Бейсенбі, 29 наурыз 2012 7:11
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2012 жылғы 24 наурызда Алматы қаласының аумағында дайындалу сатысындағы лаңкестік актілердің алдын алғандығы туралы хабарлайды.
Жоспарланған терактілердің ұйымдастырушысы 2009 жылдан бастап қазақстандық құқық қорғау органдарынан шетелде жасырынып жүрген, 1975 жылы туған Александр Владимирович Павлов болып табылады.
Бейсенбі, 29 наурыз 2012 7:11
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2012 жылғы 24 наурызда Алматы қаласының аумағында дайындалу сатысындағы лаңкестік актілердің алдын алғандығы туралы хабарлайды.
Жоспарланған терактілердің ұйымдастырушысы 2009 жылдан бастап қазақстандық құқық қорғау органдарынан шетелде жасырынып жүрген, 1975 жылы туған Александр Владимирович Павлов болып табылады.
Павлов Қазақстанның құқық қорғау органдары тарапынан іздеу салынған БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбіләзовтің жеке күзетін басқарады, оның жеке құпия тапсырмаларын орындаумен айналысады.
Атап айтқанда, Александр Павлов М.Әбіләзовке БТА Банктің қаржысын аса ірі көлемде ұрлауға көмек көрсеткен, ал 2009 жылғы ақпанда Әбіләзовтің жеке мұрағатын және БТА Банктің Корпоративтік бизнес басқармасының компьютерлерінен қатты дискілерді көшіруді ұйымдастырған, содан соң өзі де Ұлыбританияға кетіп, бүгінгі күнге дейін Қазақстанға кірмеген.
2010 жылғы сәуірде Павловқа қатысты біреудің сеніп тапсырылған мүлкін иеленіп алу немесе ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған, ал 2010 жылғы тамызда оған іздеу жарияланған.
Онымен сөз байласа отырып «Алға» тіркелмеген партиясы басшыларының бірі, М.Әбіләзовтің ең жақын сенімді серіктерінің бірі болып табылатын және шетелде тұрақты тұратын Мұратбек Кетебаев әрекет еткен.
Терроризм және экстремизм актілерін ұйымдастыру жөнінде жоспарларды олар 2011 жылғы қыркүйектен бері ойластырып келген.
2012 жылғы наурыздың басында олар өздерінің сыбайластарына Алматы қаласының қоғамдық орындарында, оның ішінде саябақтар аймағында және әкімшілік ғимараттарының жанында жарылыстар жасауды тапсырған.
Атап айтқанда, Павлов орындаушыға Әуезов ауданындағы «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы «Фэмэли» саябағында жарылысты ұйымдастыруды, сондай-ақ жарылғыш заттарды Әл-Фараби даңғылындағы жаяу жүргіншілер өтпелерінде орналастыруды тапсырған.
Лаңкестік шараларын ұйымдастыру үшін Павлов 25 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай қаражат бөлген, оның 15 мың доллары орындаушыға берілген. Қалған 10 мың долларын терактілер жасалғаннан кейін беру жоспарланған.
Жедел-тергеу шараларының барысында лаңкестік шараның негізгі мақсаты ретінде халықты қорқыту, аласапыран мен дүрбелең жағдайын тудыру, елдегі қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыру болғандығы анықталды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 233-бабының 1-тармағы («Терроризм») бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергелуде.
Тергеу аясында құқық қорғау органдарына жоғарыда аталған тұлғалардың шетелдіктерді қоса алғанда радикалды ұстанымдағы діни топтардың өкілдерімен Қазақстанда террористік актілерді бірлесіп жасау, сондай-ақ дінаралық және ұлтаралық тұрғыда қақтығыстар тудыру мақсатында байланыс орнату әрекеттері туралы ақпарат келіп түсті.
Тергеу жүргізілуде. Бірқатар тұлғалар қазіргі кезде ұсталды және кінәларын мойындап, айғақ беруде.
Мұнан өзге ақпарат тергеудің мүддесіне байланысты жарияланбайды, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.