаным бар-тұғын.
Назарбаев бүгінгі әрекетін 2017 жылдан бастап жоспарлаған болатын. 2017 жылы қабылданған конституциялық түзетулермен ол Парламентке және Үкіметке 30-дан астам өкілдік берді. Елдің басқару жүйесін өзгерткен бұл қадам қоғамда жеткілікті түрде талқыланған жоқ. Қазақстан президенттік жүйеден президенттік-парламенттік жүйеге даңғыл жол салды. Сондықтан Парламент пен Үкіметтің құзыреті кеңейді. Бұдан бөлек, Назарбаев соңғы үш жылда елдегі биліктегі орташа жас көлемін азайтты.
Бұл – жастарға мүмкіндік беретін жаңа тәсіл.
Куршад Зорлу, профессор
ТҮРКИЯ