• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Сәуір, 2019

Ұлттық тәрбие балабақшадан басталады

2358 рет
көрсетілді

Бауыржан Момышұлы атамыздың «Өз сәбиіне бесік жырын айта алмаған ана мен немересіне ертегі айта алмайтын ата мен әжеден қорқамын» деген сөзі бар. Батыр көңілін толқытқан осы алаң ұлттық тәрбиенің уызына жарымаған ұрпақтан ұлтжанды азамат шықпайтынын меңзейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты ұлттық кодыңды сақтай білу» деген жолдар осы бір оймен ұштасып жатқандай. Ақылды техникалар мен сиқырлы смартфон бала түгіл ананың басын айналдырған заманда балдырғандарды ұлттық тәрбие бұлағымен сусындатудың жолы қандай?
 Баланың ойлауы ойнау арқылы қалыптасатынын әу бастан білген бабаларымыз, бөбегінің болашағын қалай ойнағанына қарап болжаған. Үйдегі ата-ана тіршілік қамымен кеткенде, талшыбықтай ұл-қыздарды тәрбие­лей­тін тәрбие мектебі – балабақша. Жуырда әлеуметтік желіден батыр­лар жырын жарыса оқып жатқан бала­бақ­ша­дағы балдырғандарды көргенде, бөбектердің бал тілінен тамған тәтті жырға тамсанып отырып, ел ертеңі саналатын еркелерді ұлттық тамырдан ажыратпай тәрбиелеудің бастау бұлағы балабақша екеніне тағы да көз жеткізгендей болдық. Көптен көкейде жүрген осы ой балдырғандарды ұлттық ба­ғыт­та тәрбиелейтін мейірім мекенін өз көзі­­­міз­­бен көруге асықтырды. Тәрбие­­­­шілерге газет тілшісі екенімізді айтып ішке енгенімізде, таңғы жаттығу­ла­­рын жасап жатқан өрендер бір деммен «сәлеметсіз бе?» деп амандасты. «Ал бала­қайлар кім тақпақ айтады?» – дегенімізде, – «Ассалаумағалейкүм, ағай» деп алға ұмтылған 4 жасар Нұрәлі: 

– Қобыландыдай төрені,

Қазақтың ері келді деп. Көктім аймақ патшасы, Кезекті бұған береді, – деп өлеңдете жөнелгенде көңіліміз марқайды. Кенет, мұнда адасып келмегенімізді анық түсіндік. Атауының өзі «Ай-Зере» деп кездейсоқ қойылмағанын тілге тиек еткен балабақша меңгерушісі, ұлы Абайға тәлім берген Зере әжеміздің тектілік үлгісінен жас ұрпақ ғибрат алса деген ой осы атауды қоюға түрткі болғанын жасырмайды. 

Балабақшадағы «Ұлы дала мұрасы» деп аталған арнайы бұрыш ертоқым, жүген, құйысқан, тартпа, қамшы, өмілдірік тәрізді ат әбзелдері, торсық, астау сияқты ыдыс-аяқ пен үкілі домбыра, сусар бөрік сынды қала балалары көп көре бермейтін жәдігерлермен көмкеріліпті. Тәрбиешілер мұны таным­­дық сабақтарға көрнекі құрал ре­тінде пайдаланатынын айтады. Күніне бір рет әжелердің ертегісін тыңдайтын өскіндер ұлттық бұйым­дар­дың атау­ларын жаттап, қыз бала­лар ұлттық тағам түрлері туралы ақпа­рат алады. Жағалай төселген қазақы нақыштағы құрақ көрпенің өзі ұлт­тық тәрбиенің исін аңқытып тұр. Көңі­лімізді қуантқан тағы бір жай, балдыр­ған­дар мұнда қарапайым амандасу әдебінен бастап жеті қазынаның не екенін біліп, салт-дәстүр сабақтарын алады. Ең бастысы, бір бағытқа ауып кету жоқ. Ағылшын, қазақ, орыс тілін қатар үйренеді. 

– Қазір кішкентай балаларды былай қойып, кейбір ес тоқтатқан жас­өс­пі­рімдердің өзі қарапайым амандасу әдебін білмейді. Адамдықтың негізі аман-сәлемнен осыдан басталады. Балалар кішкентай шыбық тәрізді, қалай бұрсақ, солай иіледі. Мұның бәрі отбасындағы жеке тәрбиеге байланысты. Тәрбиеленушілердің бойына ең алдымен осы әдептерді сіңіреміз. Қаршадай балалар «Наруто», «Өрмекші адам», «Халк» секілді болмысымызға жат кейіпкерлерге елік­тейді. Неліктен? Бесіктен белі шықпа­ған балаға жыламаса болды деп, план­­шет ұстатып қояды. Ондағы вир­ту­ал­ды ойындар, қатыгездікке тәрбие­­­лей­тін кейіпкерлер баланың психо­­ло­гия­сын бұзады. Есесіне, ата-ананы сыйлауға, адамгершілікке баули­тын тәрбиелік мәні зор аңыз-ертегілерді, жыр-дастан­дар­ды көбірек тыңдайтын болса, бала саналы азамат болып қалыптасады. Біз осы мақсатты көздейміз. Ең бастысы, осының барлы­ғын жасына лайықтап, балаға ұғынықты тілде жеткізуге тырысамыз. Отандық мультхикаяларды назар­ларына ұсынамыз. Балдырғандар мұнда үш тілдің әліппесін меңгереді, түрлі жаттығулар жасайды, ойын-сауық­­тық бағдарламаларға да уақыт табады. Ата-аналар, «баламыз біз біл­мей­тін кейбір нәрселерді айтып өзімізді таңғалдырады» деп алғыстарын да білдіріп жатады, – дейді балабақша меңгерушісі Қымбат Ахметова. 

Ашылғанына бірер жылдың ғана жүзі болған Алматыдағы шағын бала­бақ­шаны әдейі мысал ретінде келтіріп отырмыз. Қала аумағына қосылған елді мекендердегі интенсивті мигра­ция мен туу қарқыны есебінен бір ғана Алматыда өткен жылдың өзінде 4936 бүлдіршінге арналған 170 жеке балабақша іске қосылыпты. Осы озық үлгі жаппай қолданысқа енер болса, мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер балабақшада қазақы құндылықтардың қайнарынан қанып ішпесе де, көп нәрседен хабардар болар еді. Күн санап еліміздің түкпір-түкпірінде есігін айқара ашып жатқан тәрбие ошақтарының бір бұрышында ұлт тарихы мен дәстүрінен сыр шерте­тін осындай арнайы сөре ашылса, өмірге қадам басқан өскіндер Елбасы­ның «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын­да айтылған «таным-тағы­лымды балаң шағынан бойына сіңірген» азамат болып қалыптасар ма еді, деген ой келеді. 

АЛМАТЫ