• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2010

ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ САУДА МИНИСТРІНІҢ ИНТЕРНЕТ-КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

742 рет
көрсетілді

2010 жылдың 10 наурызында сағат 15.00-де Bnews.kz порталында Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешевтің қатысуымен “Қазақстанның жаңа индустриялық саясаты” тақырыбында онлайн-конференция өтеді. Сұрақтар www.bnew.kz порталы немесе іnfo@bnews.kz электронды адресі бойынша қабылданады. Сауалдарыңызды қазірден бастап қоя беріңіздер. БАСҚАРУШЫ ОРТАЛЫҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ САПАРЫ Бақберген АМАЛБЕК. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында алға қойылған міндет­­терді жүзеге асыру мақсатында рес­публикалық басқарушы орталық құ­рылғаны белгілі. Премьер-Ми­­нистрдің бірінші орынбасары Ө.Шө­кеев жетекшілік ететін бұл құрылым елі­міздің индустриялық-инновациялық жедел даму бағдарламасын үйлес­ті­ретін болады. Кеше бірінші Вице-премьер Өмірзақ Шөкеев бастаған жедел топ аталған бағдарламалардың орындалу барысымен танысу мақсатында Ақ­­мола облысында болды. Астаналық өңірдің­ инвестициялық тартымды­лығы айрықша екендігі талас ту­дыр­майды. Мәселе – мүмкіндікті тиімді пайдалана білуде. Құрамына Үкімет мүшелерін, даму инсти­тут­тарының өкілдерін біріктіретін Басқарушы органның жұмыс сапары аталған өңірден басталуы кездей­соқ­тық емес. Мұнда агрокешен және өнеркәсіптік салада, заманалық қайта өңдеу индустриясы мен турис­тік кластерді қалыптастыруда экономикалық өрлеу орталықтары бой көрсете бастады. Елбасы Жолдауында заман тала­бындағы қарымды қадамдарды қуаттандыра түсу тапсырмасы қой­ылды. Облыс әкімі Альберт Раудың баяндауынша, биыл ақмолалықтар 1 шілдеге дейін 76 миллиард теңгенің бес инвестициялық жобасын, ал жылдың екінші жартысында 5 мил­лиард теңгені құрайтын үш жобаны жүзеге асыратын болады. Жедел топ жетекшісі Ө.Шөкеев, осы орайда, “Өркен”, “Бауманская-07”, “Остро­горский”, “Айс Фуд Астана”, “Астана Агропродукт” ЖШС басшыларының жеке есептерін тыңдады. Делегация мүшелері Қазақстан республикасын индустрияландыру картасына енген “Степногор под­щипник зауыты” акционерлік қоға­мында, “Қазатомөнеркәсіп” бірлескен кә­сіпорнында, “Жылыжай техно­ло­гиясы” жауапкершілігі шектеулі се­ріктестігінде, Еңбекшілдер ау­да­нындағы “Қазгер-Құс” АҚ, сондай-ақ құрылысы жүріп жатқан “Көк­ше-цемент” кәсіпорнында болды. Үкімет басшысының бірінші ор­ын­басары Ө.Шөкеев облыс әкім­дігінде тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лықты нығайту, тауарлар мен қыз­мет­терді ұсынудағы қа­зақ­стандық үлесті ұлғайту сияқты ма­ңыз­ды мәселелерді қарастырған мә­жіліс өткізді. Мұнда елдің индус­триялық-инновациялық дамуының бес жылдық бағдарламасын табыс­ты орындау жолында бәсеке­лес­тікке қабілетті және жоғары техно­логиялы бизнес-бастамашылдыққа өріс ашылып, көмек-қолдау көрсе­тілетіні атап өтілді. Ақмола облысы. КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ Жақында Токио қала­сында Қазақстанның Жа­пониядағы елшісі Ақылбек Камалдинов пен Жапония Сыртқы істер министрі Кацуя Окада Қазақстан Үкі­меті мен Жапония Үкі­меті арасындағы Атом эн­ер­гиясын бейбіт мақсатта пай­далану саласындағы ын­тымақтастық туралы келі­сімге қол қойды. Аталмыш келісімге Қа­зақстан Президенті Н.Ә.На­зарбаевтың 2008 жылы Жапонияға жасаған ресми сапары мен 2006 жылы Жапония Премьер-министрі Д.Коидзумидің Қазақстанға жасаған сапары бары­сын­дағы жоғары деңгейдегі уағдаластықтар нәтижесінде қол жеткізілген болатын. Келісім екі ел арасын­дағы атом энергиясы са­ла­сындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған не­гізгі құжат болып табылады және Қазақстан мен Жа­пония арасындағы страте­гиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға қызмет ететін болады, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі. ДЕНЕ ТӘРБИЕСІНЕ ДЕН ҚОЙМАУ – ҚАТЕЛІК Александр ТАСБОЛАТОВ. Бас прокуратураның мәліметіне қарағанда, еліміздің мектептерінде оқушылардың дене шынықтыру тәрбиесін алуы талапқа сай емес. Бұл міндетті сапалы орындау үшін дене шынықтыру және спорт саласында бірізді мемлекеттік саясат жүзеге асырылуы қажет. Өйткені, Мемлекет басшысы үстіміздегі жылғы Жолдауында халық денсаулығы – ол Қазақ­станның өзінің стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі деп атай келе, бұқаралық дене шынықтыру-спорттық қозғалысын дамыту адам жасын ұзартуда өте маңызды мақсат екендігін қадап айтты. Алайда, Бас прокуратура тарапынан балалардың мектеп қабырғасында дене шынықтыру тәрбиесін алу құқықтарының сақталуы жағдайына талдау жүргізілгенде көптеген келеңсіз жәйттер анықталды. Талдау дене шынықтыруды өткізудің 3 сағаттық апталық мөлшері барлық жерлерде орындалмайтындығын, мүмкіндігі шектелген балалардың арнайы медициналық топтарда спортпен шұғылдануға құқықтары сақтал­май­тындығын, спорттық залдардың көпшілігінің қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіндігін, ал кейбір мектептерде олардың мүлдем жоқтығын, спорттық жабдықтардың жетіспеушілігін, сондай-ақ бірқатар мектептерде кәсіби педа­го­гикалық білімі жоқ адамдардың дене шы­нықтыру сабақтарын өткізуге тарты­латындығын көрсетті, дейді Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков. Мәселен, Жамбыл облысының Талас ауданында 29 мектептің 16-сында спорт залдар мүлдем жоқ. Бұл мәселе тек ауылдық жерлерде ғана емес, Қызылорда қаласының 4 мектебінің спорт залдары апатты жағдайда тұр, 6-уында спорт залдың болуы тіпті мектеп құрылысының жобасында да көзделмеген. Сол сияқты еліміздің көптеген мектептерінде бассейндердің және шаңғы базаларының әлі күнге жоқтығы жанға батады. Мұндай жағдайда еліміздің болашағы жастардың денсаулығын қайтіп жақсартуға, шынықтыруға болады? Бұған тиісті орындар не дейді екен? Тіпті, бірқатар мектептерде қолданылатын спорттық құралдар ондаған жыл бұрын алы­нып, тозған және әрі қарай пайдалануға жат­пайды. Мәселен, Қарағанды облысы Қаражал қаласының №6 мектебінде тек доп пен шаңғы ғана бар, олардың өзі істен шыққан. Ал кәмелетке толмағандарды дене шы­нық­тыруға тәрбиелеудегі кең тараған кемшіліктің бірі жүйке және дене өсіп-жетілуіндегі әртүрлі ауытқулары бар балалармен жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы болып табылады. Олар тек сабақтан ғана босатылады, бірақ ағзаға жағымды әсер ететін дене шынық­ты­ру­мен айналысудың маңыздылығы ескерілмейді. Ал заңнамаға сай оларға арналған арнайы емдік дене шынықтыру топтары ұйымдастырылуы тиіс еді. Ол шара қолға алынар емес. САРДАРЛАРДЫҢ  КӨКТЕМГЕ ШАШУЫ Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ. 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне және 16 наурызда болатын Республикалық ұланның құрылғанына орай елордадағы 0112-әскери бөлімде алғаш рет сардарлар би кеші ұйымдастырылды. Республикалық ұланда жұмыс істейтін нәзік жандар мен әскери қызметкерлердің зайып­тарына арналған бұл би кешіне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Әбдірайым бастаған оқытушылар мен студенттер де қатысты. Салтанатты мерекелік кеш барысында Республикалық ұлан қолбасшысы, генерал-лейтенант Абай Тасболатов сөз сөйлеп, офицерлердің зайыптары мен жиналған қыз-келіншектерді көктемнің алғашқы мерекесі болып табылатын 8 наурыз – Әйелдер мерекесі күнімен құттықтады. Би кешіне қатысқан оқытушылар мен студенттер, сонымен қатар 0112-әскери бөлімнің тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтты. Әйелдер қауымына арналған бұл кеш оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлағанын осы шараға қатысушы қыз-келіншектердің жүзіндегі көктемнің шуағындай шаттық күлкілерінен байқалады. Қоғамда әскери қызметтің беделін арттыру мақсатында болашақта осындай мәдени кештер өз жалғасын таппақ. ОБЛЫСҚА  ЕЛШІЛЕР КЕЛДІ Фарида БЫҚАЙ. Құрамында Норбер Жустен, Ренее Жустен-Янссен және еліміздегі Испания Корольдігінің  елшісі Альберто Антон Кортес, Польша Рес­пуб­ликасының  елшісі Павел Чеплак бар Еуро­одақтың Қазақстандағы өкілдігінің делегациясы облыс орталығында болып, бірқатар кездесулер өткізді. Облысқа келудегі негізгі мақсаттары – ЕҚЫҰ секілді беделді Ұйымға биылғы жылы төрағалық етіп отырған еліміздің өзге елдермен халықаралық қатынастардағы өзара әріптестік және ынтымақтастығы осы жерде қызмет атқарып жүрген елшіліктер арқылы да дамып, берік негіз қалайтындарын жеткізу болды. Біздің еліміздің азаматтық қоғамды дамыту, үкіметтік емес ұйымдарды қолдау бағытындағы жұмыстары мен көптеген этнос өкілдерінің татулықта өмір сүріп жатқан тірліктеріне басқа елдер қызығушылық танытуда. Мысалы, бұл күндері елшілер сапарлап келген біздің облыста 400-ден астам үкіметтік емес ұйым, 131 бұқаралық ақпарат құралы, 10  саяси партия өкілдіктері, 18 діни конфессиялық бірлестік бар. Өндірісті облыс болғандықтан, мәшине жасау саласы бойынша Германия, Италия, Польша, Франция сияқты елдермен эконо­микалық әріптестік берік орнығып келеді. Мәртебелі қонақтар облыс орталығындағы жоғары оқу орындарындағы, “Десента” қоғамдық бірлестігіндегі кездесулерге қатысып, “РубиКом” сауда үйін аралап көрді. Павлодар облысы.