4-ші держава? Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидың айтуынша Шакти деп аталатын миссияның аясында жерден 300 шақырым биіктікте, яғни ғарышта жүрген спутник А-SAT ракетасының күшімен құлатылды. Модидың сөзіне қарасақ, аталған миссия біраз уақыт бұрын жүзеге асқан, бірақ ол туралы енді жарияланды. Оған қоса, Үндістан бұл қадам арқылы өзге елдерге шабуыл жасағысы келмейді. Тек өз қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр.
Әрине, Үндістан осы қадамы арқылы ғарышқа әркімнің-ақ бар таласы екенін көрсетті. Себебі бұл мемлекетте 1947 жылдан бері ғарыш бағдарламасы іске қосылған. Бұған дейін тек қана үш ел – АҚШ, Ресей және Қытай көктегі спутникті атып түсірген. Енді бұл тізімге үнді елі қосылды. Америка мен КСРО сонау 1950-60 жылдары бұл істі орындап тастаған. Ал Қытай тек 2007 жылы ғана өзінің ескі метеорологиялық спутнигін құлатты. Сол үшін олар 4-ші мемлекеттің ғарыш клубына қосылғанын онша жақтыра қойған жоқ. Себебі теориялық тұрғыда енді Үндістан да сол үш елдің көкте қалқып жүрген спутниктерін ракетасымен көздей алады деген сөз. Яғни, бір сөзбен айтқанда ғарышта жаңа бәсекелес пайда болды.
Әлемдік реакция. Үндістанның бұл миссияны орындағанына алғашқы болып Пәкістан наразылық танытты. Екі ел ақпан айында ғана Кашмир штаты үшін қайта қақтығысып қалған еді. Енді үнді елінің әскери әлеуеті арта түсті. Пәкістанның Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мұхамед Файсал «Үндістанның зымыранға қарсы сынақ өткізуі әлем жұртын алаңдатып отыр. Пәкістан ғарышта жанталаса қарулануға өте қарсы. Ғарыш – адамзат үшін ортақ мұра. Сондықтан әрбір ел оны милитаризациялайтын әрекеттерге жол бермеуді жауапкершілік деп қабылдауы керек», деп өз ұстанымын жеткізді. АҚШ-тың дипломаттары қарсылығын танытпаса да, НАСА-ның өкілі «Үндістан спутникті атып түсірген соң ғарышта 400-дей қалдық пайда болды», – деп Нью-Делидің көкті ластағанын жақтырмады. Қытай да Үндістанның спутникті құлата алатын деңгейге жеткеніне қуана қойған жоқ. Өйткені екеуінің арасында кезінде жер үшін соғыс болған әрі Азиядағы ең ірі бәсекелес мемлекеттер саналады. Қытай үкіметінің ресми өкілі «Халықаралық қоғамдастық ғарыштық кеңістікте жанталаса қарулануға жол бермеуді талап етеді, ғарыштық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет» деген сыңайлы пікірін жеткізді.Ғарыш милитаризациясы. Басқа-басқа Қытайдың ғарыш қауіпсіздігі жайлы сөз қозғауы тым артық. Себебі бұл елдің өзі 2007 жылы 865 шақырым биіктіктегі «Фэнъюнь-1C» спутнигін ракетасымен атқылап, көзін жойды. Ал Үндістан құлатқан спутник тек 300 шақырымда еді. Енді осы екі биіктікті, сәйкесінше қос елдің әскери мүмкіндігін салыстыра беріңіз.
Ал енді Үндістан бұл қадамға неге барды дейтін сұрақ туындайды. Жауаптың жартысы жоғарыда жазылды. Әлемге, әсіресе көршілері Қытай мен Пәкістанға өзінің әскери әлеуетін көрсету. Мінез көрсету десе де болады. Ал спутникті жою қандай да бір елге артықшылық бере ме? Әрине, жоқ. Бұл өзіндік державалардың қару сайысы және пиар акциясы деуге келетін шара.Жалпы, ғарыштың милитаризациялануы, яғни космосқа қару шығару ХХ ғасырдың ортасынан бері жүзеге асып келе жатыр. Оның негізін қалаған АҚШ пен КСРО. Мәселен, кезінде КСРО «Алмаз» орбиталық әскери стансасын шығарды. Ол ғарыштан әскери құрылымдарды басқаруға, радиотехникалық барлау жүргізуге арналды. Оған қоса, өзге спутниктердің шабуылынан қорғану үшін стансаға автоматты зеңбірек және Щит-2 ракетасы орнатылды. Яғни, нағыз әскери спутник болған.
АҚШ та қарап қалмады. Президент Рейган уақытында Strategic Defense Initiative, яғни Стратегиялық қорғаныс бастамасы атты бағдарламасын іске қосты. Бағдарламаның мақсаты – ғарышта толық басымдыққа ие болу, химиялық және ядролық лазер қаруларды ғарышқа шығару және қарсыластың зымырандарын ғарыштан атып түсіру еді. Алайда 1980 жылдары бұл міндеттердің орындалуы ғылыми тұрғыда мүмкін болмағандықтан, бағдарлама тоқтатылды.Бүгінде арнайы ғарыш әскері 5 мемлекетте бар деп есептеледі: ол АҚШ, Ресей, Қытай, Франция және Ұлыбритания. Ресей әскери мақсаттағы спутниктерді ғарышқа шығарып, сол ғарыштан төнетін қауіптердің алдын алу үшін 2015 жылы бөлек Әуе-ғарыш әскерін жасақтады. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп биыл ақпан айында Ғарыш әскерін құру туралы бұйрыққа қол қойды. Мақсаты – ғарышта Мәскеу және Пекиннен басым түсу және олардан қорғану.
Ғарыш қауіпсіздігі және тазалығы. Жалпы бүгін Жер орбитасында 1950 спутник бар екен. Оның 830-ы АҚШ-тың меншігі. Қытайда 280 спутник бар, ал Ресейде 147. Шағын ғана Люксембургте 33. Қазақстан да былтыр екі спутнигін Илон Маск компаниясының көмегімен көкке көтерді («Байқоңырымыз» жалға берілген). Осыншама спутниктің өз миссиялары бар. Көпшілігі коммерциялық. Байланыс орнату, ауа райын бақылау және әскери барлау жүргізетіндері де бар. Сол үшін ірі мемлекеттер ғарыш қауіпсіздігіне көп назар аударып жатыр. Айталық АҚШ-тың GPS-жүйесіне жауапты спутниктері атып түсірілсе, жерде қаншама техника, көлік, кеме, ұшақ навигациядан айырылады, апатқа ұшырайды. Сол үшін олар қорғану және шабуыл жасау мақсатында ғарышқа қару шығарудан да бас тартпайды.
Алайда ғарыштағы спутникті атқылаудың үлкен қаупі бар. Ол – ғарышты күл-қоқысқа толтыру. Мәселен, Үндістан спутникті жойған соң аспанда 400 майда бөлік шашырап кетіпті. Ал 2007 жылы Қытай өз спутнигін құлатқанда, бос кеңістікке 2 мыңнан аса қалдық тараған. Ал ол қалдықтар қауіпті ме? Әрине. Себебі олар қазір ғарышта жүрген спутниктерге немесе халықаралық ғарыш стансасына соқтығысуы мүмкін. Ал егер әрбір ғарыштағы күл-қоқыс аспанда үлкен жылдамдықпен қозғалатынын ескерсек, оның соққысы ауыр. Бұл күндері ғарышта 7200 тонна қоқыс айналып жүр екен. Биыл ұзындығы 1 см-ге жетпейтін 128 млн қалдық тіркеліпті және 10 см ұзындау 34 мың қалдық қалқып жүр. Бұл АҚШ, Ресей, Қытай, Еуропа және басқа елдердің ракета, спутниктерінен қалған қоқыстар. Осы қоқыстың жер бетіне жыл сайын 75 мың тоннасы түседі екен. Әрине, оның көпшілігі атмосферада жанып кетеді. Бірақ жерге жететіндері де бар. 1997 жылы АҚШ-тың Оклохомасында тұратын әйелдің иығын сондай спутник қалдығы жаралаған.
Сонымен Үндістанның ғарыштағы спутникті атып түсіруі нені көрсетті? Әлемде ғарыш кеңістігі үшін талас, бәсекелестік одан әрі жалғасып жатыр. Бұрын ғарышты тек технология үшін қолдану туралы түсінік бар еді. Қазір әскери мақсатта пайдалану мәселесі үлкен қарқынмен жүріп жатыр. Оған ғарыш әскерлерінің құрылғаны дәлел. Себебі ғарыш кез келген елге шексіз әскери басымдық беруі мүмкін. Алайда 1967 жылы Ғарышқа қару шығармау, оны тек бейбіт мақсатта қолдану туралы халықаралық келісім жасалған. Ол құжатты қазір ірі державалар пысқыра қоймайтыны көрініп тұр.