• RUB:
    5.28
  • USD:
    480.61
  • EUR:
    534.53
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Сәуір, 2019

Құрылыс қағидасын сақтауда қырағылық қажет

902 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде қарқын алған құрылыс саласы Жамбыл өңірінде де айтарлықтай дамып келеді. Облыс орталығы мен аудандарда бой көтерген мемлекеттік, сонымен қатар жекеменшік құрылыс нысандары көптеп саналады. Алайда осы уақытқа дейін құрылыс қағидасын сақтамай «қызыл сызықтан» өтіп кеткен бірқатар нысан туралы да айтылған. Ал облыс аумағында құрылысы салынып жатқан нысандардың заңдылығына және сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыру қандай деңгейде жүргізілуде?
Жамбыл облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мәліметіне сүйенсек, бақылау жұмыстары – жоспардан тыс тексерулер және профилактикалық бақы­лау мен қадағалау нысанында жүзеге асы­ры­лады екен. «Профилактикалық бақы­лау нысаны ағымдағы жылдың мамыр айы­нан заңға енгізіліп, келесі жылдан бастап жү­зеге асырылатын болады. Ал жоспардан тыс тексерулер еліміздің Кәсіпкерлік ко­дексі­нің 144-бабына сәйкес, адамның өмірі­не, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтірудің нақты фактілері жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың өтініштері, материалдары негізінде болады. Келіп түскен өтініштер, материалдар бойынша бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеруді тағайындау туралы акт құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органда міндетті түрде тіркеледі. Басқарма жоспардан тыс тексеруді жүргізудің басталатыны туралы олар басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын бақылау және қадағалау субъектісіне хабарлайды. «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңының талаптарына сәйкес, тапсырыс берушілер құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуы туралы хабарлама тапсырулары қажет», дейді аталған басқарманың басшысы Қанат Айтқұлов. 

Бұл ретте былтыр 9 ай ішінде құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы 198 хабарлама қабылданыпты. Оның ішінде 118 нысан мемлекеттік, ал 80 нысан жекеменшік болып отыр екен. Сонымен қатар жыл басынан бері барлығы 2546 хат қаралса, жеке және заңды тұлғалардан 146 арыз-шағым түсіп, оның барлығы қолданыстағы заңнамалар талаптарына сәйкес қаралып, әрқайсысына дәлелді жауаптар беріліпті. 

Елбасы өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін бірқатар басымдықтарды жария еткен болатын. Соның ішінде Президент құрылыстардың, ғимараттар мен нысандардың сапалы әрі тұрғындарға қауіпсіз болуы үшін бақылау жұмыстарын күшейту, олардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс заңдары мен нормаларына толық сәйкестікте болуы қажеттілігін атап өтті. Бұл әрине бірінші кезекте құрылысқа қатысушылар тарапынан яғни, тапсырысшылар мен мердігерлер, техникалық және авторлық қадағалаушылармен құрылыстың сапасына басты көңіл бөліп, оның берік әрі сенімді болуын қадағалауды міндеттейді. Ал Елбасы Жолдауынан туындайтын осынау міндеттерді жүзеге асыру өңірде қаншалықты белсенді жүргізіліп келеді? 

Мәселен, Тараз қаласының өзінде жабайы сауда нүктелері мен бейберекет орналасқан сау­да орындары әлі де бар. Кезінде облыс және қала басшылығы бірлесіп, бірқатар заңсыз сауда нүктелерінің көзін жойғанымен, оны түбірімен жоқ қылу мүмкін болмай тұр. «Осы орайда өңір басшысы Асқар Мырзахметов облыс аумағындағы бейберекет құрылыстардың алдын алу мақсатында шаралар қабылдау бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Өз кезегінде, облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевпен 2018 жылдың 16 шілдесінде аудандар мен Тараз қаласында заң­сыз, негізгі құжаттарсыз және сапасыз жүр­гізіліп жатқан құрылыстардың алдын алу, болдырмау мақсатында іс-шаралар жос­пары бекітілді. Іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында басқармамен құрылысқа қатысу­шы тұлғалардың өз міндеттерін дұрыс орындауын бақылау, заңсыз, өз бетімен салынған құры­лыстарды болдырмау бойынша шаралар қа­был­дануда», дейді басқарма басшысы. 

Осы уақыт аралығында облыс аумағын­дағы құрылысы жүргізіліп жатқан нысан­­дар­ға барлығы 123 тексеру жұмыстары жүр­­гі­зілген екен. Бұл ретте жүргізілген тек­серу­лердің қорытындыларына сәйкес, бұзу­шы­лықтар анықталған нысандар бойынша 51 нұсқама беріліп, 112 әкімшілік-құқық бұзу­­шы­лық туралы іс қаралған. Нәтижесінде 18 миллион 998 мың 298 теңге әкімшілік айып­пұл салынған. Қ.Айтқұловтың айтуынша, Тараз қаласында 1 нысан заңсыз салынғаны үшін сот шешімінің негізінде бұздырылған. Нысанды бұздыру үшін жыл басынан 8 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, сотқа жолданған. Оның ішінде 2 нысанды бұздыру туралы шешім шықса, 4 материал бойынша судьялар тек айып­пұлмен шектелген. Қазіргі уақытта 2 іс сотта қаралуда екен. «Бұған қоса, Тараз қаласында жапсарлас заңсыз құрылысты бұздыру үшін азаматтық тәртіпте талап-арыз жолданған. Қазіргі уақытта Тараз қа­лалық сотымен қаралуда. Сонымен қатар құрылыс нысандарын заң бұзушылықпен салып, кейін кінәсін мойындап, соттың шешімінсіз өз еркімен бұздырып жатқан азаматтар да бар. Қалада құрылыс реттеу сызықтарын сақтамай салып, құрылыс нор­маларын бұзғаны үшін нысан иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұзушылықтармен салынған ғимараттың бір бөлігін өз еркімен бұзды. Бұған қоса, бас­қарма сәулет, қала құрылысы және құры­лыс қызметі саласындағы жұмыстарды лицен­зиялау және инжинирингтік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды аттестаттау бойынша мемлекеттік қызмет көрсетеді», дейді ол.

Аталған басқарманың мәліметінше, былтыр 9 ай ішінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі сала­сында жұмыс істеуге мемлекеттік лицензия алу үшін 178 өтініш қабылданған. Оның 7-еуі қаралу үстінде, берілген лицензия – 57, ал қайта ресімделгені – 52, беруден бас тар­тылғаны – 42 лицензия. Сонымен қатар қо­сымша жұмыс түрлеріне 10 лицензия бе­рілген. Аттестациялау бойынша жыл басы­нан бері 293 өтініш қабылданса, 105 өтініш аттестациялаудан өтіп, 133 өтініш өтпеген және 31 өтініш қағаз тасымал­дағыш­тан электронды форматқа қайта ресімделген.

Бүгінде Тараз қаласының сәулеттік кел­бе­тін арттыру мақсатында көптеген жобалар қолға алынды. Дегенмен, тиісті мемлекеттік мекемелер тарапынан құрылыс қағидасына қырағылық таныту қажет-ақ. Жүйе болса ғана істің берекесі артып, нәтижесі жақсы болмақ.

Жамбыл облысы
Соңғы жаңалықтар