2019 жылдың 19 наурызында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз үшін аса маңызды мәлімдеме жасады.
Ол өзінің Президенттік өкілеттілігін тоқтату туралы шешім қабылдағанын жариялады. Нұрсұлтан Әбішұлы, сонымен қатар осы жылдар ішінде еліміздің дамуы, оның әлемдік аренаға танылуы үшін қолынан келгенінің бәрін жасағанын, соның нәтижесінде мемелекетіміз әлемдік қауымдастыққа танылып, экономикалық, әлеуметтік-саяси, құқықтық тұрғыдан белгілі даму деңгейіне жеткендігін де мәлімдеді. Сондай-ақ білім беру, спорт, мәдениет салаларында айтарлықтай жетістікке жеткені еліміздің егемендігінің, тәуелсіздігінің жемісі екенін, ендеше болашақта да тәуелсіздік туын биік ұстау қажеттігін ескертті. Ол өзінің Қазақстан халқын, қазақ ұлтын шын ниетпен құрметтейтінін, зор сүйіспеншілікпен қарайтынын айта келіп, барша қазақстандықтарға алғысын білдірді.
Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев туралы ел ішінде, халықаралық деңгейде әртүрлі пікірлер білдірілуде. Алайда бір нәрсе анық, ол тек республикамызға, іргелес жатқан мемлекеттерге ғана белгілі емес, әлемге танымал тұлға. Елімізді басқарған 30 жылдай уақыт ішінде біздің айтарлықтай жетістіктеріміз Мемлекет басшысы ретінде Н.Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Өйткені президенттік басқарудағы республика болғандықтан барлық экономикалық, саяси-әлеуметтік мәнді істер Президенттің шешімімен, ұйғарымымен жүзеге асырылады. Президент мемлекетіміздің барлық салалар бойынша ең басты жетекші және жауапты тұлғасы. Сол себепті де қалың жұртшылық еліміздегі игі істерді де, келеңсіздіктерді де оның есімімен байланыстырып қарайды, бұл қисынсыз да емес. Еліміз барлық саладағы жетістіктеріне тұрақтылықтың, тұтастықтың, ауызбіршіліктің, бірегейліктің, бірліктің нәтижесінде қол жеткізді. Бұл тұрғыдан алғанда Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі аса зор екенін жоққа шығаруға болмайды.
Н.Назарбаев Қазақстан халқына, зиялы қауымына сыйластықпен, үлкен сеніммен қарайтындығына, болашақта Президенттік үлкен лауазымға келетін адамның жетістіктерімізді әрі қарай жалғастыруға қызмет ететініне сенім білдірді. Биылғы жылды Жастар жылы деп жариялаған ол болашақ жастардікі екеніне, алдағы уақытта билік басына, әлеуметтік-экономикалық салалардың тұтқасын ұстауға сол жастардың келетінін ескере отырып, оларға зор табыстар тіледі. Өзінің алдағы уақытта да халықпен бірге болатынын, Қауіпсіздік Кеңесінің және «Нұр Отан» партиясының Төрағасы ретінде мемлекетіміздің саяси өмірінен тыс қалмайтынын мәлімдеді. Ойымызды қорыта айтсақ, Нұрсұлтан Назарбаев билігі тұсында еліміздің жеткен жетістігін ешкім жоққа шығара алмасы анық. Сондай-ақ оның осы жылдар ішінде әлемге танымал тұлға болғаны және Қазақстанның жаңа тарихында өзіндік орны бар екені талқыға түспейтіні ақиқат.
Алтай ТАЙЖАНОВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Медицина университетінің «Қоғамдық-гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі