Менің бір байқағаным, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың байырғы бітім, мағынасымен сақталған көне сөз тіркестері мен атауларын сөз арасында үнемі қолданып жүреді.
Бұл Тұңғыш Президенттің жас кезінен дана қарттармен көп әңгімелескенінің белгісі болса керек. Әрі қазіргі заманда тіл байлығын қалыптасырып, сақтап қалу үшін көркем кітапты көп оқу керек. Демек, Елбасының кітапты көп оқитыны, оның ішінде қазақтың көне тілінің қаймағы сақталған шығармаларды үнемі оқитыны аңғарылады. Бұл жерде адамның қаны мен тегіне қатысты да дүние бар. Қандағы қазақылық, тектегі ұлттық код, тіршіліктегі ұлтжандылық қанша жерден қуатты болса да жаһандану мен өркениет соққысын дарытқан емес. Тіпті жоғары элита арасында ақсүйектер мәдениетінің экспансиясына жұтылып, тілін жоғалтып алған тұлғалардың бар екенін көріп жүргеніміз жасырын емес.
Елбасының осы қазақылығы, қазақжандылығы болуы керек, Президент болысымен әлемге тарыдай тараған қазақтардың басын қосып, Алматыда Дүниежүзі қазақтарының алғашқы Құрылтайын өткізді. Бұл – сонау Алашорда тұсында өткен Мұсылмандар құрылтайынан кейін небір зобалаңды бастан кешіріп, еріксіз елінен қашуға мәжбүр болған қазақтардың қайта бір түгенделуі еді. Мұның саяси үлкен қырларын айтпасақ та, бұл Құрылтайдың өтуі – алашордалықтар арманының орындалуы екенін айтуға тиістіміз.
1998 жылы Моңғолияның екінші президенті Багабанди біздің елге ресми сапармен келді. Қабылдауда біз де болғанбыз. Көзбен көріп, құлақпен естідік. Сонда делегация құрамында Моңғолияда тұратын, министр дәрежесіне көтерілген қандастарымыз да жүрді. Нұрекең сөз арасында әлгі қазақ бауырларына қарата «Қане, бауырларым, жағдайларың қалай? Елге қашан ораласыңдар? Сендерді тезірек келсін деп, Астананы да сендерге жақындатып қойдым», деді. Елбасының ресми қабылдауда осылайша, қазақтарды ерекше бауыр тартып, қазақша сөйлегеніне моңғол журналистер таң-тамаша болды. «Назарбаев юу хэлэв?» («Назарбаев нені айтты?») деп бізден сұрады. Біз түгел аударып бердік. Олар «Назарбаев еріксіз әлемді мойындатар көреген басшы екен!..» десіп, таңданысты.
Міне, біз білетін Елбасы осындай адам.
Жүкел ХАМАЙҰЛЫ,
ақын, Түркітілдес халықтар поэзиясы фестивалінің лауреаты
ТАЛДЫҚОРҒАН