Шәкәрім Құдайбердіұлы – ақын, жазушы, философ, тарихшы, сазгер. Абайдың інісі әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары. Оның қаламынан туған сыршыл да терең ойлы өлеңдері, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» сияқты оқиғалы дастандар, «Әділ-Мария» романы мен басқа да прозалық туындылары мен аудармалары, сазды әуендері көңіл тербеген кешті қазақтың дәстүрлі және халық әндерін кеңінен насихаттап жүрген дарынды әнші Ерлан Рысқали жүргізді. Бұл күнгі әуезді әндер кеші Талғат Әбуғазының орындауындағы Шәкәрімнің «23 жасымда» әнімен ашылды. Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Айнұр Жұмақадыр «Тыныштық жоқ, тыным жоқ», Нұржан Жанпейісов «Ең қызық жастық», Ардақ Исатаева «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», сонымен қатар күйші Мұрат Әбуғазы Шәкәрімнің күйі «Май түні», әнші Еркін Шүкіман «Сұраған жанға сәлем айт», «Қорқыт. Қожа. Хафиз» әндерін тамылжыта орындады. Кештің түйіні ретінде Шәкәрімнің «Анадан алғаш туғаным» әнін әуелете орындаған Ерлан Рысқали концерттік бөлімді аяқтаған тұста музейге салтанатты жағдайда Шәкәрім қажының төл домбырасы табысталды. Енді Ықылас музейінің төрінде Шәкәрімнің бебеулеткен қасиетті домбырасы тұратын болады.
Шәкәрім қажының домбырасы ұзақ жылдар бойы қазақ руханиятының жанашыры меценат Медғат Құлжановтың қолында сақталып келді. Бұл асыл жәдігер Медғат Құлжановтың қолына әкесінен қалған дүниелердің қатарында болған екен. Жарықтық, Шәкәрімнің бебеулеткен домбырасы..
Қайран да қайран жылдар-ай дерсіз...
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ, «Egemen Qazaqstan» АЛМАТЫ