• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2010

БІЛІМ – ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ

1825 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қа­зақстан халқына арнаған “Жаңа онжыл­дық – жаңа экономикалық өрлеу – Қа­зақ­станның жаңа мүмкіндіктері” деп ата­латын биылғы Жолдауының сыры да, си­паты да бөлек. Бұл құжат Жолдау ғана емес, еліміздің жаңа онжылдыққа арнал­ған стратегиялық бағдарламасы іспетті. Өйткені, мұнда республикамыздың эко­номикалық, әлеуметтік және рухани да­муы­ның алдағы он жылға арналған мін­деттері айқын да нақты көрініс тауып отыр. “Менің басты мақсатым – елі­міз­дің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз етіп, жаңа мүм­кін­дік­терге жол ашу, – деді Елбасы осы Жол­дауында. – “Қазақстан-2030” стра­тегиясын орындай отырып, біз алғашқы онжылдыққа бағдарлама жасап, оны тәмамдадық. Ендігі мақсат – осы стра­те­гияның келесі онжылдығына қарай қа­дам жасау”. Жолдауда айтылған эконо­ми­каны дағдарыстан шығару, инфра­құры­лым мен жедел индустрия­лан­ды­рудың есебінен экономиканың орнықты өсуіне қол жеткізу, қазақстандықтарды са­палы әлеуметтік-тұрмыстық ком­мунал­дық қызметпен қамтамасыз ету, ұлт­ара­лық келісімді нығайту секілді жоспар­лар­дың барлығы да өте маңызды шаралар. Жолдау жолдарына жүгінсек, мұнда адамдарымыздың өмір сапасын жақсарту және оларды әлеуметтік қорғау мәселе­леріне айрықша көңіл бөлініп отырғанын аңғаруға болады. Айталық, ел халқы са­ны­ның 2020 жылы 10 пайызға өсуі үшін мемлекет барлық мүмкіндікті қарасты­ра­тын болады. Жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан, ал табыстары ең төменгі күн­көріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 8 пайыздан аспауға тиіс. 2015 жылға қарай базалық зейнетақы төлемдері ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінің 60 пайызы деңгейіне дейін өсіріліп, мем­лекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөл­шері 2010 жылмен салыстырғанда 1,2 есе арттырылмақ. Республикалық бюджетте үстіміздегі жылы зейнетақыларды 1 қаң­тар­дан бастап, ал шәкіртақылар мен бюд­жеттік мекеме қызметкерлерінің ең­бек­ақыларын 1 шілдеден бастап 25 пайызға өсіру қарастырылса, студент­тер­дің шәкіртақылары мен бюджеттегілердің еңбекақыларын мерзімінен үш ай бұрын – 2010 жылдың сәуірінен бастап өсіруге байлам жасалды. Жолдауда Ұлы Отан соғысындағы Же­ңістің 65 жылдығына орай соғыс ар­да­герлері мен олардың отбасыларына, майдангерлердің жесірлеріне, соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға жасалатын қамқорлықтар туралы да ашық та айқын айтылған. Мемлеке­ті­міздің тұрғын үй-коммуналдық сектор саласындағы саясаты да азаматтарды қуанышқа бөлеуде. Ендеше, осының бәрі мемлекетіміздің Қазақстан азаматтарына деген қамқорлығының жарқын көрінісі. Жолдауда сол сияқты білім беру, ден­саулық сақтау салалары бойынша да нақ­тылы міндеттер белгіленіп отыр. 2020 жыл­ға қарай барлық балалар мектеп жасына дейінгі оқытумен қамтылуға тиіс. Бұл үшін “Балапан” арнайы бағдарла­ма­сы әзірленуде. 2020 жылға қарай орта білім беруде 12 жылдық оқыту моделінің та­бысты жұмыс істеуі үшін Үкімет бар­лық қажетті шараларды қабылдайтын бо­лады. Кәсіптік және техникалық білім бе­ру кәсіби стандарттарға негізделіп, қа­таң түрде экономикалық қажеттілік­тері­мен өзара байланыстырылады. Жолдауда сондай-ақ, жоғары білім сапасының халықаралық талаптарға жауап беруге тиіс екені, бұл үшін жоғары оқу орын­дары әлемнің жетекші университет­те­рінің рейтингісіне енуге ұмтылуы мін­детті екені атап көрсетілген. Болашақта қазақстандық адам капиталының бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру үшін белсенді инновациялар тарту жоспарының ма­ңы­зы да ерекше. Адам ресурстарының бі­лі­мсіз болуы келешектің тиімсіз бола­тынын айқын көрсетіп отыр. Жолдауда: “Экономиканы әртараптандыру арқылы табысқа жетудің кілтінің бірі – Аста­на­дан құрылатын үлкен оқу орны иннова­ция­лық университетте жатыр. Сол уни­вер­ситетте біліммен бірге ғылымға да көңіл бөліп, жұмыс істейік” деген ойлар айтылды. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер бәрімізден болашаққа сергек қа­рауды, алдағы онжылдыққа арналған мін­деттерімізді ой елегінен өткізіп, сара­лап, тиісті межелер белгілеуді талап етеді. Біздің оқу орнымыздың ендігі мін­деті, Жолдауда айтылғандай, осы онжыл­дықта білім берудің әлемдік инновация­лық технологияларын игере отырып, дү­ниежүзінің алдыңғы қатарлы универ­си­тет­терінің рейтингісіне ену үшін барлық мүмкіндікті толық пайдалану, оқыту мен тәрбиелеудің тиімділігіне қол жеткізу. Оқырманға белгілі, 80 жылдан астам тарихы бар Қазақстандағы тұңғыш жо­ға­ры оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық университетінің ежел­ден қалыптасқан өзіндік дәстүрі, ұлт­тық ерекшеліктері бар. Университе­ті­мізде жоғары білімді кәсіби мамандар даяр­лау ісі ұлттық құндылықтарға, ха­лық­тық тәрбиеге, білім берудің қазіргі за­манғы инновациялық технологияларына негіздел­ген оқу-тәрбие үрдістері арқылы жүзеге асырылуда. Оқу мен тәрбие мәселесі, негізінен, ұлттық кадрлар даярлау ісіне бағытталған біздегі оқу-тәрбие жұмысы кең өрісті ба­залық және кәсіби мәдениетке негіздел­ген. Университетіміздің педагогикалық ұжы­мы болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру ісінде ғана емес, олардың адамгершілік жауапкершілігін, отаншылдық рухын, елдік қасиеті мен ұлттық ар-ожданын қатар тәрбиелеуге баса назар аударуда. Оқу орнындағы тәр­бие ісі мен оқытудың стратегиялық түпкі мақсаты – елдің болашақ мамандары­ның кәсіби интеллектуалдық және әлеуметтік тұрғыдан жетілуіне барынша қолайлы жағдай жасау. Білім қоғамның оңтайлы да­муы­ның аса маңызды, анықтаушы шарты, оның экономикалық гүлденуінің және саяси тұрақтылығының кепілі болып та­былады. Қазіргі білім бе­ру қан­дай болуы ке­рек, ол қандай міндеттерді ше­шеді де­ген сұ­рақ­тар жаһан­дану және ин­те­гра­ция үрдісте­рін­де қа­лып­та­сады. Со­нымен қоса ха­лық­тың түрлі кәсіби және әлеу­меттік топ­та­рының бі­лім берудің мақ­сат­тары мен мін­­­­дет­теріне де­ген көзқарастары әртүрлі болуы мүмкін. Қазақстан­дық универ­си­теттер қазіргі кез­де аса жауап­ты кезеңді бастарынан кешуде. Біздің елімізде білім беру жүйесін реформалау мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналды. Өйткені, білім беру саясатымыздың ұлттық басымдықтарының бірі болып есептеледі. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткізген “Қазақстан дағдарыстан кейінгі әлемде: болашаққа интеллектуалды ұмтылыс” атты дәрісінде Қазақстанның нақты бә­секеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін аса маңызды құралы ретінде эконо­ми­калық және қоғамдық модернизацияның сұра­ныс­тарына сәйкес келетін “Зиялы ұлт-2020” атты жобаны іске асыру отан­дық бі­лім дамуының басым бағыты бо­лып та­былады деп атап көрсетілген еді. Елі­міздің өміріндегі білім берудің және интеллек­туалды ресурстардың рөлі Елба­сы сөзінде нақты көрсетілген: “Әр аза­мат­тың денсаулық, интеллект және білім деңгейі қаншалықты сапалы болса, сон­шалықты мемлекеттің бәсекеге қабілетті­лігі әлемдік қауымдастығында жоғары болады”. Осыған орай университетте 2009-2010 оқу жылы зиялы ұлтты тәрбиелеу мен қалыптастыру жылы болып жарияланды. Онсыз, Елбасымыз айтқандай, “Біз Қазақстанды бәсекеге қабілетті адами капиталы бар елге айналдыра алмаймыз”. Жаһандану және жаңа технологиялар заманында білім беру бұл жай ғана әлеу­меттік сала емес. Бұл болашаққа зиялы ұмтылыс деген сөз. Және бұл үрдіске еліміздің барлық азаматтары қатысады. “Кез келген адамды жұмыс істеуге, оқу­ға, өмір сүруге, қазіргі әлемде бірге өмір сүруге үйрету керек”, деп Елбасымыз орынды атап көрсетті. Сыни ойлау қабілеті, өнегелі өз сана-сезімі бар және ақпараттық ағымды бағдарлауға қабілетті адамдарды даярлау университетте білім берудің басым бағытына айналып отыр. Мұның өзі білім берудің сапасын арттыру, ұлттық тәрбие, инновацияларды енгізу, әлемнің жетекші өзге универси­тет­терімен белсенді ынтымақтастық, оқы­тушылар мен студенттердің акаде­мия­лық мобильділігі, екідипломдық білім беруді енгізу арқылы кәсіби тұрғыдан құ­зыретті, әлеуметтік жас мамандарды жо­ғары деңгейде қалыптастыруымыз қажет деген сөз. Қазақстандық зиялы ұлтты қалып­тас­тыру мәселесі Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық универси­те­тінің жаңа даму стратегиясында көрініс тауып отыр. Университеттің бәсекеге қабілеттілігі бірінші кезекте жоғары оқу орны тү­лек­терінің кәсіби және жалпы мәдени құзы­реттілігінің деңгейімен анықталады. Біз­дің университетіміздің бәсекеге қабі­лет­тілігі 80 жыл бойындағы тиімді қызметі және үздіксіз дамуымен расталып келеді. Мұнда зиялы ұлтты қалыптастыруға бар­лық жағдайлар жасалған. Соның нәти­жесінде білім беру, тәрбие және ғылымда инновациялар әзірленіп, кеңінен ен­гізілуде; профессор-оқытушылар құрамы­ның кәсібилігі мен ғылыми әлеуеті арттырылуда; академиялық мобильділік ұғымы іс жүзінде қолданылуда; “Тіл­дер­дің үш тұғырлы” жобасы мақсатты түрде іске асырылуда; университет құрылымы жаңалануда. Сондай-ақ Интернет жүйе­сіне жаппай ену қамтамасыз етіліп, уни­верситеттік портал жасалды. Бүгінде біз білім алушылардың білім сапасын жа­ңар­туда, кадрлардың сапасын жақсартуда, университеттің заманауи келбетін және оның сыртқы байланыстарын дамытуда, білім берудің үздіксіздігі және әртарапты­лығын дамытуда, білім беру кеңіс­тігін ақпараттандыруда, ғылыми бағыттар мен ғылыми мектептерді дамытуда, ха­лық­аралық ынтымақтастықты кеңейтуде, университеттің материалдық-техникалық базасын және қаржы ресурстарын да­мытуда нақты табыстарға жетіп отырмыз. Университетте оқу үдерісін жетілдіру ісі жаңа білім беру және ақпараттық тех­нологияларды енгізу мен білім беру қыз­метінің ауқымын кеңейту арқылы іске асырылып келеді. Ғылымның, өндірістің, тәжірибелік базалардың және білім беру қызметінің өзара тығыз байланысы оқу үдерісінің жоғары сапасын және болашақ мамандардың іс жүзінде толыққанды дайындығын қамтамасыз етеді. Интел­лектуалды ұлтты қалыптастыруда тәрбие жұмысы мен жастар саясаты бойынша Басқару, ұлттық тәрбие кафедрасы, ака­демик Т.С.Садықов атындағы Қазақстан тарихы кафедрасы, “Этнокөркемдік мәдениет” ғылыми-шығармашылық орта­лығы, қолданбалы физика, мате­матика және ақпарат институты жетекші рөл атқаратын болады. 2008-2009 оқу жылында білім берудің сапасын арттыру үшін магистратура мен РһД докторантура институты бөлініп шықты, Білім берудің сапасын талдау мен біліктілікті көтеру институты, ин­но­вациялар мен білім беру мазмұны ғылы­ми-зерттеу институты құрылды, жаңадан дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультеті ашылды. “Рухани мұра” бағдарла­ма­сының шең­берінде Байтұр­сынов атындағы ғы­лыми-зерттеу және Алаш орталығы, оның мұражайлық экспо­зи­ция­сы, абайтану орталығы құрылды. Кредиттік технология 2004-2005 оқу жылынан бастап оқу үдерісіне біртіндеп ендірілді. Кредиттік технологияны жү­зе­ге асыру үшін тіркеу, бақылау және бағалау бөлімдерінен тұратын бақылау және бағалау басқармасы құрылды. Кәсіби білікті мамандардан эдвай­зерлер тағайындалды. Эксперимент шеңберінде университет­тің профессор-оқытушылар құрамы 2-3 кредиттік технология бой­ын­ша оқытудың біліктілікті көтеру курсы­нан өтті. Факультеттерде әдістемелік жұ­мыс жүйесі қайта құрылды. Силлабус­тар­дың жаңа формалары және Білім және ғы­лым министрлігінің талаптарына то­лық сәйкес келетін оқу-әдістемелік ке­шендердің 3 түрі жасалды. Кітапхананың компьютерлік залында университет студенттері үшін оқу материалдарының электронды нұсқалары орналасқан. Ендігі міндет – білім беру порталын құру. Білім беру порталы оқу үдерісін ме­кен-жайлық (үйде оқыту) оқу-әдістеме­лік­терімен қамтамасыз етеді. Әрбір сту­дент үшін оқу әдебиетінің, оқу-әдісте­мелік кешендердің, СОӨЖ және СӨЖ үшін жеке тапсырмалардың электронды нұсқаларының қолжетімділігін, оқудан тыс уақыттағы профессор-оқытушы­лар­дың және тәртіп жетекшілерімен интерактивті байланыс пен білім қызметі нәтижелерін үнемі мониторингілеу мүмкіндігін қамтамасыз ету басты міндет. Болон процесі профессор-оқытушы­лар құрамы мен студенттердің ұтқыр­лы­ғын қажет етеді. Аталған принциптерді жүзеге асыру үшін университетімізде мүм­кіндік бар. Бұл шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы ке­лісім-шарттар арқылы жүзеге асырылмақ. Шетелдік студенттермен жұмысты үй­лестіру және біздің студенттерді шетел­дерде оқытуды ұйымдастыру мақсатымен былтырғы жылы дайындық факультеті ашылды. Бүгінде Кореядан, Қытайдан, Түркиядан, Ираннан, Монғолиядан, Египеттен келген студенттер контингенті 178 адамға жетті. Бакалавриат және магистратура бойынша білім алатын олар қазір дайындық, филология, физика-ма­тематика, қаржы-экономика, көркем­сурет-графика және психология-педа­гогика факультеттерінде білім алуда. Әлемдік білім беру кеңістігіне ену, білім берудің халықаралық стандарт­та­рына қол жеткізу мақсатымен ҚазҰПУ-де халықаралық байланыстар нығайып келеді. Оқу орны 2007 жылы Италиядағы Болон университетінде Университет­тердің ұлы хартиясына қол қойды. Қазіргі таңда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Фран­цияның, Германияның, Слова­кия­ның, Польшаның, Қытайдың, Ресейдің, Жапонияның, Болгарияның және тағы басқа мемлекеттердің 81 жетекші уни­верситеттерімен тығыз байланыста жұ­мыс істейді. Шетелдік жоғары оқу орын­дарымен екі жақты бірлесе дайындалған жобалар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу, ақпараттар алмасу, семинарлар, конференциялар және тағы басқа іс-шаралар өткізу; жекелеген бағдарламалар бойынша оқытушылар мен ғылыми қыз­меткерлердің тәжірибе алмасуларын ұйым­дастыру; бірлескен ғылыми-техни­калық және білім беру жобаларын жүзеге асыру; екі жақтың да мүдделеріне сай келетін ғылыми ақпараттар мен мате­риалдар алмасу мәселелері бойынша келісімдерге қол жетті. Қазіргі таңда физика-математика ма­мандықтары ағылшын тілінде оқытылуда. Сондай-ақ “Қос диплом” бағдарламасын жүзеге асыруға кірістік. Бүгінде Литва Республикасының Миколас Ромерис атындағы университетімен студент және магистранттар алмасу жобасы іске асы­ры­лып келеді. Мысалы, біздің бакалавр не­месе магистрант оқу орнын бітірер ал­дында бір семестр жеделдетілген бағ­дар­лама бойынша білім алған соң сол уни­верситеттің де және біздің университе­ті­міздің де дипломдарын алып шығады. Бүгінде “Қос диплом” бағдарламасы бой­ынша Мәскеу мемлекеттік педагоги­ка­лық университетімен, Словакиядағы Братислава университетімен, Ресейдің Сібір Федералдық университетімен, Федералдық мемлекеттік білім беру мекемесімен және тағы басқа жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университеті Еуропаның Ха­лықаралық білім беру ассоциациясына (ЕАІE), Еуропаның Заң университеттері ассоциациясына (ELFA), Халықаралық әлеуметтанушылар ассоциациясына, Еуропаның Психологияны дамыту қо­ғамына (ESDP), Инновацияны қолдану жөніндегі әлемдік университеттер жүйе­сіне (GUNІ), Саяси зерттеулер жө­ніндегі Еуропа консорциумына (ECPR), Уни­верситеттердің халықаралық ассоциа­циясына (ІAU) мүше болып отыр. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерге байланысты алдағы онжыл­дық­та атқарылатын істер аса ауқымды. Біз университет басшылығы мен про­фессор-оқытушылар құрамының күш-қуатын, шығарм ашылық әлеуетін осы міндеттерді шешуге жұмылдырып отырмыз. Серік ПІРӘЛИЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор. РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ ТОП Жетісу жұртшылығымен кездесіп, Елбасының Жолдауын түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда Күмісжан БАЙЖАН. Елбасының биылғы Жол­дау­ының еліміз үшін маңыз­ды­лығы ерекше екендігін жұрт­шылық уақыт өткен сайын шынайы сезінуде. Дегенмен, ондағы айтылған байыпты бағдарламаларды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жан-жақты түсіндіру мақсатымен Ас­танадан ақпараттық-наси­хат­тық топты арнайы бастап кел­ген Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов жұмысының әлқисса­сын­да облыс активімен кездесті. Басқосуды облыс әкімі Се­рік Үмбетов ашып, биылғы Жол­даудағы айтылған басым­дық­тар хақында әңгімеледі. Сондай-ақ өңірде Жолдауды жүзеге асыру мақсатында қолға алынған жұмыстарды ортаға салды. Бұдан кейін ақпараттық-на­си­хаттық топ жетекшісі, ми­нистр Бақыт Сұлтанов Мемлекет басшысының “Жаңа онжылдық – жаңа эко­номикалық өрлеу – Қазақ­станның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауы төңірегінде әңгіме өрбітті. Атап айтқанда, 2020 жылға дейінгі даму стра­тегиясы жоспарының басты бағыттарын тарқатып, “Биз­нес­тің жол картасы-2020” бағ­дар­ламасын түсіндірді және биыл әлеуметтік қамтамасыз ету мен осы саладағы жәрдемге арнал­ған шығыстар көлемі ар­таты­нын және базалық зей­нет­ақы төлемдерінің 25 пайызға көтері­летінін жиналғандар на­зарына салды. Сонымен қатар, отбасы, ана мен бала инсти­ту­тын ны­ғайту, жәрдемақы мөл­шерлері жайлы Жолдауда айтылғандарға да ерекше мән берді. Жетісу жерінде сәбилерді балабақшамен қамту көр­сет­кіші 21 пайызды ғана құраса, кезекте тұрған бүлдіршіндер саны 19 мыңға жуық екен. Министр облыс әкімінің бұған дейін жекеменшікке өтіп кеткен, балабақшаларды ком­му­налдық меншікке қайтару туралы бастамасының жан-жақты қолдауға ие болып, өзге ай­мақтарда да қолға алын­ға­нын атап өтті. Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері де ортаға салынды. Серік Әбікенұлы Қазақ­стан­ның даму белестерін ай­қын­дайтын құнды құжатты на­сихаттау, түсіндіру мақ­сатымен арнайы келген топ мүшелерінің жұмысына сәт­тілік тілеп, ха­лықты әлеу­меттік жағынан қор­ғау, ұс­таздар мен дәрігер­лердің ком­муналдық шығынын өтеу, жет­кіліксіз қамтылған отба­сы­ларындағы балаларға жоғары оқу орындарында білім грант­тарын тағайындау, олар­дың қоғамдық көліктерде тегін жүруін қамтамасыз ету, тағы басқа жүйелі жүргізілген жұмыстар жайлы әңгімеледі. Ақпараттық-насихаттық топ мүшелері бөлініп, өңірдегі аудандар мен қалаларға атта­нып, халықпен жүздесуді бас­тап кетті. Жетісу жұртшы­лы­ғымен осындай мағыналы жүз­десуді мақсат еткен насихат­шылардың Қаржы министрлі­гінің жауапты хатшысы Наталья Коржова бастаған алғашқы тобы Пан­филов ауданына, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғы­лы­ми-зерттеу кеңесінің хатшысы Наталья Калашникова баста­ған тағы бір тобы “Достық үйінде” және Ілияс Жан­сүгіров атын­дағы Жетісу мемлекеттік уни­верситетінде жұртшылықпен, студенттермен әңгіме өткізді. Өзге де насихаттық топ мүше­лері Ақсу, Алакөл, Текелі, Бал­қаш, Кербұлақ аудандарына аттанып, Жолдау жолдарын түсіндіруді жалғастыруда. Алматы облысы. ЖАСТАРДЫҢ ДАМУЫ СТРАТЕГИЯСЫН БЕЛГІЛЕЙТІН МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ Алматыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде   Білім және ғылым вице-министрі Махмет­қали  Сарыбековтің қатысуымен  Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың   “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауы­ның талқылауы өтті. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. Оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысқан жиынды аталмыш оқу орнының бас­шы­сы Шәмша Беркімбаева ашып, биылғы Жолдаудың елі­міз үшін жөні бөлек еке­ні­не, онда алдағы 10 жылда атқарылуы тиісті жұмыс­тар­дың нақты айқындалып бе­ріл­геніне тоқталды. Сондай-ақ жуырда осы маңызды Жол­дауды насихаттау жө­нін­де Астанада Президент Әкім­шілігі Басшысының орын­ба­сары Мәулен Әшімбаев бастаған топ құрылғанын, соның құрамындағы Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбековтің университетті бе­кер таңдап алмағанын, сон­дықтан Жол­дауға қатысты әрі өздерін қызықтыратын сауалдарды қойып, тағы­лым­ды бір кездесу өтетініне сенім білдірді. – Биылғы Жолдау бар­лық қазақстандықтардың жол картасына айналып отыр, – деді Махметқали Нұрға­ли­ұлы. – Ең алдымен әр адам­ның, әсіресе, жастардың даму стратегиясын белгілейтін ма­ңызды құжат болып табы­ла­ды. Олай дейтінім, Жолдау­да­ғы бес стратегиялық бағыт­та Елбасы, әсіресе, білім беру саласына, ғылымға ерекше баса назар аударып, әлеу­меттік жағдай жасалуына баса көңіл бөлген. Одан әрі вице-министр қазір “Балапан” мемлекет­тік бағдарламасы бойынша жұ­­мыс­тар жүргізіліп жат­қа­нын, оның басты мақсаты – мек­тепке дейінгі білім беру жүйе­­сінде қызметті қам­та­ма­сыз ету екеніне тоқ­талды. Сондай-ақ ҚР білім сала­сының дамуына бай­ланысты 2008 жылдан бастап 12 жыл­дық жүйеге бір­неше себеп­тер­ге байла­ныс­ты көше ал­май отыр­ға­нымызды, оған мектеп база­ларының дайын еместігі, кадр мәселесінің то­лық шешілмей, оқу-әдіс­те­ме­лік кешендердің іске асы­рыл­май отырғанына тоқталып өтті. Одан әрі Ғылым ту­ра­лы заң жобасы дайындалып, Мә­жі­ліске тапсырыл­ғанын, Ел­ба­сы айтқандай, 2020 жыл­ға дейін Қа­зақ­станда ке­мінде әлемдік дең­гейдегі екі жоо ашу міндеті қойыл­са, оның бірі биылғы шілде айында Астана күніне орай Н.Ә.На­зарбаев универ­си­те­тін ашу жоспарланып отыр­ғанын, онда жараты­лыстану, инже­нер­лік және медицина ба­ғыт­тарында бірінші курс­қа сту­денттер қабылданып, бір грант құны 19,5 мың дол­лар көлемінде болатыны жайлы да хабардар ете кетті. Ведомстволық сала бас­шы­ларымен кездесіп, жүзде­су­дің мұндай мүмкіндіктері бола бермейтінін ескерген мұғалімдер мен студенттер вице-министрді сұрақтың асты­на алды. Мәселен, про­фес­сор Қазына Аймағам­бе­това ғылыми орталықтарда сапалы бағдарламалар қарас­ты­рылмайтынын, кафедрада кредиттік жүйеде соңғы төрт жылдан бері тек тәрбиеші де­ген мамандық алып келе жат­қан бастауыш мектеп мұ­ғалімдерінің қызметтері шек­теулі екенін, сондықтан бұл мамандық тәрбиеші-әдіскер деп ауыстырылса деген ұсы­нысын жеткізсе, физик ұс­таз­дар оптикалық құрал­дардың жетіспейтіндігін, ал студент­тер “Балапан” бағ­дар­­ламасы бой­ын­ша мектеп­ке дейінгі тәрбие­ші­лердің ең­бекақы­сы­ның төме­ндігін айтып және бас­қа да сауал­дарына жауап алды. БІРЕГЕЙ ҚОНДЫРҒЫЛАР ШЫҒАРЫЛАДЫ Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкін­дік­тері” атты Қазақстан хал­қы­на биылғы Жолдауында еліміздің алдағы онжыл­дық­тағы міндеттері белгіленді. Ел дамуының ертеңіне арналған жоба-жоспарларды жүзеге асырудың нақты жолдары мен басты бағыттары көрсетіліп, оны орындауға тапсырмалар берілді. Мұның өзі еліміздің әр азаматының, еңбек ұжы­мы­ның осы бағытта ұтымды жұмыс істеуін қажет ететіні сөзсіз. Облыста биыл жалпы құны 1 миллиард 37 миллион доллар болатын 26 жоба жү­зеге асырылатын болады. Біздің “Ақтөберентген” ак­цио­нерлік қоғамына қатысты жоба Қазақстанның индус­трия­лық картасына кіреді. Кәсіпорында жүргізіліп жат­қан қайта жарақтандыру жұ­мыстары үстіміздегі жылғы шілде айынан бастап осы за­манғы компьютерлік томо­граф­тар шығаруға мүмкіндік береді. Бұл кәсіпорынның даму тарихындағы мүлдем жаңа кезең болғалы тұр. Ден­саулық сақтау министрлігі мен акционерлік қоғам ара­сында 2010 жылға зауыт өнім­дерін сатып алуға жасалған меморандум бұған толық дәлел екені даусыз. Біздің акционерлік қоғам осындай бірегей медициналық және өндірістік рентген ап­па­раттарын шығаратын елі­міздегі бірден-бір кәсіпорын ретінде де алыс-жақын шет­елд­ерге белгілі. Мұнда рентген аппараттарының 28 түрі шы­ғарылады. Акционерлік қо­ғам­ның мемлекеттік тапсы­рыстың арқасында екінші тынысы ашылатынына берік негіз бар. Ел Президентінің жаңа саясаты болашаққа се­німді қадам жасауға, яғни индустриялық-инновациялық серпінді даму стратегиясының жемісін көруге оң ықпал ететін болады. Инвести­ция­лық жоба өз қаржымыздың және Қазақстанның Даму банкі несиесі есебінен қар­жыландырылып отыр. Жобаны жүзеге асыру ішкі және сыртқы рынокқа шы­ға­рылатын осы заманғы диаг­нос­тикалық компьютерлік ап-паратуралармен медициналық мекемелерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Томографтарды жинау “Дже­не­рал электрик” компания­сы­ның технологиясы бойынша жүзеге асады. Бұл оның баға­сын 50 миллион теңгеге тө­мен­детуге алғышарт жасайды. Мұндай аппаратура Қазақ­стан­да қазір 180-250 миллион теңге тұрады. Біздің кәсіп­орында жүзеге асырылмақшы екінші жоба да қайтарымды болмақ. Себебі, біз шығарғалы отырған лифтілер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін қайта жарақтан­дыруда кәдеге асады. Үдемелі индустрияландыру мен инновация, еңбек өнім­ділігінің өсуі ғана Қазақ­стан­ның дағдарыстан кейінгі ке­зеңде ұтымды және берік по­зицияны иемденуіне мүмкін­дік беретінін Елбасы өзінің Жолдауында дәйектеп айтып берді. Бұған біздің облыста жү­зеге асырылмақшы индус­триялық-инновациялық жо­ба­лардың да елеулі үлес болып қосылатынын әрбір ақтөбелік мақтаныш тұтады деп ой­лай­мын. Марс МАХМҰТОВ,  “Ақтөберентген” АҚ-тың атқарушы директоры. Ақтөбе облысы. “ҚАРА АЛТЫН” ШАРАПАТЫ Қазақ мұнайы дегенде Ел­басының осы саланы дамытуға сіңірген ерен еңбегі ойға ора­лады. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанға шетел ин­вес­торларын қолынан жетелеп әке­ліп, ауқымды инвестиция салуға иландырды. Соның нә­тижесінде “Теңіздей” әлемде теңдесі жоқ ірі кеніштің мол мұнайы игерілді. Сол “Теңіз” кенішінің мұнайын Қара теңіз жағалауындағы халықаралық айлаққа төтелей жеткізетін жаңа құбыр желісі тартылды. Енді Каспий теңізінің қай­ра­ңын­дағы Қашаған кенішінен көмірсутекті шикізатты игеру жұ­мыстарына дайындық жүр­гі­зі­ліп жатыр. Осының бәрі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тапсырмасымен Атырауда іске асырылып жатқан ірі жо­балар. Қазақ мұнайын әлемдік рынокқа жеткізудің баламалы бағыттарының қатарында Ата­су-Алашаңқай, Баку-Жейхан бағыттарының да маңыз­ды­лы­ғы айқындалып келеді. Ел экономикасын өркен­де­ту­де мұнай-газ өнеркәсібінің маңызы арта береді. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған “Жаңа онжылдық – жаңа эко­но­микалық өрлеу – Қазақ­стан­ның жаңа мүмкіндігі” атты биылғы Жолдауында айрықша атап өтті. Себебі, мұнай өндіру – қазақтың бір ғасырдан бергі негізгі кәсібінің бірі. Рас, ке­зін­де оның игілігін соншалықты көре қоймағанымызбен, Қазақ­стан дербес мемлекет атанғалы бері Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген басшының салиқалы саясатының арқасында “қара алтынның” қадірін сезінетін бол­дық. Елбасының ұсынысы­мен құрылған Ұлттық қорға мұ­найдан түскен табыстың бір бөлігі жинақталып, қаржы дағ­дарысы кезінде сол қаржы ел экономикасын, ұлттық банк­тер­ді тұралатпауға жұмсалды. Міне, осылайша, қазақ мұ­най­ы­ның шарапаты баршаға тиді. Қазақ мұнайының шарапа­ты алдағы он жылда да қазақ хал­қына молынан тиетін бо­ла­ды. Мұнайшылар елдің әлеу­мет­тік-тұрмыстық әл-ауқатын жақсарту шараларынан қалыс қалмайды. Мұнайлы аудандар­да­ғы түрлі әлеуметтік нысандар құрылысын қаржыландырып, әлеумет әлеуетін арттыруға қол­дауын жалғастыра бермек. Отандық мұнай-газ өнеркәсібі жаңа дәуірдің инновациялық жобаларымен қарқынды дамуға бет бұра бастады. Мұның бас­тап­қы бағыттары қазірдің өзін­де қолданысқа енгізіліп жатыр. Мәселен, мұнай кеніштерінде жер астынан мұнай соратын тербелмелі қондырғылары бір­тіндеп бұрандалы сорғылармен алмастырылып келеді. Отандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілерді қолдау арқылы қазақстандық үлесті молайтуға бағыт ұстанып отырмыз. Енді кен орнындағы ілеспе газды кә­деге асыру жобасы іске асырылмақ. Қойнауы қазынаға толы Ембінің мұнайшылары Елба­сының Жолдауын әрдайым қуаттайды. Өйткені, қазақ мұнайшылары Елбасына арқа сүйеп келген, бұдан былай да Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­та­маларын қолдайды. Мұнай­шы­лар мұнай өндіруде уақыт­пен санаспайды, шаршауды біл­мейді. Елбасының Жолдауы­нан алдағы онжылдық Қазақ­станның экономикалық өрлеу жылдары болатынын ұғынып, тың серпінмен еңбек етуге ұмтылады. Өйткені, енді алдағы он жылдың ішінде біз өндірген “қара алтын” химия өнеркәсібі саласында тұтынылатын негізгі шикізат болғалы отыр. Ізтұрған БАЙМҰХАНОВ,  “ЕмбіМұнайГаз” өндірістік филиалының директоры. Атырау облысы. ЖАҢА ОНЖЫЛДЫҚ – ЖАҢА КЕЗЕҢ Елбасы Жолдауда жаңа онжылдық, яғни 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспа­ры – көшбасшылыққа жете­лей­тінін айқын көрсетіп берді.  Біз білім саласында жүрген­діктен, келешек ұрпақтың бойына еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді білім мен тәрбие арқылы сіңіру міндетіміз деп санаймыз. Қазақстанның келешегі – бүгінгі оқушы. Ендеше, ертеңгі ел басқарар ұрпақтың еліміздің жаңа ке­зеңдерімен, жаңа жоспарлар­мен жан-жақты хабардар бо­луы өзін мемлекет дамуынан шет қалмайтындығына сені­мін оятады. Ақпараттық технологияны жан-жақты қолдана алатын, ғылымның тың жаңалық­та­рын ашуға мүмкіндігі бар тұл­ғаны тәрбиелеу адам капи­талының бәсекеге қабілетті­лігін арттыруға жеткізеді. Сол үшін де мектепке дейінгі ба­лаларды тәрбиелеу мен оқы­ту­ға зор көңіл бөлінген. 12 жыл­дық оқыту моделі және “интеллектуалдық мектеп­тер­дің” жобасын орындаудың өзі келешекке аса қажетті ма­ман­дар дайындауды меңзейді. Қа­зақстанның келешегі – білімді азамат болуымен қатар, са­ламат­ты өмір салты мен өз ден­саулығына көңіл бөлуі дер едім. Біздің ұжымымызда Ел­басы­ның ұстанған саясатын қол­дайды. Соған дәлел ретінде айта кетсем, мектебімізде “Нұр Отан” ХДП бастауыш пар­тия ұйымы жұмыс атқа­рады. “Нұр Отан” ХДП үшін 2020 Бағдарламасын орындау жұмыстың басты өзегіне айналуы тиіс. Қазақстанның жаңа экономикалық өрлеуін қамтамасыз ету үшін ешкім де сыртта қалмауы қажет екен­дігін Елбасы баса көрсетті. Енді ұстаздар ұжымы Жол­дау­ды жетістіктерге жеткізетін даң­ғыл жол екеніне сенімді және өз тарапынан білім беру саласына тиесілі жоспар­лар­дың нәтижелі орындалуына үлестерін қосады. Ардақ АСАНОВА, Абай атындағы дарынды балаларға арналған  №10 лицей мектебінің ұстазы.  “Нұр Отан” ХДП  бастауыш партия ұйымының төрайымы. Павлодар.