26 жыл бұрын, 1994 жылы сол кездегі Жоғары Кеңестің сессиясында Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру жөніндегі идеясын жария еткен кезде бұл идеяға сенбегендер көп болды.
Үміттен гөрі күдік басым болатын. Экономикалық байланыстар үзіліп, кәсіпорындар жабылып, жұмыссыздық көбейген уақытта, айлап айлық, жылдап жалақы төленбей тұрған кезде астананы көшіру ешқандай санаға сыймайтын дүние болып көрінетін. Бірақ көп ұзамай мұның ұлы идея екеніне көзіміз жетті. Есілдің оң жағалауындағы ескі қала адам танымастай өзгерді. Сол жағалауда әлемдегі озық сәулеттік үлгідегі ғимараттар бой көрсете бастады. Астананың құрылысы ел экономикасына үлкен серпін берді. Өндірісті дамытудың, құрылыс пен құрылыс индустриясын өркендетудің локомотивіне айналды. Елордаға қарап облыс орталықтары бой түзеді. Аудан орталықтары көркейе түсті. Айналдырған 20 жылдың көлемінде Қазақстан астанасы әлемнің жауһарына айналды. Сарыарқаның сары даласына Астана дайын күйде түсе салған сый сияқты көрінді. Соның артында қаншама еңбек пен ерлік тұрғанын, күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндер өткенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Сондықтан болса керек, біз түк болмағандай бас қаланың жаңа атауына байланысты түрлі ой-пікір айтып жатамыз. Ол да дұрыс шығар. Демократиялық мемлекет құрып жатқаннан кейін ой плюрализмінің болғаны да оңды. Бұл әлемде болып жатқан үрдіс. Бірақ біздің өз дәстүріміз, салтымыз бар. Біздің ең үлкен құндылығымыз – бірлік пен ынтымақ. Біз азаматымызды ардақтап, ұрпағымызды құндақтай білген халықпыз. Осы тұрғыдан алғанда Елбасының тәуелсіз мемлекет тұрғызудағы шексіз еңбегін, тарихи рөлін бағалаған кешегі саяси өзгерістер мен қабылданған тарихи шешімдер мемлекетіміздің, халқымыздың өркениеттілігін көрсетті. Осы арқылы Қазақстан халқы қай кезеңде болса да пендешіліктен, алауыздықтан, арандатушылықтан шет тұратынын дәлелдеді. Бұл шынында қай мемлекет болсын, жетуді мақсат тұтатын шынар биігі. Соған еліміз жетіп отыр. Қазақстандықтардың басым көпшілігі астананың Нұр-Сұлтан деп аталуына қолдау көрсетуде. Нұр-Сұлтан атауы астанамызды одан әрі биіктете түсетініне еш күмән жоқ. Әлемде Нұрсұлтан мен Қазақстан егіз ұғым саналады. Н.Назарбаевты халықаралық деңгейдегі реформатор, бейбітшілік бастамалары мен идеялардың авторы, ядролық қарусыз әлем идеясының бастаушысы, тәуелсіз мемлекет құрудың архитекторы ретінде мойындаған алпауыт елдердің басшылары да, ірі инвесторлар да Қазақстанға үлкен сеніммен қарайтынына ешқандай күмән жоқ. Осының барлығына «тәубе» дегіміз келеді.
Әли БЕКТАЕВ,
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы,
Сенат депутаты