Атап айтқанда, соңғы екі жылда Қазақстанда елдің киберқауіпсіздік саласын дамыту бойынша тұжырымдамалық тәсілдер әзірленген, бірқатар заңнамалық актілер, «Қазақстанның Киберқалқаны» Киберқауіпсіздік тұжырымдамасы, көптеген салалық бұйрықтар бекітіліпті. Бұдан басқа, зиянды кодты зерттеу бойынша, ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығы іске қосылған, аталған саладағы мамандыққа арналған гранттар саны артқан және басқа да шаралар іске асырылыпты.
Халықаралық электробайланыс одағы (ITU) киберқауіпсіздік индексін анықтау бойынша зерттеуді жыл сайын өткізеді. Зерттеу мемлекеттердің киберқауіпсіздік деңгейін бес негізгі өлшемшарттар бойынша бағалайды: заңнамалық база, техникалық және ұйымдастыру іс-шаралары, халықаралық аренадағы қызмет және саланы дамыту әлеуетін құру.
«Қазақстанның Киберқалқаны» жобасын дайындау кезінде Малайзия, Швеция, Эстония, Литва, Ұлыбритания, Германия секілді елдердің тәжірибесі зерттелген. Жобаның басты мақсаты – әлемдік бәceкелecтік уақытында eлiмiздің тұpaқты дaмyын қaмтaмacыз eтiп, элeктpoнды ақпapaт рecypcтapын, aқпapaттық-кoммyникaциялық инфpaқұрылымды сыpтқы, iшкi қayiптepдeн қopғaлyын бақылап, бір деңгейде ұстап тұру. Тұжырым екі кезеңге бөлінген: біріншісі 2017-2018 жылдары жүзеге асты, екіншісі 2019-2020 жылдарға арналған.
Жалпы интернет технологиясы, әлеуметтік желілер, онлайн сауда дамыған сайын, киберқауіпсіздік мәселесі алға шығып барады. Қазақстанда 140 мың веб сайт тіркелген. Ал интернет қолданушыларының саны соңғы 10 жылда 76 пайызға жетті. Елімізде көбіне банктегі есеп-шоттар, жеке мәліметтер хакерлердің шабуыл нысанына айналады. Былтырғы мәлімет бойынша Қазақстанда мемлекеттік органдарға жасалған сондай шабуылдар саны 20 есеге артқан. Негізінен «Азаматтарға арналған үкімет» базасы нысан болады екен. Себебі онда еліміздегі азаматтардың, мүліктердің мәліметтері және басқа да маңызды ақпараттар сақталған. Өткен жылы мемлекеттік мекемелердің киберқауіпсіздігін сақтау үшін қазынадан 71 миллиард теңге бөлінді.
Қазір мемлекеттік органдарда 1500 IT маман жұмыс істейді. Бұл қажетті қызметкерлер санынан екі есе аз. Ал жалпы Қазақстанда 30 мың киберқауіпсіздік маманы жетіспейді екен. Қазақстанда ең көп кибершабуыл әдетте интернет-дүкендерге жасалады. Егер 2012 жылы аталған бағытта шабуыл 800 рет тіркелсе, 2017 оның саны 25 мыңға дейін өскен. Ең қиын шабуылдардың қатарына жаһан бойынша тарайтын вирустар кіреді. Мәселен, 2017 жылы 150 мемлекеттің 100 мыңнан астам кәсіпорны Wanna Cry атты вирусын жұқтырған. Қазақстандағы 4 мемлекеттік мекеме де аталған вирусқа «шалдыққан» Бұл мәселе өзге елдерге де тән. Мәселен, Түркияда соңғы екі айдың ішінде 65 миллион кибершабуыл жасалған.
Online Trust Alliance ұйымының мәліметіне сүйенсек, кибершабуылдардың 93 пайызының алдын алуға мүмкіндік болған. Азаматтар мен компания қызметкерлерінің хакерлердің фишинг сынды әдістеріне немқұрайлы қарауынан үлкен қаражат жымқырылады екен. Соңғы 3 жылда елімізде 63,5 мың кибершабуыл жасалған. Олардың басым бөлігі азаматтардың жеке ақпараттарын алу мақсатында жасалған шабуылдар.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА,
«Egemen Qazaqstan»