Ережесіз жекпе-жек әлеміндегі ең белді ұйым UFC-де өнер көрсетіп жүрген қазақ жігіті Дамир Исмағұлов Майрбек Тайсумовпен күш сынасуы мүмкін.
Ресейдің Орынбор облысында туып-өскен 28 жастағы Дамир 70 кило салмақ дәрежесі бойынша М-1 нұсқасының алтын белбеуін иеленгеннен соң Америкаға аттанды. UFC-де ол екі жекпе-жек өткізіп, екеуін де өз пайдасына шешті. Барлығы 20 мәрте айқас алаңына шыққан Исмағұлов 18 бәсекеде жеңіске жетті.
Ал қарсыласы жайында айтар болсақ, 30 жастағы Майрбек Шешенстанның тумасы. Ол осы күнге дейін 32 кездесу өткізіп, 27 рет басымдық танытты. Соңғы алты бәсекесінің барлығын жеңіспен аяқтаған Тайсумов бес қарсыласын нокаутқа жіберді.
Бұл жекпе-жек екеуіне де аса қажет. Себебі, Майрбектің октагонға шықпағанына жарты жылдан аса уақыт өтті. Ал UFC-де енді ғана қадам жасап жүрген Дамирға рейтингін жақсарту үшін Тайсумовтай беделі зор спортшымен айқасудың маңызы зор.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»