Жиынға «Egemen Qazaqstan» газетінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, шолушы Сұңғат Әліпбай, басылымның Мәдениет және руханият бөлімінің меңгерушісі Талғат Батырхан, Еуразия Ұлттық университетінің Саясаттану және журналистика факультеті деканы Қайрат Сақ, білім ордасының ұстаздары, студенттер қатысты.
Іс-шараны ашқан Саясаттану және журналистика факультеті деканы Қ.Сақ «Egemen Qazaqstan» басылымын мерейтойымен құттықтап, еліміздің бас басылымының ел баспасөзі тарихында алатын орны ерекше екенін атап өтті.
Ал өз сөзінде Д.Қыдырәлі білім ордасына осындай игі шара өткізгені үшін алғысын айтып, ақпарат саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ «Egemen Qazaqstan» газеті басып шығарған бірнеше кітапты сыйға тартты.
Жиын барысында С.Әліпбай, Т.Батырхан секілді ақпарат қазанында қайнаған тарлан журналистер өз тәжірибесімен бөлісіп, журналиске қажетті қарым-қабілеттер туралы кеңінен әңгімеледі. Іс-шараға қатысқан студенттер қауымы көкейінде жүрген сауалдарын қойып, оған тұшымды жауаптар алды.