• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Наурыз, 2019

Әлеуметтің әлеуетін арттыратын шара

451 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы Ақмола облысындағы жұмыс сапары екінші күні Бурабай ауданының Кенесары ауылында жалғасты.

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев тұрғындарды жұмыс сапарының мақсатымен таныстыра келе, елімізде әлеуметтік салада орын алған өзгерістерге қысқаша тоқталып өтті. Кездесу барысында ауыл тұрғындары билік өкілдеріне өздерінің мұқтаждықтарын, өтініштерін жеткізді. Бірі ауылда дәріхананың жоқтығын айтса, енді бірі мемлекеттен әлеуметтік көмек алуға қол ұшын беруді өтінді. Ауыл тұрғыны Қуанар Мағаздың Моңғолиядан көшіп келгеніне сегіз жыл болған. Алайда, көпбалалы ана еліміздің азаматтығын былтыр ғана алған. Отбасының үйі жоқ, мемлекеттен толыққанды әлеуметтік көмек ала алмай келеді. Қуанар Мағазбен қатар, ауылдағы тағы жеті көпбалалы ана 1 сәуірден бастап әлеуметтік көмек алады деп сендірді аудандық жұмыспен қамту бөлімінің мамандары. Бүгінгі таңда Кенесары ауылында он алты көпбалалы отбасы тұрады.

Ал, Сәрсенбай Көкейұлы ақсақал құқықтық көмек көрсетуді сұрады. Былтыр оның ұлын біреулер жолда көлікпен қағып кеткен екен. Алайда, кінәлілер әлі күнге дейін жазаға тартылмаған.

Үкімет өкілдері Щучинск педагогикалық колледжінде өңіріміздің белсенді жастарымен де кездесу өткізді. Жас буын өкілдерімен жастар жылы, жастарға көрсетілетін қолдау жайлы әңгіме өрбітті.

Бурабай аудандық жұмыспен қамту орталығында, халыққа қызмет көрсету орталығында болғанда Гүлшара Наушақызы орталық мамандарына көпбалалы аналарға әлеуметтік көмек тағайындауда олардың тұрмыс жағдайларын жіті назарға алуды, жері мен малдарын есептеген кезде олардың өнімді, өнімді еместігіне мән беруді тапсырды. Біржан сал ауданының Макинка орта мектебінде тұрғындармен кездесу кезінде де аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету мәселесіне қатысты бірқатар сауалдар қойылды.

Сапар аясында жұмыс тобының мүшелері Макинка ауылында тұратын көпбалалы жалғызбасты әке Андрей Меркельдің шаңырағында болып, хал жағдайын сұрады. Елу екі жастағы Андрей Меркельдің үш баласы мектепке, кенжесі балабақшаға барады екен. Аудан әкімі Жомарт Нұркенов бұл отбасы сәуірдің бірінен бастап әлеуметтік жәрдемақы алатынын, отағасына тұрақты жұмыс тауып беретінін жеткізді.

Бұланды ауданына қарасты Алтынды ауылында да осындай кездесу өтті. Ауыл тұрғыны Айгүл Мәулен алты баласы бола тұра,  әлеуметтік жәрдемақыдан қағылып қалайын деп тұрған көрінеді. Себебі, осыдан екі жыл бұрын оған «Бастау-бизнес» бағдарламасы арқылы мал шаруашылығымен айналысуға мемлекеттен несие берілген екен. Алайда, тапқан табысының барлығы несиені жабуға кетеді деп уәж айтқан көп балалы ананың мәселесін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев қайта қарау қажеттігін айтты.

Жұмыс сапарының соңында Гүлшара Әбдіқалықова Ақкөл ауданында болып, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидиновамен бірге мұғалімдердің қатысуымен жиын өткізді.

–Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Нұр Отан партиясының он сегізінші съезінде Үкімітке 1 шілдеден бастап бюджет саласындағы ең аз жалақыны 30 пайызға өсіруді, мүгедек бала асырап отырған ата-аналар мен отбасыларға, асыраушыларға берілетін жәрдемақыны 30 пайызға арттыруды, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қырық мың пәтер салуды тапсырған болатын. Сапар барысында біз осы мәселелердің барлығын тұрғындарға түсіндірдік. Барлығына заң аясында көмектесетін боламыз, – деді Премьер-Министрдің орынбасары. 

Осы орайда сөз алған Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылға арналған бағдарлама биыл аяқталатынын, ендігі арада білім саласында  жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірлеу міндеті тұрғанын жеткізді.

–Үш тілде білім беру деген кезде көбісі пәндер тек ағылшын тілінде ғана өтеді деп ойлайды. Бұл жаңсақ пікір. Үш тілділікті енгізу арқылы біз өз ана тілімізді де дамытамыз, – дей келе  министр ұстаздардың статусына арналған жаңа заң жобасы жөнінде де тоқталып өтті. Министрдің айтуынша, жаңа заң жобасы олардың құқықтарын кеңейтуді көздейді. Кездесу барысында ұстаздар қауымы білім саласына, отыз жылдық еңбек өтілі бар ұстаздарды зейнеткерлікке ерте шығару туралы  сауалдарын қойды.

Қазақстан  Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың өңірімізге сапары кезінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды.