Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – әлемнің қазіргі тарихындағы кемеңгер тұлға. Мені қатты таңғалдыратыны оның заман тынысын тап басып танитыны. Бүгінгі әлемнің күретамырының бүлкілін дөп басып сезіне алатын қасиеті оның Ұлы даланың асыл презенті екендігін көрсетіп тұр.
Бабалар армандаған ізгі үмітті жалғап, халықтың ел болудың алдындағы сан күдігін сейілту, тәуелсіздіктің жарқын бейнесін қалыптастырудағы Елбасының еңбегі ұшан-теңіз. Ардақты ұлын ұлықтаған ұлағатты ұлтымыз да тұңғыш басшысының еңбегін жоғары бағалайды.
Қазақстан халқы үшін Нұрсұлтан Әбішұлы – түріктердің Ататүркі, орыстардың I Петр, Америка жұртшылығының Рузвелті, еврей ұлтының Бен Гурионы, Сингапур халқының Ли Куан Ю сияқты қайраткері және түркі әлемінің абызы.
Біз Назарбаев басқарған мемлекетте өмір сүріп, жұмыс істегенімізді әрдайым мақтан тұтуымыз қажет. Оның айқын дәлелі еліміздегі татулық пен ынтымақтың бірегей үлгісін жаhан жұртшылығы зерделеп, Назарбаев моделі деп баға берді.
Бүгінде Қазақстан халқының алдында үлкен міндеттер тұр. Алайда кемеңгер басшы халқына қызмет етуді жалғастырады, яғни елдегі жетекші «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде қызмет ете бермек. Бұл Елбасының халқының тынысымен бірге тыныстайтынын көрсетеді.
Сатыбалды ИБРАГИМОВ,
қоғам қайраткері