• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Әлем 02 Сәуір, 2019

Дала әуендерінің шежіресі

683 рет
көрсетілді

Мемлекеттік орталық музей Польшаның Алма­тыдағы Бас консулдығымен бірлесіп, музыкатанушы-этнограф, композитор, Казақстанның халық әртісі Александр Затаевичтің туғанына 150 жыл толуына арналған «Дала әуенінің ізімен» көрмесі ашылды.
Дала әуендерінің тербеген ізі... Поляк халқының біртуар ұлы А. В.Затаевичті Қазақстанда «қазақ әнінің әкесі, дәстүрлі музыка жазу ісінің пионері» деп атайды. А.В.Затаевичтің еңбегі арқасында қазақ халқының әндері мен аспаптық музыкалық мұрасы қағазға түсірілді. Сол заманда естіген дауысын қағазға белгі ретінде түсіретін, содан соң оны айнытпай орындап шығатын адам туралы аңыз халық арасында кең таралған еді. Ол Ертіс пен Орал, Қарқаралы мен Қызылорда, Бөкей даласын, Орынбор мен Жетісу бөктерлерін аралап, ән-күйлерді нотаға түсірді.

Мемлекеттік Орталық му­зейде ашылған «Дала әуе­ні­нің ізімен» көрмесінде қала тұр­ғындары мен қонақтарының назарына музыкант-этнографтың жеке кешенінде сақталған фотоматериалдар, мақалалар, жи­нақтар мен кітаптар, түсінік­темелер мен дала әуендерінің ноталық жазбалары ұсынылды. Олар­дың қатарында 1925 жы­лы Әліби Жангелдинге бер­ген қолтаңбасы «Қазақ хал­қының 1000 әні» (әндер мен әуендер), «Қазақтың 500 әні мен күйі» (әндер мен аспап­тық пьесалар) жинағы, фото­суреттері ерекше атап өту­­ге тұрарлық. Сонымен қатар сазгер­дің қызы Ольга Затае­вич­тің Ахмет Жұбановқа жазған хатымен және 1950 жылы академик Ахмет Жұбанов жариялаған «А.В.Затаевич – қазақ халқының ән-күйінің бірінші жинаушысы» мақаласымен танысуға болады.

Сағыныш тербеген әсем әуез­дер өн бойыңды толқытады... Сағыныш саздары болып әлди­лейді... Беу, дүние... дала әуен­дерінің ізі...

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ, 

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ