Елбасы Тәуелсіз елдің бұқаралық санасын өзгертуде, ұлттық дәстүрлерді қайта жаңғыртуда, тарихи сананы қалыптастыруда ерекше істер атқарды.
Түркия елінің Президенті Реджеп Тайип Ердоғанның біздің Елбасына қарата «Нұрсұлтан Назарбаев – түрік әлемінің лидері» деп айтқаны бар ғой. Шынында, ұлттық дәстүрде тәрбиеленген Ұлт көшбасшысы – халқының бар қадір-қасиетін бойына жинаған, тілін, тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білетін, ұлтын жан-тәнімен сүйетін, оның мәртебесін өсіріп халқының үмітін, сенімін ақтап келе жатқан ұлтжанды азамат.
«Ер мерейі – ел мерейі» демекші, басшысының мәртебесі биіктеген сайын, елдің абыройы да асқақтай береді. Ел ертеңін ойлаған кемеңгер Ұлт көшбасшысы: «Біз – алыс сапарға бел буып, кемемізді тәуекел дариясына түсірген елміз, елес үмітті емес, ерлік пен елдік мұратын кемеміздің тұғырына ту етіп байлаған елміз», деген болатын.
Бүгінгі Қазақстан – әлемнің іргелі мемлекеттерімен қатар халықаралық мәселелерді шешуде алдыңғы орындарда. Бүгінгі Қазақстан – әлем таныған егеменді, демократиялық және құқықтық мемлекет. Бүгінгі Қазақстан – Орталық Азияның барысына айналған қуатты экономикасы, тұрақты саяси тұғыры бар зайырлы мемлекет.
«Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көпұлтты, тату, ынтымақты халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен жемісті болашағы бар», деген Елбасымыздың сөздері әрбір қазақстандықтың кеудесіне қуаныш пен шаттық әкеліп, жарқын болашаққа деген сенімін ұялатады!
Ғалиасқар САРЫБАЕВ,
«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары