Сенбі, 7 қаңтар 2012 8:02
Кеше Конституциялық Кеңес Орталық сайлау комиссиясының Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында Республиканың өкілді органдарына сайлау өткізуге байланысты мәселелер бойынша жолдаған сұрақтарына сай түсіндірме берді.
Сенбі, 7 қаңтар 2012 8:02
Кеше Конституциялық Кеңес Орталық сайлау комиссиясының Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында Республиканың өкілді органдарына сайлау өткізуге байланысты мәселелер бойынша жолдаған сұрақтарына сай түсіндірме берді.
«Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңның 35-бабына сәйкес, Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімін орындауға міндетті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың өтініштері бойынша Конституциялық Кеңес өзінің бұрын қабылдаған шешіміне түсіндірме беруі туралы қосымша шешім қабылдайтыны белгілі. Олай дейтініміз, Конституциялық Кеңес сайлау ұйымдастыру және өткізу мәселелеріне, сондай-ақ сайлау комиссияларының қызметіне қатысты бірқатар қаулылар қабылдаған еді. Мәселен, солардың бірі 2004 жылы сәуір айында Мемлекет басшысының өтініші бойынша қаралып, бұл өтініште Парламент қабылдаған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның Ата Заңға сәйкестігі туралы мәселе қойылған болатын. Сөйтіп, Конституциялық Кеңестің қаулысымен бұл Негізгі Заңға сәйкес деп танылғаны да белгілі.
Демек, енді мерзімі Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында енгізілген төтенше жағдай режімімен тұспа-тұс келген бесінші сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын және мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауын дайындау үдерісі Конституциялық Кеңестің аталған қаулысын қолданар кезде Орталық сайлау комиссиясында кейбір құқықтық бағыттарды нақтылауды туындатты. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясы аталған қаулыға түсіндірме беру туралы Конституциялық Кеңеске қолдаухат жолдады.
Онда: ел Конституциясы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында енгізілген төтенше жағдай кезінде өкілді органдарға сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырумен байланысты шектеулер қоюға жол бере ме? Конституция мен Конституциялық Кеңестің қаулысының мазмұнынан «Төтенше жағдай туралы» Заңға сәйкес азаматтардың сайлау құқығының шектелетіні туындай ма? Конституция мен Конституциялық Кеңес қаулысының мазмұнынан «Төтенше жағдай туралы» Заңның және Қазақстан Республикасы Президентінің Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында төтенше жағдай енгізу және оның қолданысын ұзарту туралы Жарлықтарының негізінде Орталық сайлау комиссиясы еліміздің өкілді органдарына депутаттар сайлауын Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында өткізуге құқылы еместігі туындай ма деген бірқатар сұрақтар қойылды.
Осы қолдаухаттағы сұрақтарды талдаған Конституциялық Кеңес бұған өзінің түсіндірмесін жария етті. Ел Конституциясы кез келген сайлауды, Парламент депутаттарының сайлауын да, мәслихаттар депутаттарының сайлауын да дайындап, өткізу жөніндегі шараларды іске асырумен байланысты шектеулерді заңмен белгілеуге жол береді. Негізгі Заңмен адамның және азаматтардың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін екендігі көзделген. Өйткені, мемлекеттік органдарға және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау құқығы және сайлану құқығы абсолютті болып табылмайды және Конституцияға сәйкес заңнамалық жолмен шектелуі мүмкін көрінеді. Міне, осыған орай Орталық сайлау комиссиясы қойып отырған сұраққа қатысты Төтенше жағдай туралы заң осындай заң болып табылады дейді. Бұл заңда төтенше жағдай енгізілген жерде ол күшінде болатын бүкіл кезең ішінде сайлаулар мен республикалық референдумдер өткізуге тыйым салынған.
Конституциялық Кеңес Орталық сайлау комиссиясының еліміздің өкілді органдарына депутаттар сайлауын Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында өткізе алуы туралы үшінші сұраққа байланысты да кеңінен түсіндірме берді. Азаматтардың сайлауда еркін түрде өз қалауын білдіруі, конституциялық құндылық ретінде, тұрақты қоғамдық қауіпсіздік пен құқық тәртібі жағдайында ғана қажетті бірқатар шаралар болғанда, солардың ішінде азаматтар өздерінің еркін жүріп-тұру, бірлесу, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізу және тосқауылдарға тұру, ақпарат алу және тарату немесе басқа да құқықтарын тиісінше іске асырғанда ғана шынайы түрде құралып, тиісінше білдірілуі және жүзеге асырылуы мүмкін көрінеді.
Ал бұл орайда мемлекет азаматтардың сайлау құқығы жүзеге асырылуының тәртібі мен шарттарын айқындап қана қоймай, бұл құқығын өзге де конституциялық құқықтары және бостандықтарымен бірге толық көлемінде өздерінің жеке қауіпсіздігі, сондай-ақ сайлаудың жариялылығы мен бәсекелестігі жағдайында іске асыруын да қамтамасыз етуге тиіс. Алайда, төтенше жағдай режімі кезінде жеке және заңды тұлғалардың бірқатар құқықтары мен бостандықтарына уақытша шектеу қолданылатын жағдайда мұндай мақсаттарға қол жеткізу өте қиын екен. Демек, төтенше жағдай қолданылып отырған кезде ел азаматтарының өз қалауын еркін білдіруін, конституциялық құқықтары мен бостандықтарын толық жүзеге асыруын қамтамасыз ету мүмкін болмауына байланысты Төтенше жағдай туралы заңда тікелей тыйым салынғандықтан, төтенше жағдай режімі қолданылып отырған жерлерде сайлау өткізілмейді, дейді Конституциялық Кеңес мүшесі І.Бақтыбаев.
Александр ТАСБОЛАТОВ.