• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2019

Саяхатқа сұранып тұрған ауыл

1089 рет
көрсетілді

Елбасы былтыр ғана ішкі туризмді дамыту үшін Үкімет салалық бағдарлама әзірлеу керектігін айтқан еді. Өйт­кені жерімізге туристерді тарту – еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсар­туға септігін тигізетіні анық.

Әлемдік тәжірибеде туризмнен түскен табыспен ғана күн көріп отырған елдер бар. Оны былай қойғанда, Дүние­жүзілік туристік ұйым­­ның дерегі бойынша, әлем­дік жалпы өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестицияның 10 пайызын туризм қамтамасыз етеді екен. Әлемдік өндірістегі әр­бір тоғызыншы жұмыс ор­ны да осы саланың үлесіне тие­сілі көрінеді. Сондықтан дамы­ған елу елдің қатарына кіру­ді көздейтін Қазақстанда ту­ризмді дамытудың маңызы зор.

Төрт империяның астанасы

Туризм нысаны – ең алдымен елі­міз­дегі киелі орындар мен тарихи ескерт­кіштер. Қа­зақстан осы аталған қос құн­дылықтан да кенде емес. Соның ішінде ортағасырлық тарихи қалалардың ала­тын орны ерекше. Олардың көп­ші­лігі оңтүстік және оң­­­түс­тік-батыс өңір­лерде ор­наласқан. Сондай ірі тарихи маңызы бар қаланың бірі – Сы­ғанақ. Архео­логтердің дәлелдеуінше, қаланың тарихы VI ғасырдан бастау алған. Қала туралы алғашқы жазба деректер «Худуд ал-Әлем» атты тарихи-географиялық ең­бекте кездеседі. Мұнан әрі терең тарихын тізбектемейін, бір ғана ақиқаты, Сығанақ – төрт бірдей империяның (Қыпшақ хандығы, Алтын орда, Көк орда, Қазақ хан­ды­ғы) астанасы болған шежі­релі шаһар. Бұл қаланың ор­ны қазіргі Қызылорда облы­сы Жаңақорған ауданы­ның Сунақ ата ауылына­ 1 шақырымдай жерде орна­ласқан. 2000 жылдық тарихы бар Сығанақ ЮНЕСКО Дү­­ниежүзілік мұрасының ал­дын ала тізіміне енгізілген. Осы бір ауылға, анығы ша­һарды көруге келетін турис­тер саны жылдан-жылға артып келеді. Оның ішінде, ар­хео­логтер, халықаралық зерттеушілер, ғалымдар, тарихи тақырыпты, туризмді жазатын журналистер қатары да көп. Олай болса, кішкентай ғана ауыл еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, көр­ші елдерден, болашақта халық­аралық деңгейдегі зерттеу ор­талықтарынан, шетелден турис­тер тартатын тарихи маңызы бола тұра неге тоқы­рап тұр, не кедергі? Мұндай сал­мақты сұраққа менің зерт­теуімде тұшымды 4 жауап­ бар. Оның алғашқысы, ла­йық­ты қолдау көрсетілмей ке­ле жат­қанында. Екінші әрі ең маңызды себебі – ауыл­дың аты турис­терді тар­ту аясын тарылтуында. Үшіншіден, туристік сер­­вис­тің жоқтығында. Және соң­ғысы, насихат жұмыс­­тарының жүйесіздігі немесе тапшылығы. Тарқатып кө­рейік.

Тарихи әділдіктің орнауын сұрап жүр

1.Бір ғана мысал, әлі күнге көне шаһардың орны бар ауылда музей жоқ. Бұл – мем­­лекеттік тұрғыда лайықты кө­ңіл бөлініп, іске асыруды қа­жет ететін жұмыс. 2016 жы­лы ғана «Сығанақ та­рихи-мә­дени қорық-мұражайы» қо­ғам­дық бірлестігі құрылып, 2017 жылы 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай ЭКСПО-2017 маман­дандырылған көрмесі аясында «Сығанақ тарихы» музейі ашылған. Бірақ мұ­­ның бәрі қала орнынан 45 ша­қырым жердегі ауданда орналасқан. Ал турис­тер қа­ла­ны көруге келеді, шаһар­дың орнын тамашалайды, сон­да онан табылған тарихи құнды жәдігерлерімізді кө­руді қалайды. Ол сол ша­һардың орнында, сол ауылда болуы керек. Бұдан бөлек, көңіл­ге қаяу тү­сіретіні, кемі 10-15 ғасырлық тарихқа де­­ген немқұрайлық бар. Аудан­­дағы жоғарыда атал­ған қоғамдық бірлестік тө­рағасы Р.Амандықов ар­хео­логтердің қазған жер­лері арнайы қоршауға алынба­ғандықтан, жайылып жүрген малдар паналайтын жерлерге айналғанын айтқан еді. Ауыл әкімі оның осы жақында ға­на қоршалғанын жеткізді. Ше­телдерді аралағанда көне қала орындарын бірнеше ша­қырым қоршап қойғанын, оған жай, рұқсаты жоқ адам­дардың кіре алмайтынына куә болғанбыз. Осыдан соң біздегі жайбасарлыққа қайран қаласыз. Өзіңіз ойлаңызшы, 2018 жылға дейін қаншама қазылған орындар малдардың тұяғына тапталды.

2. Ал Сығанақтың танылуына және ішкі туризмді да­мытуға кедергі келтіріп тұр­ғаны – оның Сунақ ата болып аталуында. Ауыл тұр­ғындары тарихи шаһарды көруге келген саяхатшылар мен қонақтардың руға байланысты аталған деген жаңсақ пікір қалыптастыратынын айтып, он жылдан бері тарихи әділдіктің орнауын сұрап жүр. Фараб қаласының құрметіне Әбу Насыр бабамыздың Әл-Фараби аталғанындай, Сы­­­ғанақты мекендеген ақын, ғұ­лама Һысамиддин әл-Сы­ғанақи да өз есім-сойына сүйік­ті шаһарының атын тір­­кеген. Осыдан-ақ оның та­ри­хи атауы Сығанақ екенін жаз­бай тануға болады. Ал неге ауылдың аты бұра тар­­тылып жүргеніне келсек,­ бір дерек бой көтереді: қа­­зақ келіндері ат тергеу дәс­­түрі бойынша, қайын жұр­тын­дағы ата-бабасының есімін тура айтпай, «Сығанақ ата­ны» «Сунақ ата» деген көрі­неді. Сол себепті осылай бұр­маланып жеткен.

Ауыл әкімі елдегі халық­тың тарихи атын қайтаруды талайдан бері көтеріп келе жатқанын, қазір де 100 пайыз­ қолдауға дайын екенін айтады. Көп жылдардан бері кө­теріліп келе жат­са да, тарихи әділдікке қол жеткізе ал­мауына екі себеп бар екен. Оның бі­рі мораторийдің жариялануы болса, екіншісі, ағайынгершілік. Ауыл тұр­ғын­дарының айтуынша, кей­бір ағайындар өз бабасы жер­­­ленген жердің ру атымен тұра бергенін қалайды. Бұл жерде Жаңақорған ауда­нының атын Сығанақ ауданы етіп өзгертіп, аудан ор­талығын Жаңақорған атауы­мен қалдыру – республика дең­гейінде шешілетін мәселе. Мұндай тәжірибе Түркістан облысындағы Шәуілдір ауда­нына қатысты болған. Аудан атауын осы өңірдегі ортағасырлық Оты­рар қаласымен алмастырып, аудан орталығының тарихи аты Шәуілдір етіп қалдырылған. Әрине, ауданға атын бе­руге әб­ден лайық, дегенмен Сауран ша­һа­рының орнындағы ауылға сол Сау­ранның өз аты бе­ріл­ген­дей, Сығанақ аты өзі ор­на­­­­лас­қан ауылға берілуі керек. Сон­дықтан округ атын қал­дырып, ауылдың атын Сы­ғанаққа берген де дұрыс. Сон­да шынымен тарихи­ әділ­дік орнайды. Елдік, ұлт­тық, қоғамдық мүдде әр­дайым бір қауымдастық қа­лауынан биік тұруы тиіс.

Тарихи атау күре жолдың бойындағы Батыс Еуропадан шығып, Батыс Қытайға жол тартқан кез келген шетелдікті елең еткізетіні сөзсіз. Себебі ауыл­­дың гео­графиялық жағ­дайы да туризм­ге сұранып тұр, ол Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Экс-Премьер-Министр Ба­қытжан Сағынтаев Қызылорда облысына сапарында Сығанаққа барды. Тарихи жерге табаны тиген сәтте ол: «Сығанақ – Қыпшақ хандығына орда болған киелі, шежірелі шаһар. Оның тарихи атауы­ қаланың орны сақталған ауыл­ға берілуі керек», деген бо­ла­тын.

«Әттеген-ай!» дегізген

3.Үшінші кедергі – ин­фра­құрылым. Туристік аймақ сөзсіз абаттандырылып, су, жарық, жол болуы керек. Алай­да, мәселе мұнымен ше­ші­ліп қалмайды, онда турис­терге көрсетілетін сапалы қыз­мет болуы керек. Келген қо­нақ­тарды, саяхатшыларды шаһар жанында, қазба орнында кемі 2-3 күн ұстауға жағ­дай жасалуы қажет. Ол үшін қыста жылы, жазда салқын, тарихи орнынан әрі кетсе 60 метрдей жерде үй-жайлар салынуы қажет. Қала орналасқан тас жолдың бойын­да жалғыз қонақүй бар, бірақ бұл жеткіліксіз және сервисі сапасыз.

4. Өткен жылы 130 жыл­­­дық тарихы бар, атақты «National Geographic» жур­налының қызметкері Қазақ­станның оңтүстік-батыс белдеуін басып өтіп, Өз­бек­­­станға өтті. Сол сапарын­да сая­хатшы-журналист Маң­ғыстау аймағындағы орындарды қаламына арқау етті. Ал біз осы кезекте тамаша­ әрі тарихи мүм­кіндіктен қа­лыс қалдық. «Әттеген-ай» дегі­зетін дүние. Өйткені ол – кішкентай ғана ауылдағы көне шаһарды әлемдік аре­наға шығарудың бір жолы еді. Бұған қоса, көңілімізді көн­шітіп, жанға демеу болатын елішілік насихаттың өзі кем­шін. Ішкі туризмді наси­хаттау­да БАҚ-тың жүйелі жұ­мысы жоқтың қасы. Там-­тұмдап қана бар. Ал Сыға­наққа келер болсақ, тоғыз жолдың торабы, қаншама хандардың табаны тиген то­пырақ, теңге соғылған та­рихи қала туралы осы күнге дейін бірде-бір терең зерт­телген деректі фильм жоқ. Бұл тұста облыстық «Қа­зақ­стан – Қызылорда» теле­ар­насының зор еңбегін жоққа шы­ғаруға болмайды. Бір ғана Сығанаққа бірнеше хабар арнаған. Алайда, бұл сол аймақтың айналасынан әрі аспай тұр. Ал мұндай киелі де тарихи орынға бірнеше сериялы деректі фильм арнау қажет. Оны Мәдениет және спорт министрлігі мем­­лекеттік дәрежеде қолға ал­ғаны абзал. Егер осыған дейінгі барлық түйткілдің түйіні тарқатылып, турис­тер тартылатын орынға айналса, бұдан бөлек тағы бір мәселе өз шешімін табар еді. Ол – гид мәселесі. Бұл туризмнің дамуындағы не­гізгі кілттердің бірі саналады. Өйт­кені қаланы көруге келген кез келген қонақ немесе саяхатшы өз ортасына, еліне барғанда тамсанып айтатын ақпарат алып қайтуы қажет. Ол өз кезегінде туристерді тартуға ықпал етеді.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

Сенат депутаты