Сенбі, 14 сәуір 2012 7:41
Театр киім ілгіштен басталса, әділдік пен ар тазалығы, кәсіби деңгей мен моральдық бітім-болмыстың биіктігі, ең алдымен, осы әділдік пен заңдылықты қорғауға тиісті қызметкерлердің өзінен басталуға тиіс. Егер расында да, олар атқарып жүрген қызметіне сай болмаса, бүгінгі биік талаптар үдесінен көріне алмаса, қоғам мүшелері мен жұртшылық арасында әртүрлі түсінбестіктер туындайды.
Сенбі, 14 сәуір 2012 7:41
Театр киім ілгіштен басталса, әділдік пен ар тазалығы, кәсіби деңгей мен моральдық бітім-болмыстың биіктігі, ең алдымен, осы әділдік пен заңдылықты қорғауға тиісті қызметкерлердің өзінен басталуға тиіс. Егер расында да, олар атқарып жүрген қызметіне сай болмаса, бүгінгі биік талаптар үдесінен көріне алмаса, қоғам мүшелері мен жұртшылық арасында әртүрлі түсінбестіктер туындайды
Сөз жоқ, үлгілі, ала жіпті аттап өтуге ар-ожданы жібермейтін құқық қорғау қызметкерлері жетерлік. Сонымен бірге, бес саусақ бірдей емес дегендей, олардың арасында өздері қызмет істеп жүрген органның абыройы мен беделіне дақ түсіретіндері де кездеседі. Міне, осындай өресі төмен, ойы шолақ қызметкерлерді кезектен тыс аттестациядан өткізу туралы Елбасы Жарлығы көкейде жүрген ойымызды дөп басқандай болды.
Жарлық жолдарымен танысып шыққан кезімізде оның бұған дейінгі аттестаттау талаптарымен салыстыра қарағанда бірнеше артықшылықтары мен өзгешеліктері бар екенін байқадық. Оның бірінші артықшылығы, жалпыхалықтық сипат алатыны дер едім. Өйткені, аттестаттау жөніндегі барлық комиссиялардың құрамына жұртшылық пен партиялар, ардагерлер ұйымдары мен БАҚ өкілдері кіреді екен. Бұл жәйт аттестаттаудың мәртебесін, өрісі мен шеңберін ұлғайтып, жауапты істе жариялылықтың кең түрде салтанат құруына септігін тигізе алады. Сондай-ақ, аттестаттаудың үш кезеңнен тұруының өзі де оның жауапкершілігі мен салмағын көтере түседі деген ойдамын.
Кез келген қоғамды жегі құрттай кеулеп жеуге бейім тұратын жемқорлық дертімен күрестің мәні мен маңызының әрі сапалық деңгейінің артуына да республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шығарған Жарлық көмектесе алады деп санаймыз. Өйткені, сенген қойым сен болсаң дегендей, тамыр-таныстық пен жең ұшынан жалғасу көріністері өзге емес, құқық қорғау қызметкерлері арасында орын алатын болса, қоғам үшін аса қауіпті.
Түйіп айтқанда, отаншылдық сезімі жоғары, адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісінде қашанда қағидатты көзқарас таныта білетіндер ғана орган абыройын асқақтата алады. Осынау орны бөлек аттестация жоғарыда айтылғандай, лайықты қызметкерлерді іріктеп, сүзгіден өткізеді деген сенім мол.
Жеңіс ХАФИЗОВ, Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы жанындағы ардагерлер ұйымының төрағасы.
ОРАЛ.