• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Үкімет 03 Сәуір, 2019

А. Мамин Нұр-Сұлтан қаласын одан әрі дамыту жөнінде кеңес өткізді

508 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың өзекті мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Кеңес барысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бесжылдық кезеңге (2019–2023 жылдарға) қаланың жинақы құрылысы жөніндегі Кешенді жоспарын іске асыру бойынша, сондай-ақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елорданы дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Жүйелі мәселелерді шешуге назар аударылды, олардың қатарында тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, әлеуметтік нысандар салу, көлік инфрақұрылымын дамыту, магистралдық, орамішілік және аулаішілік жолдардың жай-күйін жақсарту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көшелерді, саябақтар мен басқа да қоғамдық орындарды жарықтандыру, коммуналдық қызметтер ұсынатын қызметтер сапасын арттыру, сондай-ақ шеткері аймақтарды дамыту мәселесі болды.

Кешенді жоспардың іске асырылуы және Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың өзекті мәселелері туралы қала әкімі Б. Сұлтанов баяндады. Өз кезегінде, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ. Өскенбаев, қаржы бірінші вице-министрі Б. Шолпанқұлов, сонымен қатар энергетика вице-министрі М. Мырзағалиев бейінді бағыттар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады.

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Елбасы есімін иеленуіне байланысты қаланы дамытуға жаңа серпін алған елорданың жоғары статусын атап өтті. Тарихи тұрғыдан аз уақыт ішінде шағын қала ірі мегаполиске айналды, Нұр-Сұлтан қаласының одан әрі қарқынды дамуын қамтамасыз ету қажет. Сондықтан инфрақұрылым сапасы, елорданың сыртқы кескін-келбеті, азаматтардың өмір сүру және қолайлылық деңгейі мемлекеттік органдардың жұмысының басымдықты бағыттары болуы керек.

«Қаланың дамуына ерекше көңіл бөлу керек, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу бойынша күнделікті бақылау жасап, шараларды уақытылы қабылдау керек», — деді А. Мамин.

Үкімет тарапынан бұл бағытта барлық қолдау шаралары көрсетіледі. Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік бастамалары аясында Кешенді жоспар мен жобалардың іске асырылуын қаржыландыру толық көлемде қамтамасыз етіледі.

Кеңесті қорытындылаған Үкімет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Кешенді жоспардың іс-шараларын сапалы әрі уақытылы орындау бойынша қажетті шараларды қабылдау, қала құрылысы мен инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша айтылған мәселелерге қатысты нақты ұсыныстарды әзірлеп, енгізу тапсырылды.

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин «Астана» Халықаралық Қаржы Орталығы Нұр-Сұлтан қаласының экономикасын дамытудың драйверлерінің біріне айналуы керек екенін атап өтті. Қажетті институционалдық құқықтық база құрылған, АХҚО қызметі үшін тиісті инфрақұрылым дамытылған.

«Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне шетелдік инвесторлардың келуіне жағдайды жақсарту керек, соның ішінде қолайлы өмір сүруді, қауіпсіз ортаны және алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттар деңгейінде әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет», — деді А. Мамин.