Ақмола өңіріндегі «Целиноградское» кредиттік серіктестігінің қызметкерлері елорда атауының Нұр-Сұлтан болып өзгеруін қолдайтындықтарын жеткізді.
«Ел мүддесін мұрат еткен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегінің арқасында Тәуелсіздігін жаңа алған жас мемлекет алға қадам басты. Нарықтық жүйе игеріліп, жекешелендіру жүргізілді, кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, инвестициялар тартылды, алыс-жақын шетелдермен өзара сауда қатынастары жолға қойылды. Тәуелсіз елдің алғашқы қадамдарының бірі – төл теңгеміз қолданысқа енгізіліп, дербес қаржы жүйесі құрылды. Бұл жұмыстар мен қолдаулардың нәтижесі көп күттірмеді, қаржылық дағдарыстарға төтеп беріп, экономикамыз дамыды. Әр қазақстандықтың әл-әуқаты жақсарып, еліміз жаңа белестерді бағындыра бастады. Саяси шешім қабылданып, елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданды. Қысқа мерзім ішінде Еуразия кіндігінде, Есілдің бойында жаңа елордамыз пайда болды», дейді ұжым еңбеккерлері.
«Целиноградское» кредиттік серіктестігінің ұжымы Елбасының табанды жұмысының нәтижесінде қазіргі Қазақстан жедел қарқынмен дамып, экономикасы тұрақты елдердің қатарынан орын алғанын айтады.
«Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегінің арқасында Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан бүкіл әлемдік үдерістер интеграцияланған, демократиялық құндылықтарды мойындайтын мемлекетке айналды. Сондықтан, Астана қаласын Елбасы есімімен қайта атау уақыты жеткен табиғи заңдылық екенін мойындаймыз. Астана қаласын Нұр-Сұлтан деп қайта атауды «Целиноградское» кредиттік серіктестігінің ұжымы толық қолдайды», дейді ұжым қызметкерлері.
Ақмола облысы
* * *
Ақжайық жұртшылығы Астананы Нұр-Сұлтан деп қайта атау туралы ұсынысқа ой-пікірлерін білдіріп, бұл бастамаға қолдау танытатындықтарын жеткізді.
Мәселен, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұстазы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев Елбасының Қазақстан мен Астана алдындағы еңбегі айрықша екенін айтады.
«Қазақстанның тұңғыш Президенті атқарған ұлан-ғайыр істерді айтқанда екі мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы Семей ядролық сынақ полигонын жабуы әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнеге болды. Екіншіден, Елбасы Қазақ елінің астанасын өз қолымен салды. Оның әр ғимаратының ерекшелігі, әр кірпіші Елбасының сын тезінен өтті. Астанада көптеген сәулетті, әдемі ғимараттарды айтпағанда, Назарбаев университеті салынды, өңірлерде зияткерлік мектептері іске қосылды. Бұл еліміздегі білім беру деңгейін көтерді. Бүгінде елордамыз барша ел мақтанатын бас қалаға айналды. Сондықтан қаланың Нұр-Сұлтан болып аталуы заңдылық деп ойлаймын», деді Абат Қыдыршаев.
Ал Оралдағы №17 орта мектептің директоры Тамара Рудичтің айтуынша, қазіргі кезде Қазақстан тұрақты дамып, гүлденіп келе жатқан елдердің бірі.
«Бүгіні еңселі, ертеңі жарқын елдегі жетістіктердің бәрі – Елбасының салиқалы саясатының жемісі. Осы орайда Астана өзін тұрғызған сәулетшісінің есімін алып отыр. Сондықтан бұл өзгерісті толығымен қолдаймыз», деді ол.
Самбодан әлем чемпионы Нұрбол Серіков Қазақстанның береке-бірлігін арттырып, көшін алға сүйреген Елбасының арқасында еліміздің мәдениеті мен спортын әлем танығанын жеткізді. «Қазақ елінің көк байрағы дүние жүзінің түкпір-түкпірінде көтеріліп, Әнұранымыз орындалды. Үлкен спортқа даңғыл жол ашылды. Елбасымызға ықылас-құрметімізді осылайша білдіре отырып, алдағы уақытта да ел намысын абыроймен қорғауға ұмтылатын боламыз», дейді Н.Серіков.
Батыс Қазақстан облысы
* * *
Біз қолдаймыз! Елбасының еңбегі өте зор. Елбасымыз басқарып келген 30 жылдың ішінде еліміз аман, жұртымыз тыныш болды. Сондықтан өзі ірге тасын қалаған Астана мен Нұрсұлтан бір ұғым.
Адам Бойсаев,
Алматы облыстық «Вайнах» чешен-ингуш мәдени бірлестігінің төрағасы
* * *
Тәуелсіз Қазақстан тарихында жас елордамыз Астана мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі тығыз байланысты. Бұл қазақстандықтармен қатар, таяу және алыс шет елдердің саяси және іскер топтары, қалың жұртшылығы, ғылыми және мәдени қауымы үшін де айқын ақиқат. Бүгінде жаңа елорданы елдің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев салғандығы туралы фактіге ешкім де күмән келтіре алмайтындығын нық сеніммен айтуға болады. Елбасының қаланы жас мемлекеттің Елордасы ретінде қалыптастыру және дамытудағы рөлін бағаламау мүмкін емес.
Руслан Валишанов,
Алматы облыстық «Туған тель» татар мәдени бірлестігінің төрағасы
* * *
Нұрсұлтан Әбішұлы – Тәуелсіз Қазақстанның архитекторы және негізін қалаушы. Ұлы далада біздер және бүкіл әлем сүйсінетін ғажайып елордамыз Астананы салды.
Біздің жас елордамыз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан есімін иеленуге лайықты, өйткені ол іс жүзінде әйгілі Абылай ханның арманын жүзеге асырды: мемлекет құрды, бейбітшілік орнатты, жаңа қала салды.
Атсалим Идигов,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі