Қазақтың аса ірі дастаншысы, өте шебер төкпе ақын-жырауы Майкөт Сандыбайұлы 1837 жылы қазіргі Сарысу ауданының аймағындағы Қаратаудың бөктеріндегі Шабақты өзенінің жағасындағы Бестоғай алқабында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Ұлы жүздің дулатынан тараған ысты, оның Тілік атты атадан өсіп-өнген ұрпақ. Ұлтымыздың ауыз әдебиетінің көрнекті тұлғалары Түбек, Құлыншақ, Бақтыбай, Майлықожамен қатар аталатын Майкөт Сандыбайұлының есімі көпшілікке жеткен. Қашаннан-ақ өркениеттің алтын бесігі болған, неше бір бұлбұлдар мен дүлдүлдер еркін қанат қаққан қасиетті Қаратау топырағында өсіп, халық арасында жиі айтылатын ауызекі жырларды, қисса-эпостарды, аңыз-әндерді жаттап өскен Майкөт елге ерте таныла бастайды. Сөз мәйегіне уызынан жарыған бала шәкірт ауыл молдасының дүбәра оқуын місе тұтпайды. Жасөспірім шағында Қаратаудың күнгейіндегі Шаянға барып, Әппақ Ишан медресесінде сауатын ашады. Кейін оны Шоқай датқа өз қамқорлығына алып, болашағы зор жас ақынға мүмкіншіліктер жасайды. Оның тырнақалды туындысы бір тойда кездескен құдашаларға арналыпты:
Өсіпсің құдашалар бірдей болып,
Аршыған сабағынан гүлдей болып. Болды ма сағынғаннан, сарғайғаннан,Көзіме көрінесің үрдей болып.
Бұл өлеңде кәдімге қазақ ауылының жарасымды әзіл-қалжыңы, назы, бозбала мен бойжеткеннің жүрек лүпілі сезіледі. Зер салсаңыз, таңғаларлық ғажайып сурет емес пе?!
Майкөт жігіт шағында Қаратау өңіріне аты шыққан ағайыны Шоқай датқаның арқасында жақсы ат мініп, жақсы киім киіп, әлденеше нөкер ертіп, салтанатпен ел аралап, сал-серілік құрған. Жасынан-ақ бүкіл Қаратау, Сарыарқа өңіріне, Сыр бойына аты мәшһүр ақын және жырау ретінде танылған екен.
Майкөт Сандыбайұлы Сыпыра жырау, Асан қайғы мен Бұқар жырау дәстүрінің жаңашылдығын жандантып, бұйығылана бастаған рауан рухты қайта оятып, поэзияның ыстық демінің көкіректегі қоламта шоғын үрледі. Майкөт Майлықожа, Құлыншақ, Түбек, Мәделіқожа, Бұдабай, Бақтыбай және басқа жыр тарландарымен айтысып, ақындық биігін шыңдады. Оның Бөлтірікпен сөз қағысуында «Сен түгіл Сүйінбай мен Бақтыбайдың бәпігін Майкөт ағаң басқан, бала» деуіне қарағанда, жасы екі мүшелдей үлкен Сүйінбай Аронұлымен айтысқандағы жыр шоқпарын сүйсінбеу оқу мүмкін емес. Майкөт ақынның біраз шығармалары («Сарыбай асында айтқан құттықтау толғауы», «Жамбылдың Майкөтпен дидарласуы» және де басқа айтыстары) ұлттық поэзия қорына, жыр әлеміне енді.
Ал осы құттықтау толғау, дидарласу қалай өтті дегенге келетін болсақ, 1890 жылы «Дала уәлаяты» газетінде жазылғандай, Алатау аймағының атақты биі Сарыбай Айдосұлы қайтыс болады да, 1891 жылы Майтөбе жайлауында ас болатындығы айтылады. Уағдалы хабарланған уақытта Майтөбеде Үлкенсаз жайлауында Екейдің беделді адамы Сарыбайға ас беріледі. Бұған көрші қырғыз елі, бір жағы Шымкент, Әулиеата, бір жағы Жоңғар Алатауындағы найман, жалайыр, төрдегі албан жұрты шақырылады. Майкөт ақын сайрамдық датқа Бүркітбаймен қырық кісі болып жолға шығады. Жігіттердің мінгені кілең алқымы іспес арғымақ: он боз жорға, он қара жорға, он күрең жорға, он шұбар жорға. Астарындағы аттардың түр-түсіне қарай жігіттер де сән-салтанатпен киініп шығады, сырттарынан қарағанда көз тартатын топ Қарабалтаға жеткенде Бүркітбай датқа науқастанып кері қайтады да, топты Майкөт бастап асқа келеді. Ас жиынының иесі Сүйінбай болады да, ал Жәпек батырдың ұрпағы Қосай Әжібаев асты басқарады. Талай дүлдүл ақын-жыраулар айтысқа түсіп, жиынды қыздырады. Осы асқа отыз кісімен ат терлетіп жеткен Майкөт ақынға кезек келгенде ол қолына домбырасын алып, жыр тиегін селдей ағытады.
Бұл сәтте ас қамында жүрген Жамбыл алыстан ат арылтып келген Майкөттің алдынан дер кезінде шыға алмай қалады. Бұған Майкөт ағалық наз білдіріп, қасына Жамбылды шақырып алдырады. Сол жолы Жамбыл:
Ассалаумағалейкум, Майкөт аға, Естіп даусыңызды келдім жаңа Алдынан үлкендердің өтпейін деп, Аялдап әдеп еттім біраз ғана. Сіз бе еді ақын аға, Майкөт деген, Бір сөзі бір сөзінен қайта өтпеген,– деп жасы үлкен ағаға сәлем бере танысқанда, риза болған Майкөт:
Бәрекелді, Жамбылым, Сөз жүйесін келтірдің Аңғарыңды таныдым, Көтеріліп желпіндім Аталы сөз мәні мол Жылағымды келтірдің, Тал бойыңда бар екен Алыс шабар серпінің. Тауып айтқан сөзіңе, Селт еттім де серпілдім. Мейірім түсті өзіңе, Бата берсем деп тұрмын.– деп Жамбылға ыстық ықылас білдіреді.
Асқа қатысқан көпшілік Майкөттің айтқыштығына риза болып, үлкен қошемет көрсетеді. Асты билеп тұрған Құдайберген ақынға ақбас атан, торы құлынды бие, торы ат, бір мауыты шекпен беріпті. Ол кезде түйе 20 сом, жылқы 15 сом, қой 3 сом екен. Сол жерде аты аталған саңлақтар, бай-шонжарлар, датқа мен болыстардың кемі 10 сомнан сый-қаржы ортаға түседі. Сөйтіп Майкөт бастаған жігіттердің қоржындары ақшаға толады. Сол ас-жиыннан үлкен сый-абыроймен шыққан сері топты қырғыз ағайындар жол бойында Қордайдан қошеметпен күтіп алып, ән-жырын тамашалап, белгілі манаптар ауыл-ауылға қонаққа шақырып, үш жыл бойы қонақ етіпті. Әулеата өңіріне оралғанда олардың алдында үйір-үйір жылқы, қора-қора қой болыпты. Оларын ел-жұртқа таратып беріп, ағайын-туыстарын қарық етіп тастапты.Майкөттің шырқау шеберлігінің танылатын тұсы Құланаяң Құлмамбетпен (1826-1903 ж.ж.) атақты айтысы. Ненің не, кімнің кім, қандайдың қандай ақын екені сол арқылы байқалады. Осы орайда Қазанғап Байболұлы жиған нұсқадан үзінді келтіргеніміз жөн. Қырғызда қара Бәйтік той жасап, соған Құлманбет ақын келіп Майкөт ақынмен екеуі айтысады.
Бәйтік батыр айтыс соңында Майкөтке түйе, Құлмамбетке ат береді. Түйе алған соң Майкөт жеңді болады.
Жамбыл мен Майкөт айтысқан емес. Олар бірін-бірі құрметтеп, сыйласып өтті. Оған Жамбылдың мына жыр жолдары куә. Бақтыбаймен дидарласқан Жамбыл: Қаздай қалқып ерінбей, Өлең тердім жасымнан. Майкөт ақын, Құлмамбет,Орын берді қасынан, –
деп өзін Майкөт пен Құлмамбетке жуық санайды, солардың қатарында ұстайды. Кезінде Кенен Әзірбаев та «Өтеді өмір» атты арнауында:
Мәді мен Майлықожа, Майкөт ақын, Шығарған өнерімен жұртқа даңқын. Махамбет, Шернияз бен Тәттімбеттер,Кім білмес осылардың ардақты атын,
– деп жырлаған. Қырғыз әдебиетінің классигі Тоғалақ молда «Қазақ ақындары» деген толғауында Мәулікей, Жүсіпбек, Сүйінбай, Майкөт ақындарға ерекше зор баға береді.
Тоқпақта, үлкен жиында, Майкөтті көрдім көзіммен. Байқатып өтем сөзіммен, Қаршығадай түйілген,Өзі салдай киінген, –
деп бастап әрі қарай Майкөттің жиырма жастан жүз жасқа дейін жырлаған жырын келтіреді.
Майкөттің есімі тек айтыс өнерінде ғана аталмайды, ол ел ішіндегі аңыз-әңгімелерді есіне сақтап, бізге жеткізуші ақын ретінде танымал жыршы. Бұл да ақиық ақынның еңбекқорлығын, ізденгіштігін, келер ұрпаққа алдындағы азаматтық жауапкершілігін терең сезінгендігін танытса керек. Сондықтан да болар ол айтқан «Көрұғлы» мен «Алпамыстың» нұсқаларын кәсіби мамандардың теңдесі жоқ құбылыс деп санауы бекерден бекер емес. Халық ауыз әдебиетін зерттеуші-ғалым Мырзатай Жолдасбеков өз сөзінде: «Майкөт – аса ірі, өте шебер ақын. Оны оқушы қауым «Құлмамбет айтысынан», «Алпамыс»жырларынан да анық біледі. Ол неше алуан эпостарды, хиссаларды жырлап, байтақ аңыз-әңгімелерді баян еткен. Жамбыл «Көрұғлы сұлтанды» Сарыбайдың асы өткен соң Әулие атаға арнайы іздеп барып, осы Майкөттен үйренген. Майкөт «Көрұғлыны» қырық күн жырлайды екен. Жамбыл он бес күн жырлаған» деп атап көрсеткен болатын. Ал, Майкөт «Алпамысты» (бізге жеткен дастанның арасындағы қара сөздерді қоспағанда 3840 өлең жол) жырлағанда тау суындай сарқырап, бәйгеге салған сәйгүліктей екпіндетіп отырған», дейді.Заңғар сөз зергері Мұхтар Әуезов: «Бір күнде он жеті ақынмен айтысқан Жанақ сол жолдың өзінде «Қозы Көрпеш-Баянды» жаңадан, тыңнан жырлап шыққаны мәлім. Ал айтыстың Майкөт, Сүйінбай, Жамбыл сияқты ірі ақындары, екінші жағынан, ірі дастаншы ақындары болғаны да мәлім.
…Қазақта бұл өңірде сол тұста атақты, дәулескер ақыннан Майкөт ақын, Жалайыр Қабек, Бақтыбай ақын, Құланаяң Құлманбеттер бар» десе, Есмағанбет Ысмайлов: «ХІХ ғасырда белгілі айтыс дәстүрін, айтыс мектебін жасаған Орынбай, Шөже, Жанақ, Әсет, Айсұлу, Сара, Сүйінбай, Майкөт, т.б. ақындар болды», деп жазды өздерінің зерттеу еңбектерінде.
Арқа бойынан шыққан Сеңгірбай батыр «Беклер бегі» дәрежесіне көтерілгенде, «хан ғұзыры» аманат етіліп, «ханжығар», «хан атасы» деген дәрежеге ие болады. Сол кезде желдей жүйрік Майкөт ақын Сеңгірбай жайында былай деп толғаған екен (Р.Бимендина, «Егемен Қазақстан», 13.06.2016): «Сеңгірбай «бек» – «жарғыш» болған Абылайға, Тәубе қыл, әлі де Алла, бір Құдайға. Бөрі-екем! Одан туған батыр болған,Өтірік мақтамаймын, осылай ма?».
Ақынның Бөрі деп отырған адамы – Сеңгірбай батырдың бесінші баласы екен. «Жарғыш» деген сөзді бұрмалап түсініп қалып жүрмеңіздер, ол бұл арада бас кеңесші деген мағынада айтылып отыр. Мұндай зор атақ, дәрежені билердің арасынан Әйтеке би иеленген. Көріп отырсыздар, Майкөт тек Қаратау, Жетісу мен Сыр өңірінде ғана өнер көрсетпей, Сарыарқа елінің де жиі қонағы болғаны белгілі ақын.
Әулиеата өңіріне аты жақсы таныс Сеңкібай батыр Талас өзенінің суын егіндікке пайдалану үшін жергілікті халықты ұйымдастырып тоған-канал қаздырып, оның қысқа мерзімде аяқталуына күш салады. Сөйтіп, бір дүйім елдің егістігін суландырып, жұрттың батасын алады (Сеңкібай каналы соңғы кезге дейін сақталған, батыр есімімен аталады). Сол игілікті істің басы-қасында болған Майкөт ақын былай деп жырға қосады:
Атасы Сеңкібайдың Қабан батыр,
Бақ-дәулет ұрпағына қонып жатыр. Таластан тоған қазып, егін салып,Суландырған даласын о да батыр.
Майкөттің баласы Арқабай ақын (1872-1934) Байзақ ауданында туып-өсті. Әке жолын қуып, өнер сапарымен қазақ, қырғыз, өзбек елдерін аралады, халық ақыны атанды. Ұлбике, Сауытбек, Қылышбай, т.б. ақындармен айтысқан. Бірқатар ел билеуші-болыстарға арнап өлеңдер шығарған. Қырғыз манабы Шәбденнің тойында қазақ, қырғыз ақын-жырауларының бірқатарымен (Жамбыл, Кенен Әзірбаев, Жәміл, Қалмырза, т.б.) өнер жарыстырған. Қобызшы, домбырашы, сырнайшы да болған. Халық дастандарын («Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз Жібек», «Нәрік батыр», т.б.) жатқа айтатын жыршы болған. Арқабайдың өнері, жалпы Майкөт әулетіндегі шығарма дәстүр әзірге дейін арнайы зерттеуге тартылмаған» деген мәліметтер бар.
Дүйсенбек Мұсаевтың дерегіне қарағанда, Арқада 1902 жылы қыста қайтыс болған Майкөтті сол Сарыарқа даласына халқы аманат етіп қойған. Кейін сүйегі Әулиеатаға үлкен құрметпен әкелініп, Сеңкібай қорғанына жерленген. Өкінішке қарай, кеңестік заманда ол қорған жермен жексен етіліп, тегістелініп, суармалы егіндікке айналдырылған. Бірақ жергілікті халық ол жерді әлі де «Сеңкібай қорғаны» деп атағанмен, арнайы еш белгі жоқ.Ақын-жырау М.Сандыбайұлының 190 жылдығы 2014 жылы туған жерінде аталып өтіп, оның есімі Тараз қаласының бір көшесіне берілді. Халық ауыз әдебиетінің қайнар көзі деп саналатын ақындық өнердің майталманы Майкөт жайлы жазылған алғашқы «Жампоз» атты жинақ-еңбек 2004 жылы Алматыдағы «Қазақпарат» баспасынан (құрастырғандар Аян Нысаналин, Серікбек Еркінбекұлы) жарық көріпті. Көлемі 220 беттік кітапта ақын-жыршының қысқаша өмірбаяны келтіріліп, шығармашылығы туралы біраз мәліметтер берілген.
Қазақтың фольклор жинаушысы және зерттеуші Әбубәкір Ахметжанұлы Диваев: «Қаратаудың күллі маржанын алқа етіп тағып алған ақын» деп бағалаған Майкөт Сандыбайұлының мұрасын зерделеу қазіргі ғалымдар арасында қолдау табары сөзсіз.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
ТАРАЗ